Алматы қаласындағы 28 гвардияшы-панфиловшылар атындағы саябақта орналасқан Даңқ мемориалы Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай ауқымды жаңарту жұмыстарынан өтуде. Бұл туралы Aqshamnews.kz сайты хабарлайды. Ескерткіш кешені алғаш рет 1975 жылы 8 мамырда, Жеңістің 30 жылдығына орай ашылған болатын. Содан бері бұл нысан қаланың ең маңызды тарихи-рухани орындарының біріне айналды.
50 жылдық ескерткіш – күрделі жөндеуден өтуде
Уақыт өте келе мемориалдың гранит тақталары, брусчаткасы және бетон негізі айтарлықтай тозған. Жөндеу жұмыстары кезінде плиталар алынып, толықтай жаңадан бетон құйылып, гранит беттері қайта өңделіп, жылтыратылған.
«Алғашында бұл жұмысты жеңіл болады деп ойладық. Бірақ плиталар көтерілген кезде бетонның құмға айналғанын көрдік. Сондықтан бәрін толық жаңалауға тура келді», – дейді Музей боевой славы директоры әрі Кеңес Одағының Батыры Иван Панфиловтың немересі Алуа Байкадамова.
Тарихи келбет толық сақталды
Жаңарту жұмыстары кезінде Даңқ мемориалының тарихи әрі сәулеттік келбеті сақталып, бұрынғы бейнесі бұзылған жоқ. Алуа Байкадамова бұл орынның тарихи маңызын ерекше атап өтті:
«Бұл жерге жыл сайын мыңдаған адамдар келеді. Қуантатыны – жастардың да қатары артып келеді. Олар өз ата-бабаларының суреттерін ұстап келіп, тағзым етеді», – деді ол.
Ұрпаққа аманат болар тарихи нысан
Саяси ғылымдар докторы Жомарт Симтиковтың пікірінше, Даңқ мемориалы – Кеңес дәуірінде жасалған триптих үлгісіндегі сирек сәулет туындысы. Оның айтуынша, мұндай тарихи ескерткіштер ұрпақтан ұрпаққа патриоттық рух пен ел тарихын жеткізуге сеп болмақ:
«Алматылықтар үшін бұл ескерткіштің тарихи келбеті өзгермей сақталғаны өте маңызды. Мұндай орындар – ұлттың жады», – дейді сарапшы.
Музей де жаңартылуда
Саябақ аумағындағы Жауынгерлік даңқ музейінде де жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл жерде келушілер Панфилов дивизиясының ерлігі, қазақстандық жауынгерлердің майдандағы жанқиярлық күресі туралы деректермен таныса алады. Архивтік құжаттар, фотосуреттер, жеке заттар – барлығы болашақ ұрпаққа ел шежіресін жеткізуге қызмет етеді. Музейдегі жөндеу жұмыстары жақын күндері аяқталмақ.
Даңқ мемориалы – Алматы тұрғындары мен қонақтары үшін Ұлы Отан соғысының қаһармандарына деген құрметтің символы. 80 жылдық мерейтой қарсаңында ескерткіштің жаңғыруы – тарихты ұмытпау, өткенге тағзым етіп, болашақ ұрпаққа үлгі боларлық іс.