Алматы №4 қалалық клиникалық аурухана дәрігерлері үлкен жатыр миомасын емдеу кезінде ағзаны сақтайтын әдісті сәтті қолданды. Нәтижесінде науқас радикалды ота жасалып, ағзаны алып тастау қаупінен аман қалды.
44 жастағы Татьянаға бірнеше жыл бұрын өлшемі 10,0×6,0 см, яғни шамамен 14 апталық жүктілікке сәйкес келетін жатыр миомасы диагнозы қойылған. Дәрігерлер дәстүрлі ашық ота арқылы жатыр мен басқа да репродуктивтік мүшелерді алып тастауды ұсынған. Бұл жағдай әйелді қатты күйзеліске түсірді.
Аталған патологияны хирургиялық жолмен алып тастау қалыптасқан тәжірибе болғанына қарамастан, аурухананың гинеколог дәрігерлері эндоваскулярлық хирург, рентген-эндоваскулярлық хирургия және кардиология бөлімінің меңгерушісі Наринбаев Аскар Салимовичпен бірлесе отырып, кезең-кезеңімен жүргізілетін тактиканы - жатыр артерияларын эмболизациялау (ЖАЭ) әдісін таңдады. Бұл шағын инвазивті тәсіл науқастың жатырын және репродуктивтік денсаулығын сақтауға мүмкіндік берді.
Процедура сәтті өтті: миоманы қоректендіретін артерияларға жіңішке катетер арқылы арнайы микробөлшектер енгізіліп, ісікке баратын қан ағымы тоқтатылды. Уақыт өте келе миоматоздық түйін айтарлықтай кішірейіп, соңғы ультрадыбыстық зерттеу дерегі бойынша оның көлемі 1,5×1,0 см-ге дейін азайған. Яғни ісік дерлік жойылды. Науқас ауыр отаны бастан өткермей, тез қалпына келіп, қалыпты өмір салтына қайта оралды. Бұл жетістік пациенттің дәрігерлерге деген сенімі мен бүкіл медициналық персоналдың, соның ішінде отадан кейінгі кезеңде сапалы күтім көрсеткен гинекология бөлімінің үйлесімді кәсіби еңбегінің нәтижесі болды.
Аскар Наринбаев бұл әдіске қатысты былай деп түсіндірді:
"Жатыр артерияларын эмболизациялау - дәстүрлі хирургиялық алып тастауға балама болып саналатын заманауи шағын инвазивті процедура. Миома - жатырдың бұлшықет қабатында дамитын қатерсіз ісік. Сан немесе кәріжілік артериясы арқылы енгізілген катетер арқылы эмболалар жіберіледі, олар түйінді қоректендіретін қан ағымын бөгейді. Соның нәтижесінде ісік кішірейіп, қан кету мен ауырсыну белгілері жойылады, ал жатыр толық сақталады. Процедура шамамен 30 минутқа созылады, жергілікті жансыздандырумен жүргізіледі, қалпына келу уақыты қысқа, ал әсері біртіндеп байқалады. ЖАЭ-дан кейін уақытша тартатын ауырсыну, дене қызуының сәл көтерілуі немесе бөліністер болуы мүмкін - бұл қалыпты жағдай, олар ауырсынуды басатын дәрінің көмегімен екі апта ішінде басылады. Ең басты нәтиже - ағзаның сақталуы және етеккір циклінің қалпына келуі".
Соңында Татьяна ризашылығын білдіріп:
"Еңбегіңіз, қамқорлығыңыз және әйелдерге үміт пен толыққанды өмір сүру мүмкіндігін сыйлағаныңыз үшін шын жүректен алғыс айтамын! Аскар Салимович миоманы қоректендіретін барлық артерияны аса дәлдікпен жауып шықты, бүгінде ісік дерлік жоғалды. Осындай білікті маманмен жолықтырған тағдырыма ризамын", - деді.