Ауыл шаруашылығы және азық-түлік технологиялары саласындағы зерттеулерге арналған, деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
2026 жылғы 22 қыркүйекте Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясында ауыл шаруашылығы және азық-түлік технологиялары саласындағы зерттеулерге арналған VI халықаралық I-CRAFT 2026 конференциясы өтті.
Форум отандық және шетелдік ғалымдарды, ғылыми ұйымдар мен университеттердің басшыларын, мемлекеттік органдардың, аграрлық бизнестің өкілдерін және технологиялық шешімдерді әзірлеушілерді біріктірді. Бір алаңда селекция және генетика, мал шаруашылығы, тамақ инженериясы, экология, цифрландыру және дәлме-дәл егіншілік салаларының мамандары бас қосты.
Азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға, аграрлық секторды климаттың өзгеруіне бейімдеуге және ғылыми әзірлемелерді өндіріске енгізуді жеделдетуге бағытталған практикалық шешімдер басты назарда болды.

Конференцияны ашқан ҚР Президентінің жанындағы ҚР ҰҒА президенті Ақылбек Күрішбаев қазіргі аграрлық ғылым су, энергия және өзге де ресурстарды үнемдей отырып, өндіріс көлемін ұлғайтуға және азық-түлік сапасын арттыруға ықпал етуі тиіс екенін атап өтті. Ол өзара сабақтас төрт басым бағытты айқындады: климатқа төзімді сорттар селекциясы мен тұқым шаруашылығы, тұрақты мал шаруашылығы, су және топырақ ресурстарын ғылыми негізде басқару, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу.
«Бұл конференцияның нәтижелілігі баяндамалардың санымен ғана өлшенбеуі тиіс. Оның басты нәтижесі бірлескен зерттеулер, тәжірибеде сыналған технологиялар, сондай-ақ өндіріс пен қоғамның сұранысына сай шешімдер болуы қажет», — деді Ақылбек Күрішбаев. Халықаралық ынтымақтастықты дамыту мақсатында ол бірлескен жобаларды жүзеге асыруды, халықаралық зерттеу топтарын құруды және жас ғалымдарды даярлауды көздейтін тұрақты агроазық-түлік технологиялары жөніндегі Алматы зерттеу күн тәртібін қалыптастыруды ұсынды.
I-CRAFT 2026 конференциясының күн тәртібі БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізумен тікелей байланысты. Ең алдымен, бұл — азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен тұрақты ауыл шаруашылығын дамытуды көздейтін ТДМ 2 «Аштықты жою» және жер ресурстарын ұтымды пайдалануға, олардың тозуын болдырмауға әрі табиғи экожүйелерді сақтауға бағытталған ТДМ 15 «Құрлық экожүйелерін сақтау».
Конференцияның негізгі бағыттарының бірі ақылды және дәлме-дәл егіншілік болды. Қатысушылар жасанды интеллектті, үлкен деректер мен болжамдық талдауды, жерді цифрлық мониторингтеу құралдарын, ұшқышсыз ұшу аппараттарын, GPS-технологиялары мен робототехниканы қолдану мәселелерін қарастырды. Бұл құралдар ауыл шаруашылығы алқаптарының жағдайын дәлірек бағалауға және өндірістік ресурстарды тиімді басқаруға мүмкіндік береді.
Климатқа төзімді сорттарды шығару үшін селекцияның, геномиканың, феномика мен биотехнологиялардың заманауи әдістерін қолдануға ерекше назар аударылды. Сондай-ақ су мен жерді ұтымды пайдалану, топырақ құнарлылығын сақтау, ауыл шаруашылығы мен мал шаруашылығының климатқа әсерін азайту мәселелері талқыланды.
Тамақ технологиялары саласындағы ғылыми бағдарлама ауыл шаруашылығы шикізатын өңдеу мен сақтаудың инновациялық әдістерін, функционалдық тамақтануды және өнімдердің биологиялық құндылығын сақтауды қамтыды. Бұл әзірлемелер азық-түлік шығынын азайту және ауыл шаруашылығы өнімдерінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру тұрғысынан ерекше маңызға ие.
I-CRAFT 2026 алаңында белгілі шетелдік ғалымдар өз зерттеулері мен әзірлемелерін таныстырды. Олардың қатарында Da-Wen Sun, Vida Šimat, Tuba Esatbeyoğlu, Brijesh K. Tiwari, Alexander N. Hristov, Yong Suk Chung, Faheem Shahzad Baloch, M. Cüneyt Bağdatlı, İlknur Bağdatlı және Çağdaş Civelek бар.
Алматыда өткен конференция Ташкент пен Гәнжә қалаларындағы форумдардан кейін халықаралық конференциялар сериясын жалғастырып, Қазақстанның аграрлық ғылым мен азық-түлік технологиялары саласындағы өңірлік ынтымақтастық алаңы ретіндегі рөлін нығайтты. I-CRAFT 2026 зерттеу серіктестіктерін дамытуға және өндіріс сұранысына сай шешімдерді енгізуге бағытталған ғылым, білім және агробизнес арасындағы кәсіби диалог алаңына айналды.
I-CRAFT 2026 қорытындысы бойынша климатқа төзімді сорттарды шығару мен су үнемдеу технологияларын енгізуден бастап ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуге дейінгі халықаралық ғылыми ынтымақтастықтың перспективалы бағыттары айқындалды. Ұсынылған Алматы зерттеу күн тәртібі осы бағыттарды ғылым мен бизнес өкілдерінің қатысуымен жүзеге асырылатын, азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға және аграрлық сектордың тұрақты дамуына бағдарланған бірлескен жобаларға біріктіруді көздейді.