Ақ халат пен арман: АҚШ-тағы қазақ дәрігерінің жолы

  • 10:44, 08 тамыз 2025
Ақ халат пен арман: АҚШ-тағы қазақ дәрігерінің жолы Кейіпкердің жеке архивінен

Бұл - Алматының қарапайым медицина факультетіне оқуға түсіп, қазір АҚШ-тың ең үздік ауруханаларының бірінде жұмыс істейтін қазақ жігітінің хикаясы.

Бүгінде Садыр Шорман – Вашингтондағы жетекші медициналық клиникалардың бірінде тәжірибеден өткен, Inova Health System секілді мекемелерде жұмыс істеп, америкалық денсаулық сақтау жүйесінде өзін дәлелдеп жүрген маман. Бірақ бәрі неден басталды?

"Медицинаға деген қызығушылығым аурухана төсегінде оянды"

Балалық шағында ұзақ ем алған бозбала дәрігерлердің жұмысына алғаш рет сол кезде үңілген. Науқас палатасындағы жай-күйді бақылап, медбикелерге көмектесіп жүрген шағында-ақ ішкі бір шешім қабылдаған: "Бір күні мен де көмектесе алатын маман боламын".

Отбасында медицина саласынан ешкім болмаған. Бірақ дәл осы ішкі қажеттілік, жүректегі уәде оны ақ халаттылар қатарына әкелді.

"Ауруханада жатқанда палатадағы науқастардың жағдайын бақылап, кімнің системаcы бітті, кімге не қажет – бәрін медбикелерге айтып, көмектесіп жүрдім. Өзімді кішкентай "волонтер" секілді сезіндім. Осы тәжірибе менің медицинаға деген қызығушылығымның алғашқы ұшқыны болды. Біздің отбасымызда ешқашан дәрігер болмаған. Үйде ата-апам ауырғанда, қолымнан ештеңе келмей, тек сырттай уайымдап отыра беретін сәттер жүрегімде із қалдырды. Сол кездерде мен өз-өзіме уәде бердім: бір күні мен отбасыма, жақындарыма, халқымa көмектесе алатын маман боламын. Осылайша мен дәрігер болуға бел будым. Бұл - жай мамандық емес, мен үшін өмірлік миссия", - дейді ол.

Пандемия – нағыз мектеп

Кейіпкердің дәрігерлік жолындағы алғашқы қадамы санитар болудан басталды. COVID-19 өршіп тұрған шақта Алматыдағы №4 ауруханада тәулікпен санаспаған күндер, шұғыл операциялар, күтпеген жағдайлар – жас маманның бойындағы сенім мен шыдамды ширықтыра түсті.

"Әр минут – бір тағдыр. Қиындық көп болды, бірақ дәл сол күндер мені тұлға ретінде қалыптастырды," – дейді кейіпкер.

Медицина - ұлт таңдамайды

Америкада түрлі ұлттың өкілдері бір миссия жолында бірігеді, бұл - адам өмірін сақтау. Бұл жерде сені ұлтыңа емес, кәсіби қабілетіңе қарап бағалайды.

Бірақ оңай болды деп ойласаңыз, қателесесіз. Қазақстанда алған білімін халықаралық деңгейде дәлелдеу үшін ол USMLE сияқты көпсатылы емтихандардан өтіп, біліктілігін нақтылады.

"USMLE – есікті ашатын кілт. Бірақ сол есіктің ар жағындағы әлемге дайын болу – әркімнің өз жауапкершілігі."

Санаулы секунд – бүтін өмір

Кейіпкердің айтуынша, Inova Health System-де ориентациялық аптаның бірінде жедел жәрдеммен ауыр жағдайдағы науқас жеткізіледі. Бірнеше минут ішінде жүрек соғысы тоқтайды. Жаңа ғана келген жас маман BLS сертификатының көмегімен дереу жүрекке жанама массаж жасай бастайды.

"Сол сәтте тоқтасам – бәрі бітеді. Мен жалғастыра бердім," – дейді ол. Командалық үйлесім нәтижесінде жүрек соғысы қалпына келіп, науқас аман қалды.

Ота үстіндегі ең ауыр шешім

COVID кезінде ауыр пневмониямен түскен жүкті әйелдің жағдайы комаға дейін нашарлайды. ЭКО арқылы күтіп жүрген егізін аман алып қалу үшін түн ішінде шұғыл кесар тілігі жасалады. Сәбилер тірі, бірақ ана аман қалмады.

