Алматыда Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары азаматтардың түрлі санаттарымен кездесулер өткізіп, жаңа Конституция жобасын талқылауда.
Алматыда «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» Жалпыұлттық коалициясы өкілдерінің қоғамдық ұйымдармен кездесулері жалғасуда, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Алматыдағы Достық үйінде Қазақстан халқы Ассамблеясының этномәдени бірлестіктері өкілдерінің қатысуымен дөңгелек үстел өтті. Кездесу барысында ҚР Парламенті Сенатының депутаты Нурия Ниязова сөз сөйлеп, жаңа Конституция жобасының негізгі ережелері мен алдағы референдум туралы түсіндірді. Ол елдің басты заңының жаңартылуы жүйелі сипатқа ие екенін атап өтті.
– Бұл косметикалық өзгерістер немесе жекелеген тұжырымдарды ауыстыру емес, елдің Негізгі заңын жан-жақты қайта қарау, – деді ол.
Жоба баптарының бірқатарына ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, 6-бапқа тоқталған сенатор елдің егемендігі мен тәуелсіздігін қорғаумен қатар идеологиялық және саяси әртүрліліктің бекітілетінін атап өтті. Ал 9-бап, оның айтуынша, қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі мәртебесін айқындай отырып, Қазақстан халқы тілдерінің де аталуын көздейді, бұл мемлекеттің көпұлтты сипатын көрсетеді.
– Біз бұл нормаларды нақты түсініп, дұрыс түсіндіруіміз қажет. Ұлттық бірлікті нығайту – бәрімізге ортақ басымдық, – деді сенатор.
Дөңгелек үстелге қатысушылар пікірталасқа белсенді қатысып, сұрақтар қойып, ұсынылған өзгерістерге қатысты ойларымен бөлісті. Этномәдени бірлестіктер өкілдері ұлтаралық келісімді сақтаудың маңыздылығын атап өтіп, өз ұжымдарында түсіндіру жұмыстарын жалғастыруға, сондай-ақ этномәдени бірлестіктер мүшелерін референдумға қатысуға шақыруға дайын екендіктерін білдірді.
Сонымен қатар Жалпыұлттық коалиция өкілдерінің «Қазақстан–Қытай Құбыры» ЖШС еңбек ұжымымен жаңа Конституция жобасын талқылауға арналған кездесуі өтті. Іс-шара гибридті форматта – қызметкерлердің офлайн және онлайн қатысуымен ұйымдастырылды.
Кездесуге Жалпыұлттық коалиция мүшесі, «AMANAT» партиясы Орталық аудандық филиалының төрайымы Найля Ордабаева, Жалпыұлттық коалиция мүшесі, Алматы қаласы мәслихатының депутаты Садир Хамраев, Жалпыұлттық коалиция мүшесі, Алматы қаласы мәслихатының депутаты Алтынай Кобеева, сондай-ақ Жалпыұлттық коалиция мүшесі, «MaxMedGlobal» ЖШС директоры Махамбет Асабаев қатысты.
Жиын барысында жаңа Конституция жобасының негізгі ережелері, сондай-ақ елдің одан әрі әлеуметтік-экономикалық дамуы мәселелері қарастырылды.
Жалпыұлттық коалиция мүшесі, Алматы қаласы мәслихатының депутаты Садир Хамраев өз сөзінде жаңа Конституция жобасын ашық қоғамдық талқылаудың маңыздылығын атап өтті.
– Жаңа Конституцияны қабылдау – мемлекеттің дамуындағы маңызды кезең, өйткені азаматтар елдің негізгі заңын қалыптастыруға қатысу мүмкіндігіне ие болады. Жоба бойынша жұмыс бұрын жүргізілген реформалардың заңды жалғасы болды. Оны әзірлеуге өңірлердің өкілдері, қоғам қайраткерлері, кәсіпорын қызметкерлері мен сарапшылар қатысты, – деді ол.
Жалпыұлттық коалиция мүшесі Махамбет Асабаев Конституцияны жаңарту қазіргі заман талаптарынан туындағанын атап өтті.
– Біз цифрлық технологиялар мен ғылымның қарқынды дамуы дәуірінде өмір сүріп жатырмыз. Мемлекет бұл үрдістерді ескеріп, жаңа жағдайларға сай құқықтық негіз қалыптастыруы тиіс. Жаңа Конституция жобасында ғылымды, білім беруді және адами капиталды дамытуға ерекше көңіл бөлінген. Бұл – ел болашағы үшін стратегиялық маңызы бар бағыт, – деді Махамбет Асабаев.
Кездесуге қатысушылар алдағы республикалық референдумды қолдайтындарын білдіріп, қоғамдық маңызы бар үдерістерге азаматтардың белсенді қатысуының маңызды екенін атап өтті.
Еске сала кетейік, Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес 15 наурыз күні Қазақстанда жаңа Конституцияны қабылдау бойынша республикалық референдум өтеді.