Учаскеде тұрғындар үшін мазмұнды бағдарлама әзірленген, деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Бүгін, 23 тамызда, таңғы сағат 07:00-де Алматыда сайлау учаскелері ашылды. Алғашқылардың бірі болып Гоголь көшесі, 114 мекенжайындағы Қыздар университетінің ғимаратында орналасқан №102 сайлау учаскесі жұмысын бастады.
Сағат 07:00-ге қарай дауыс беруге 150-ге жуық алматылық келді. Таңғы уақыт әрі жексенбі болғанына қарамастан, учаске алдында шағын кезек пайда болды. Дауыс берудің алғашқы минутынан байқалған белсенділік қала тұрғындарының сайлау үдерісіне қызығушылығы жоғары екенін аңғартты.
Таңмен таласа дауыс беруге келген сайлаушыларды Құрманғазы атындағы оркестр қарсы алып, мерекелік әрі салтанатты көңіл күй сыйлады.
Учаскеде тұрғындар үшін мазмұнды бағдарлама әзірленген. Таң музыкалық жаттығудан басталды.
Келушілер үшін кондитерлік өнімдер мен үй тағамдарының жәрмеңкесі де ұйымдастырылды. Сәндік-қолданбалы өнер шеберлері туындыларын ұсынып, қонақтарға қолдан жасалған авторлық бұйымдармен танысуға мүмкіндік берді.
Сондай-ақ, учаскеде Алматы мен оның тарихына арналған картиналар мен кітаптар көрмесі жұмыс істейді. Қала тұрғындары өнер туындыларын тамашалап, Алматының қалыптасуы, дамуы және мәдени мұрасы туралы басылымдармен таныса алады.
Шахмат әуесқойлары үшін арнайы аймақ ұйымдастырылған. Мұнда келушілер зияткерлік ойын ойнап, уақыт өткізе алады. Сондай-ақ тынығып, әңгімелесуге арналған кофе-аймақ жұмыс істейді.
Өңірлік коммуникациялар қызметінің қызметкерлері де №102 сайлау учаскесіне барып, қала тұрғындарымен тілдесіп, дауыс берудің алғашқы сағаттарындағы көңіл күйін білді.
Осылайша, көптеген алматылық үшін бұл жексенбінің таңы азаматтық борышын өтеумен ғана емес, музыкамен, шығармашылықпен, жүздесумен және туған қаласының тарихына ден қоюмен басталды.
Дауыс беру жалғасып жатыр.