2020-2022 жылдар аралығында жарыққа шыққан кітаптар арасындағы байқаудың жеңімпаздары марапатталды
Алматы қаласындағы «Атакент» Қазақстан іскерлік ынтымақтастық орталығында ҚР мәдениет және спорт Министрлігінің қолдауымен «Атакент-Экспо» Халықаралық көрме компаниясы мен ҚР Ұлттық мемлекеттік кітап палатасы, Қазақстанның баспагерлер, полиграфисттер және кітап таратушылар қауымдастығымен бірлескен «Ұлы Жібек Жолымен–2022» Х Халықаралық кітап және полиграфия жәрмеңкесі ашылды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.
Қарашаның 23-25 аралығында өтетін «Ұлы Жібек Жолымен–2022» көрмесі – жәрмеңкеге қатысушы баспагерлер, кітап таратушылар және полиграфисттер қызметінің, Алматы қаласының қонақтары мен тұрғындарының мәдени өміріндегі айшықты оқиға саналады.
Көрменің негізгі мақсаттарының бірі – Қазақстандағы заманауи кітаптарды кеңінен таратуға қол ұшын беру, отандық кітап ісі саласын нығайту, баспа жұмысының субъектілері арасында тәжірибемен алмасу, отандық кітап нарығында ұлттық өндірушілердің орнын нығайту болып табылады, сонымен қатар көптеген елдердің баспагерлік, полиграфиялық және кітапсатушы компаниялардың арасында мәдени және іскерлік байланыстарды ұлғайту, елдер мен серіктес компаниялар арасындағы байланыстардың әріқарай дамыту, полиграфия, кітапсату және кітап өндірісіне ең соңғы технологиялар еңгізу және т.б.
Көрмеде Қазақстан, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан елдерінің жетекші баспалары, полиграфиялық компаниялары мен кітапханалары, сондай-ақ, Иран Ислам Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулдығының Мәдени өкілдігі кітапханалық және баспа-полиграфиялық салаларының болашағы мен өзекті мәселелерін талқылауға, іскерлік және кәсіби байланыстарды кеңейтуге және тәжірибе алмасуға жиналды.
«Ұлы Жібек Жолымен–2022» X Халықаралық кітап және полиграфиялық көрме бағдарламасында кітап нарығының мамандарына – баспагерлерге, кітапсатушыларға, әдеби агенттіктеріне, полиграфиялық компанияларға арналған семинарлар, дөңгелек үстелдер енгізілген:
- Bookfund.kz кітаптардың ақпараттық-анықтамалық жүйесінің таныстырылымы;
- «Нарықтағы кітап ісі: бүгін мен болашақ» атты еліміздің барлық өңірінен келген баспагерлердің кездесуі;
- «Кітап ісі нарығында шетелдік баспа мекемелерімен тәжірибе алмасу» атты дөңгелек үстел;
- Жазушы Гузель Яхинамен шығармашылық кездесу, қолтаңба беру рәсімі.
Сондай-ақ, қазақстандық белгілі қаламгерлер және жас авторлармен кездесулер, жаңадан шыққан кітаптардың таныстырылымы, түрлі концерттік қойылымдар мен жыр кештері ұйымдастырылады. «Балалар жылы» аясында жеткіншектердің шығармашылығын қолдауға арналған әдеби ойындар мен жұмбақтар, өлең оқу және т.б. балалар бағдарламасы әзірленген.
Сонымен қатар, көрме аясында 2020-2022 жылдар аралығында жарыққа шыққан кітаптар арасындағы байқаудың жеңімпаздары марапатталды. Бұл байқау алты номинация бойынша, яғни, «Жыл кітабы», «Үздік көркем басылым», «Үздік оқулық», «Балалар мен жасөспірімдерге арналған үздік көркем және танымдық басылым», «Үздік фотоальбом», «Үздік полиграфиялық орындау» номинациясы бойынша жеңімпаздар анықталады.