Қазақстанда соңғы бірнеше жылда үлкен ғылыми жұмыс жүргізіліп, тазы мен төбет туралы алғаш рет нақты ғылыми дерек алынды.
Осы зерттеулер аясында олардың ДНҚ банкі жасалып, генетикалық паспорттар енгізіліп, тазы тұқымы халықаралық деңгейде танылып отыр, - деп хабарлайды Aqshamnews.kz.
Өңірлік коммуникациялар қызметіне ҚР ҒЖБМ Ғылым комитетіне қарасты Генетика және физиология институтының жетекші ғылыми қызметкері, биология ғылымдарының кандидаты Анастасия Перфильева осылай деді. Оның айтуынша, Қазақстан бұл тұқымды ұзақ жыл сақтайтындай қыруар жұмыс бітіріп, биоалуантүрлілікті қорғаудың жаһандық жүйесіне қосылған.
Тазы мен төбет қазақтың тарихы мен мәдениетінің құрамдас бөлігі болғанымен, ғылыми тұрғыда аз зерттелген болатын. «2021 жылы тазының генофондын зерттеу жобасы басталып, көп ұзамай төбетті зерттеп, оның генетикалық қорын сақтайтын технологияларды әзірлеуге арналған үлкен бағдарлама қолға алынды», - дейді Анастасия Перфильева. Зерттеуге Генетика және физиология институты, Қазақстан Зоология институты, «Қансонар» қауымдастығы, Қазақстанның кинологтар одағы, ветеринариялық ұйымдар, панажайлар мен қоғамдық қорлар қатысқан.
Жұмысты экспедицияға шығудан бастап, ғалымдар «Қансонар» кинологтарымен бірге елдің барлық өңірін аралап шығып, селекционерлермен, аңшылармен, малшылармен кездесті.
«Көбі сонда өз итінің үлкен ғылыми құндылығы бар екенін алғаш рет естіп білді», - дейді Анастасия Перфильева.
Соның арқасында тарихта алғаш рет тазы мен төбет тұқымының ДНҚ банкі құрылды. Тіркелген әр ит ежелгі генетикалық желілер, ортаға бейімделу мен жұмыс қабілеті туралы бірегей мәлімет берді. Енді бұл деректер жоғалмай, ғылыми тұрғыда жүйеленген базада сақталмақ.
Генетикалық талдау тазының өз алдына дербес, ежелгі әрі генетикалық тұрғыдан бірегей тұқым екенін, басқа шығыс тазыларымен бірдей емес екенін көрсетті. Төбеттің шығу тегі де сондай көне: ғалымдардың дерегінше, ол арктикалық және шығысазиялық ит желісінің тоғысында қалыптасқан. Бұл зерттеулер төбеттің әлемдегі 140-тан астам тұқым мен отар күзететін басқа да иттерден ерекшеленетінін дәлелдеп отыр. Алғаш рет жылдамдыққа, төзімділікке, күзет мінез-құлқына, когнитивтік ерекшеліктерге және жүктемеге төзімділікке жауап беретін геном аймақтары да анықталыпты.
Жоба ит иелеріне де пайда әкелген. Осы уақыт ішінде 600-ден астам итке генетикалық паспорт жасалды. Олар инбридингсіз жұп таңдауға, шығу тегін растауға, желінің сиректігін бағалап, иттің мәртебесін арттыруға көмектеседі. Қазақстанда бұл халықаралық стандарттарға сай істелді. Төбеттер үшін тұқымдық қоспаны генетикалық верификациялау технологиясы әзірленіп, патенттелді, ол төбеттерді бақылаусыз будандастырудан қорғайды. Тектің денсаулығын бақылап, жасырын хромосомалық ауытқуды анықтау үшін цитогенетикалық тест те енгізілді.
Зерттеу барысында жүнді микроскопиялық талдау арқылы тұқымды анықтауға мүмкіндік беретін бірегей трихологиялық маркерлер жиынтығы жасалды. Әлемдік тәжірибеде сирек кездесетін мұндай әдіс тіпті бір тал қылшығы арқылы да тұқымды тап басып тануға мүмкіндік береді екен.
Криопротоколдардың, яғни жасушалар мен генетикалық материалды мұздату технологиясының жасалуы да бір біткен жұмыс болды.
«Бұл кәдімгідей жетістік. Егер текке бірдеңе бола қалса, бәрі қорда сақтаулы тұр. Осындай «генетикалық сақтандыруға» алғаш рет ие ие болдық», - дейді Перфильева.
2024 жылы тазы тұқымын Халықаралық кинологиялық федерация (FCI) да мойындады. Қазақстандық ғалымдардың ғылыми материалдары ресми құжаттар пакетіне енгізілді. Бұл ел үшін тарихи оқиға әрі генетикалық және мәдени мұраны қорғаудағы маңызды қадам болды.
Төбетке байланысты жүйелі жұмыс әлі де жалғасып жатыр: тұқымның таралуы мен генетикалық жай-күйін көрсететін интерактивті карта жасалды, оны сақтау мен қалпына келтіру бойынша ғылыми ұсынымдар әзірленді, криоконсервация және тұрақты генетикалық мониторинг инфрақұрылымы қалыптастырылды. Бұл материалдар Қазақстан кинологтар одағына тапсырылып, мемлекеттік құрылымдардың қызығушылығын тудырды.
«Біз далалық экспедициялардан бастап геномика мен халықаралық мойындауға дейінгі жолды басып өттік. Ең бастысы - тазы мен төбетті бүгін ғана емес, болашақ ұрпақ үшін де жоғалтпай сақтауға мүмкіндік беретін берік негіз құрдық», - деп қорытындылады өз сөзін Анастасия Перфильева.