Кәсіби парашютші Олег Тощев әуеде парашютпен секіру кезінде Қазақстанның ең үлкен Туын желбірете жайды.
Нәтиже Қазақстанның рекордтар кітабына енді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz
Тудың көлемі 800 шаршы метрді құрайды. Айта кетсек, елорданың басты флагшток тұғырында көтерілетін ең үлкен Тудың көлемі 450 шаршы метр. Аспанды бағындырған Ту осы бірегей оқиғаға арнайы жасалған.
«Бүгін біз еліміздің ең үлкен Туының Алматы аспанында қалай желбірегеніне куә болдық. Осы сәттің куәгері және бір бөлігі болу, еліміздің бірлігі мен асқақ рухын сезіну мен үшін шынымен бақыт», - деді KINES Қазақстан рекордтар кітабының өкілі Қуандық Құдайбергенов.
Ол секірудің қиындығын да атап өтті.
«Бұл - шын мәнінде, өте қауіпті трюк, өйткені мұндай биіктікте парашютпен секірушілер қатты соққан желге тап болуы мүмкін. Жүктің салмағын ескере отырып, секіру өте қиын деп айта аламыз. Мұндай әрекет бұрын әлемде қолданылған, бірақ Қазақстанда алғаш рет болып отыр», - деп қосты Құдайбергенов.
Акцияны еліміздің мәдени-әлеуметтік дамуына қолдау көрсетіп жүрген кәсіпкерлер, меценаттар бастаған бастамашыл топ ұйымдастырды.
Ұйымдастырушылардың бірі Жомарт Қиястың айтуынша, бұл акцияның мақсаты – барша қазақстандықтардың патриоттық рухын арттыру және нығайту, сондай-ақ ұлтына қарамастан бір-біріне деген толерантты көзқарасты, бейбіт аспан ұғымын сақтау.
«Қазір көп ел үшін Қазақстан тыныштық пен бейбітшіліктің тірегі болып саналады, мұны барлық шетелдік қауымдастықтың өкілдері растайды. Еліміздің ең үлкен Туының желбіреуі терең ойды және еліміздегі барша халықтың біртұтас бейбіт аспан астындағы бірлігін білдіреді», – деді Жомарт Қияс.