"Иә, бір сәт емес - бір өмірлік таңба болып қалған оқиға бар. Бұл жағдай менің жадымда ғана емес, жүрегімде мәңгі сақталады. COVID кезінде ауыр пневмониямен түскен жүкті әйел келді. Көп жылдар бойы бала көтере алмай, ақыры ЭКО арқылы егіз бала күтіп жүрген. Бірақ өкінішке қарай, жағдайы күрт нашарлап, комаға түсті. Ол кеште шұғыл кесар тілігін жасау қажет болды. Операциялық залда 25-тей адам – акушерлер, анестезиологтар, неонатологтар, реаниматологтар – бәрі бір ғана мақсатпен жиналды: ана мен балаларды аман алып қалу. Сәбилер аман-есен дүниеге келді. Бірақ ана өмірі үшін қанша күрескенімізбен, оны сақтап қала алмадық. Сол күннен бастап мен медицинаға басқа көзбен қарай бастадым. Әр шешімнің артында адам тағдыры тұр"

Медицина – ұжымдық шешім

Inova секілді мекемелерде көпсалалы топпен жұмыс істеу тәжірибесі – күнделікті үрдіс. Диагноз бір маманның емес, терапевттен бастап, психологқа дейінгі мамандардың ортақ шешімімен қойылады. Бұл – қатені азайтып, емдеу сапасын арттыратын әдіс.

Біліктілік оқулықтан тыс қалыптасады

Америкада симуляциялық тренингтер дәрігерлердің кәсіби біліктілігін арттыруда маңызды рөл атқарады. Реалистік жағдайларға негізделген жаттығулар – шешім қабылдау жылдамдығын, командалық әрекетті жетілдіреді.

"Қателесуден қорықпау керек. Симуляция арқылы үйренсең – нақты жағдайда сенімді қимылдайсың."

Тіл – емтихан үшін емес, мүмкіндік үшін

Ағылшын тілі – тест үшін емес, әлемдік кәсіби ортаға жол ашатын құрал. Медициналық подкасттар, халықаралық журналдар, конференциялар – бәрі тілді білетін маманға ғана қолжетімді.

"Мен тіл үйренуді әннің мәтінінен бастадым. Кейін бұл қызығушылық кәсіби мотивацияға ұласты."

Садыр Шорман дәрігер болғысы келіп жүрген жастарға кеңес берді. 

Медицина – бұл тек оқулықты жаттап, емтихан тапсырумен шектелмейтін сала. Бұл – life-long learning, яғни өмір бойғы үздіксіз білім мен тәжірибеге негізделген мамандық. Қазіргі таңда тиімді дәрігер болу үшін клиникалық тәжірибеден бөлек, дәлелді медицина (evidence-based medicine), интердисциплинарлық әдіс, эмпатиялық коммуникация, және цифрлық сауаттылық сынды бағыттарды қатар меңгеру қажет.

Тек практикамен шектелмеңіз. Өзіңізді әрқашан жаңа білімге ашық ұстаңыз. Клиникалық тәжірибе – маңызды, бірақ заманауи әдістерді білмейінше, кәсіби тұрғыда өсу баяулайды.

Волонтерлік жобаларға қатысыңыз. Бұл сізге науқаспен тіл табысу, шынайы жағдайларда әрекет ету дағдыларын дамытуға көмектеседі. 

Медициналық ағылшын тілін үйреніңіз. Бұл сізге халықаралық контентке, ғылыми мақалаларға, PubMed, UpToDate, BMJ Learning платформаларындағы материалдарға қол жеткізуге жол ашады. 

Кәсіби подкасттар мен вебинарларды тыңдаңыз. Тәжірибелі дәрігерлер мен ғалымдардың пікірлері арқылы ой көкжиегіңіз кеңейеді.

Халықаралық форумдар мен конференцияларға қосылыңыз. World Medical Association, European Society of Cardiology, American Medical Association секілді ұйымдардың ашық іс-шаралары сізге нетворкинг пен шетелдік әріптестермен байланыс орнатуға мүмкіндік береді.

Симуляциялық тренингтер мен кәсіби біліктілік бағдарламаларынан өтіңіз. Бұл – клиникалық ситуацияларды тәжірибе жүзінде меңгерудің ең тиімді жолы.

"Егер маған шексіз мүмкінді берілсе..."

"Егер маған шексіз мүмкіндік берілсе, қазақ медицинасына ең алдымен жүйелік өзгеріс әкелуге тырысар едім. Бұл тек жаңа технологиялар немесе заманауи аппараттар емес  ең алдымен, адамның капиталына инвестиция. Яғни, жас мамандарды қолдау, халықаралық тәжірибеге жол ашу, үздіксіз білім беру жүйесін құру. Медицина -  бұл тек диагноз қою мен ем жазып беру емес, бұл -  сенім мен сенімділік жүйесі. Қазақстанда осы сенімді қайта қалпына келтіру үшін дәрігерлердің беделін көтеріп, еңбекақысын лайықты деңгейге жеткізу керек деп есептеймін. Тағы бір маңызды мәселе - ауыл медицинасы. Ауылды жерде де адам өмірі қаладағыдай бағалы. Сондықтан медициналық қызметтің сапасы тек үлкен қалаларда емес, шалғай аймақтарда да тең дәрежеде болуы керек. Ақыры мүмкіндік шексіз делінсе -  қазақ медициналық білімін әлемдік деңгейге шығарғым келеді", - дейді ол. 

Суреттер кейіпкердің жеке архивінен алынды

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

14:04

13:50

12:27

12:24

11:50

11:38

11:37

11:07

10:44

10:30

09:40

21:05

19:47

17:35

16:15

15:10

15:01

14:30

13:09

12:50

11:52

11:31

11:27

11:24

11:12