Тізілімге енгізу үшін төрт санат қарастырылған, деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Алматыда әлеуметтік мәселені шешетін, халықтың әлеуметтік осал санатына жұмыс орнын ашатын немесе білім беру, мәдениет, экология мен әлеуметтік қолдау саласында жұмыс істейтін кәсіпкерлер 5 млн теңгеге дейін мемлекеттік грант ала алады. Сонымен қатар әлеуметтік кәсіпкер мәртебесі арқылы жеңілдікпен жалға алып, субсидияланатын несиеге қол жеткізе алады. Әлеуметтік кәсіпкерлер тізіміне кімдер кіре алатыны, мемлекеттік қолдауды қалай алуға болатыны туралы Өңірлік коммуникациялар қызметіндегі брифингте Алматының Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының ШОБ бөлімінің бас маманы Әсет Әмірбек айтып берді.
Кәсіпкерлік нысанына жатпайтын жеке кәсіпкер мен заңды тұлға белгіленген талапқа сәйкесе алған жағдайда әлеуметтік кәсіпкер мәртебесін ала алады.
Әлеуметтік кәсіпкерлік әлеуметтік осал санаттағы азаматтарды жұмыспен қамтитын бизнес қана емес. Тізілімге сондай-ақ әлеуметтік осал топ өкілдері өндірген тауарларды, жұмысты немесе қызметті өткізетін, сондай-ақ қоғамдық маңызы бар салада жұмыс істейтін кәсіпкерлер де кіре алады.
Оған білім беру, әлеуметтік, медициналық көмек көрсету, оңалту, отбасы мен балалық шақты қолдау, балалардың демалысын ұйымдастыру, мәдени-ағарту қызметі, қоршаған ортаны қорғау мен басқа да бағыттар жатады.
«Тізілімге енгізу кәсіпкерге әлеуметтік кәсіпкерлік субъектісінің ресми мәртебесі мен мемлекеттік қолдаудың арнаулы шараларын пайдалану мүмкіндігін береді. Бұл тек 5 млн теңгеге дейінгі грантпен шектелмейді. Сондай-ақ жеңілдікті жалға алу мен жеңілдікті несие беру тетіктері қарастырылған. Сондықтан бұл мәртебе әлеуметтік маңызы бар бизнесті дамыту үшін қосымша ресурс бола алады», – дейді Әсет Әмірбек.
Тізілімге енгізу үшін төрт санат қарастырылған.
Бірінші санатқа әлеуметтік осал азаматтарды жұмыспен қамтитын кәсіпкерлер жатады. Олардың қатарында мүгедектігі бар адамдар, мүгедектігі бар баланың ата-анасы мен қамқоршысы, зейнеткерлер мен зейнет жасының алдындағы азаматтар, 16-дан 23 жасқа дейінгі балалар үйлерінің тәрбиеленушілері, аз қамтылған, көпбалалы және толық емес отбасылардың өкілдері, босап шыққаннан кейінгі бір жыл ішінде бұрын сотталған азаматтар, белгілі бір тұрғылықты жері жоқ, тәуелділіктен оңалтудан өткен адамдар, сондай-ақ қандастар бар.
Бұл ретте мұндай кәсіпорын қызметкерлерінің кемінде 50%-ы әлеуметтік осал санаттарға жатуы тиіс, әрі олардың саны кемінде екі адам болуы қажет. Олардың еңбекақысына жалпы еңбек ақы қорының кемінде 25%-ы жұмсалуы тиіс.
Екінші санат әлеуметтік осал топ өкілдері өндірген тауарларды, жұмысты немесе қызметті өткізетін кәсіпкерлерді қамтиды.
Үшінші санатқа осындай азаматтарға әлеуметтік, медициналық, психологиялық, білім беру, оңалту мен басқа да қызметті тікелей көрсететін бизнес нысандары кірген.
