Аталған жобалар қаланың перспективалы аумақтарын заманауи көлік және инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етіп, тұрғын үй құрылысының қарқынды дамуына қолайлы жағдай жасауға бағытталған, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Алматы қаласында «Батыс қақпасы» және «Шығыс қақпасы» полицентрлерін дамытуға бағытталған ірі инфрақұрылымдық жобалар кезең-кезеңімен іске асырылуда.
Ең ауқымды жобалардың бірі Алатау ауданында, Бауыржан Момышұлы көшесі, Мөңке би көшесі, Фариза Оңғарсынова көшесі және Рысқұлов даңғылының аралығындағы 298 гектар аумақта жүзеге асырылуда. Мұнда жалпы ұзындығы 25,5 шақырымды құрайтын жаңа автомобиль жолдары салынуда.
Сонымен қатар инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары да қатар жүргізілуде. Жоба аясында «Алғабас» және «Ақбұлақ» қосалқы станцияларын реконструкциялау, «Алғабас» және «Ақкент» қазандықтарын жаңғырту, «Трудовик» кәріз-сорғы станциясын реконструкциялау, сондай-ақ жылу, су және электрмен жабдықтаудың магистральдық желілерін салу көзделген.
Құрылыс жұмыстары бекітілген кестеге сәйкес кезең-кезеңімен жүргізілуде. Биылғы тамыз айының соңына дейін жылу желілерінің құрылысы, қазан айының басына дейін магистральдық су құбыры мен кәріз желілерінің, ал қазан айының ортасына дейін магистральдық электрмен жабдықтау нысандарының құрылысы аяқталады деп жоспарланып отыр.
Осындай ауқымды жұмыстар «Шығыс қақпасы» полицентрінде де жалғасуда. Алматы агломерациясының шығыс бөлігінде жаңа көлік және инженерлік инфрақұрылым қалыптастырылып жатыр. Жоба аясында жалпы ұзындығы 12,5 шақырым автомобиль жолдарын, су құбыры, кәріз, газ және электрмен жабдықтау желілерін, сыртқы байланыс желілерін, тарату қосалқы станцияларын және газ реттеу пунктін салу көзделген.
Бүгінде инженерлік желілерді салу жұмыстары жоспарға сәйкес жалғасуда. Шілде айының соңындағы жағдай бойынша су құбыры желілерінің құрылысы 40 % астам, кәріз және электрмен жабдықтау желілері шамамен 30 %, тарату қосалқы станцияларының құрылысы 50 %, ал газбен жабдықтау нысандарының дайындығы 70 % астам орындалды. Сонымен қатар байланыс желілерін тарту және автомобиль жолдарын салу жұмыстары қарқынды жүргізілуде.