Бостандық ауданында әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту жұмысы жалғасып жатыр. Биыл ауданда білім беру, мектепке дейінгі тәрбие мен медициналық қызмет көрсету саласындағы жаңа және жаңартылған нысандар пайдалануға берілді, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте аудан әкімі Азамат Қалдыбеков осыларға толығырақ тоқталды.
Негізгі жобаның бірі – №73 мектепті кеңейту. Биылғы оқу жылында бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында іске асырылған 450 орындық қосымша ғимарат пайдалануға берілді.
Аудандағы Балағашыл шағын ауданында №2 Балаларды қолдау орталығы салынып жатыр. Жұмыс кестеге сәйкес жүргізіп, алдағы желтоқсанда аяқтау жоспарланған. Кешенде балалардың тұруына, білім алып, оңалуына қажетті жағдай жасалған. Нысанға іргелес аумақ та абаттандырылады.
«Білім басқармасының тапсырысы бойынша №60 мектепке қайта жаңғырту жұмысы жүргізіліп, Республикалық физика-математика мектебінің тарихи ғимараты жаңғыртылды», – деп хабарлады жиында аудан әкімі.
Оның айтуынша, мектепке дейінгі білім беру саласында №89 бөбекжай-бақшасында күрделі жөндеу мене сейсмикалық күшейту жұмысы аяқталды. Сонымен қатар аудан жеке секторды тарту жұмысын жалғастырып жатыр. Соңғы бір жылда 900-ден астам орынға арналған 20 жекеменшік балабақша ашылды. 72 жекеменшік балабақшада 4 364 орынға мемлекеттік білім беру тапсырысы орналастырылған.
Аудан әкімі өз баяндамасында медициналық инфрақұрылымды дамытуға да тоқталды. 2026 жылғы маусымда Серкебаев көшесі, 105 мекенжайында №37 жаңа қалалық емхана ашылды. Медициналық мекеме ауысымына 500 адамды қабылдауға есептелген.
Тағы бір жоба «Нұр Алатау» шағын ауданында жүзеге асады. Мұнда ауысымына 500 адам қабылдайтын емхана салу үшін жер учаскесі бөлінді. Қазіргі уақытта жобалық-сметалық құжаттама қайта мемлекеттік сараптамадан өткізу үшін пысықталып жатыр. Әзірге құрылыс-монтаж жұмысы басталған жоқ, – деді Азамат Қалдыбеков.