Төртінші санат қызметі қоғамдық маңызы бар мәселені шешуге бағытталған кәсіпорындарға арналған. Бұған, мысалы, жекеменшік білім беру ұйымдары, шығармашылық шеберханалар, музей, театр, кітапхана, қоршаған ортаны қорғау жобасы, ана мен баланы қолдау саласындағы ұйымдар жатады.
Тізілімге енгізуге арналған өтініш тоқсанына бір рет кәсіпорынның тіркелген жері бойынша қабылданады. Құжат тапсыру кезінде бизнес кемінде бір жыл жұмыс істеген болуы керек. Өтініш пен қажетті құжат қағаз түрінде қабылданады.
«Кәсіпкердің ең алдымен қызметінің төрт санаттың қайсысына жататынын анықтауы керек. Құжаттар тізімі мен расталуы тиіс талаптар осыған байланысты болады. Егер кәсіпкерді тізілімге енгізуден бас тартылса, бұл ескертуді жойып, келесі комиссия отырысына қайта өтініш беруге мүмкіндік бермейді деген сөз емес», – деп түсіндірді спикер.
Әлеуметтік кәсіпкерлер үшін ең сұранысқа ие қолдау шараларының бірі – мемлекеттік гранттар. Бір жобаға берілетін гранттың ең жоғары мөлшері 5 млн теңгені құрайды және ол қайтарымсыз негізде беріледі. Оған әлеуметтік кәсіпкерлік нысандары, сондай-ақ «Бір ауыл – бір өнім» бағдарламасының финалистері болған шағын және орта бизнес өкілдері үміткер бола алады.
Кәсіпкерлер грантқа өтінішті kezekte.kz порталы арқылы береді. Құжаттары тексерілгеннен кейін жобаны құрамына қоғамдық ұйымдардың өкілдері, кәсіпкерлер мен тәуелсіз сарапшылар кіретін байқау комиссиясы қарайды. Кәсіпкер бизнес-жобасын өзі жеке таныстырып, қорғауы тиіс. Қорғау офлайн немесе бейнеконференция арқылы өтуі мүмкін.
Міндетті талаптың бірі – грант сомасының кемінде 20%-ы көлемінде қоса қаржыландыру. Жоба жаңа жұмыс орнын ашуды да көздеуі керек. Оны іске асыру мерзімі 18 айдан аспауы тиіс.
«5 млн теңгеге дейінгі грант қайтарымсыз грант, егер кәсіпкер қаражатты қатаң түрде мақсатты бағытта пайдаланса. Ақша қолма-қол берілмейді, бизнес-жобаға сәйкес контрагенттің шотына аудару арқылы қолма-қол ақшасыз төлем түрінде жұмсалады. 18 айдан кейін қаражатты қалай жаратып жатқанына бақылау жсалады. Сондықтан кәсіпкер мемлекеттік қолдауды қандай мақсатқа бағыттайтынын бастапқы кезеңде нақты түсінуі керек», – дейді Әсет Әмірбек.
Мемлекеттік қолдаудың тағы бір түрі – «СПК «Алматы» АҚ арқылы тұрғын емес үй-жайды жеңілдікпен жалға алу. Әлеуметтік кәсіпкерлер үшін жалдау ақысы айына бір шаршы метрге 0,1 АЕК мөлшерінде белгіленген. Үй-жай сатып алу құқығынсыз үш жылға дейінгі мерзімге берілуі мүмкін. Нысанды байқау арқылы береді.
Сонымен қатар әлеуметтік кәсіпкерлер жеңілдікті несие алуға да мүмкіндік алады. Қолданыстағы субсидиялау қағидалары аясында мұндай жобалар бойынша кәсіпкер 11,3% мөлшерлемені төлейді, ал номиналды мөлшерлеменің қалған бөлігі мемлекет тарапынан субсидияланады.
Алматы қаласында тізілімді қалыптастыру мен мемлекеттік қолдау шараларының өңірлік үйлестірушісі ретінде Алматының кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы жұмыс істейді.