Кітап біртіндеп күнделікті өмірге қайта оралып жатыр. Қазір ол кітапхана мен мектептің ауқымынан шығып, әдебиеттің айналасында тұтас қауымдастық қалыптаса бастады, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Алматыда әр жастағылардың, мамандығы да әртүрлі оқырманның басын қосқан 15-ке жуық кітап клубы жұмыс істейді.
Қазір оқу мәдениетін дамыту – маңызды қоғамдық міндеттің бірі. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, әсіресе жастар арасында кітап оқуды кеңінен насихаттау қажеттігін бірнеше шегелеп айтты. 2026 жылы Мемлекет басшысы «Оқу мәдениетін дамыту мен оқитын ұлтты қалыптастыру жөніндегі іс-шаралар туралы» жарлыққа қол қойған болатын. Құжатта оқырман инфрақұрылымын дамыту, отандық авторларды қолдау, ұлттық әдеби мұраны насихаттау, сондай-ақ балалар мен жастарды кітап оқуға ынталандыратындай етіп жағдай жасау жағы қарастырылған.
Бұл міндет мемлекеттік жоба арқылы ғана жүзеге асып жатқан жоқ. Кітап оқуды әдетке айналдырып, сол арқылы бір-бірімен байланысатын оқырмандардың өз бастамасы да барған сайын көбейіп келе жатыр.
Алматыдағы осындай бастаманың бірі – Ирина Бакулинаның кітап клубы.
Қауымдастықта қазір 77 адам бар. Ай сайынғы кездесуге тұрақты түрде 10-15 адам келеді. Мұнда оқырманның белгілі бір бейнесі жоқ: клуб мүшелерінің арасында әртүрлі жастағы және түрлі салада жұмыс істейтін ерлер мен әйелдер бар. Олардың қатарынан дәрігерлерді, бухгалтерлер, кәсіпкерлер, менеджерлер, үй шаруасындағы әйелдер мен жазушыларды да кездестіресіз.
«Бізде ерлер де, әйелдер де, әртүрлі мамандық иелері де бар. Арамыздан жазушыларды да, дәрігерлерді, бухгалтерлер, үй шаруасындағы әйелдер, бизнесмендер, менеджерлерді, жай ғана кітапқа қызығатын адамдар да табасыз. Сондықтан оқырманның нақты бір бейнесі бар деп айта алмаймын. Адамдар әртүрлі», – дейді кітап клубының жетекшісі Ирина Бакулина.
Әр ай сайын қатысушылар бір кітапты таңдап, кейін оны талқылау үшін бас қосады. Бұл ретте клуб белгілі бір жанрмен немесе бағытпен шектелмейді.
«Біз әр жанрдағы, әртүрлі автордың шығармасын оқимыз. Осылайша клубымыздың әр мүшесіне ыңғайлы болуы үшін жағдай жасаймыз. Уақыт өте келе әр адам бір кітапты ұнатып, өзінің тұрақты оқитын авторын тауып жатады. Мұндай жаңалық көп», – дейді Ирина Бакулина.
Клуб қазақстандық, шетелдік авторларды, баспа өкілдерін, иллюстраторлар мен кітап индустриясының басқа да өкілдерін шақырады. Мұнда шеберлік сабағы мен шығармашылық кездесу өтеді. Қатысушылар кітаптың қалай жасалатынын – идеяның пайда болуынан бастап безендірілуі, жарық көруі мен таралуына дейінгі бар ақпаратты біле алады.
Қазақстандық авторларға ерекше көңіл бөлінеді. Мұндай кездесу оқырмандарға отандық әдебиеттегі жаңа есімді танып-біліп, жазушыларға өз аудиториясымен тікелей араласуға сеп болады, олардың пікірін тыңдап, шығармасы туралы әңгімелеуге мүмкіндік береді.
Жаңадан бастап жүрген авторлар үшін клуб шығармаларды жариялау туралы пайдалы ақпарат алуға, баспагерлермен танысып, қазіргі таңда кітап нарығының қалай жұмыс істейтінін жақсырақ түсінуге мүмкіндік беретін алаңға айналып отыр.
Қатысушылардың пікірінше, дәл осындай жеке жаңалық көбіне адамды әрі қарай кітап оқуға ынталандырады. Біреу жаңа автормен алғаш танысады, енді біреу классикаға қайта оралады, ал кейбіреуі өз қаласы туралы жаңа әдеби шығармаларды оқып, ерекше әсер алып жатады.
«Катя Качур деге автормен таныстым. Керемет автор. Шығармасындағы күтпеген финал, жазу мәнерінің ерекшелігі соншалық, оқып отырып үнемі: “Мұны қалай ойлап тапқан?” деп таңғаласың», – дейді клуб мүшелерінің бірі.
Оқырмандар арасында Алматыға қатысты шығармаларды ерекше бағалайтындар да бар. Мұндай кітаптарда қала жай ғана оқиға өтетін орын емес, оқиғаның бір бөлігіне, тіпті дербес кейіпкерге айналады.
Оқу мәдениетінің дамып келе жатқанының бір белгісі – жастардың кітап оқуға қызыға бастағаны. Кітап клубтарының кездесуіне шамамен 12-15 жастағы жасөспірімдер де келіп жүр екен.
Ұйымдастырушылар үшін бұл аса маңызды. Өйткені кітап оқу әдеті мектеп пен отбасында ғана қалыптаспайды. Ол кітапты фильмдер, музыка немесе замандық технологиялар секілді табиғи түрде талқылауға болатын қатарластарының ортасында да қалыптасады.
Осы тұрғыдан алғанда, кітап клубы әдебиетті талқылайтын орыннан әлдеқайда үлкен ұғымға айналады. Бұл араласатын, пікір алмасып, білім мен жаңа идеяға қызығушылығы ортақ жандармен танысатын, табысатын орта.
Мұндай қауымдастықтың бастамалары оқитын ұлтты қалыптастыру жөніндегі мемлекеттік міндетке де сәйкес келеді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде оқу мәдениетін кеңінен насихаттау мен бұл жұмысқа азаматтық қоғам өкілдерін, шығармашылық пен зиялы қауымды, бұқаралық ақпарат құралдары мен бизнесті тарту қажеттігін ерекше атап өтті.
Бұл ретте мәселе тек оқылған кітаптардың санында емес. Кітап оқу адамның ойлану, әртүрлі көзқарастарды салыстыру, сұрақ қою және жауаптарды өз бетінше іздеу дағдыларын қалыптастырады.
Сондықтан Ирина Бакулинаның бір кітап клубының аясынан әлдеқайда кең арманы бар.
«Кітап клубтарының арқасында адамдардың көбірек кітап оқып, әдебиетке көбірек қызығушылық танытқанын қалаймын. Қазақстанның шынымен оқитын ұлт екенін көрсеткім келеді. Метрода елдің қолынан телефон емес, кітап көргім келеді», – дейді ол.
Бүгінде мұндай қауымдастықтар кітап оқуды әдетке айналдыру үшін кейде шағын ғана адамдар тобын, бір кітап пен сол кітап туралы әңгімені бастау жеткілікті екенін көрсетіп отыр.
Ал одан әрі кітап клубы қауымдастыққа, қауымдастық қозғалысқа, ал кітап оқу қалалық мәдениеттің табиғи бір бөлігіне айналуы мүмкін.
Бәлкім, бір күні Алматы метросында қолына кітап ұстаған адамның көрінуі смартфон ұстаған адамды көру сияқты үйреншікті көрініске айналар.