Алматыдағы экомәдениет: қалада «Таза Қазақстан» тұжырымдамасын жүзеге асыру бойынша Іс-қимыл жоспары қабылданды
Алматыда қала мәслихатының кезектен тыс XXIX сессиясында 2025–2029 жылдарға арналған «Таза Қазақстан» тұжырымдамасын жүзеге асыру бойынша Іс-қимыл жоспары бекітілді. Бұл құжатты Мемлекет басшысының елдегі экологиялық жағдайды жақсарту жөніндегі тапсырмасын орындау аясында қалаың Экология және қоршаған ортаны қорғау басқармасы әзірлеген.
Жоспар 2024 жылы қазанда Қазақстан Республикасы Үкіметі бекіткен «Таза Қазақстан» тұжырымдамасына негізделген. Оның басты мақсаты – Алматыда балабақша мен мектептен бастап, корпоративтік кеңсе мен қалалық қауымдастыққа дейінгі шынайы экологиялық мәдениетті қалыптастыру.
Жоспар үш негізгі бағытты қамтиды: тұрғындар арасында экологиялық ойлауды дамыту, экологиялық ағартушылықты ілгерілету және экологиялық білім беру жүйесін кеңейту. Құжат аясында ауа сапасын автоматты бақылау жүйелерін орнату, қалдықтарды қайта өңдеу инфрақұрылымын дамыту, экоеріктілікті қолдау, сондай-ақ, «Жасыл мектеп» және «Жасыл кеңсе» жобаларын енгізу шаралары көзделген.
Айта кетейік, қабылданған Жоспар бекітілген сәттен бастап күшіне енеді және алдағы жылдары Алматыда экологиялық мәдениетті дамыту бойынша жүйелі жұмыстың негізі болады.
Естеріңізге сала кетейік, «Таза Қазақстан» республикалық акциясы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен елді мекендердің аумағын көркейту және көгалдандыру мақсатында іске асырылуда және халық арасында қоршаған ортаға ұқыпты қарау құндылықтарын қалыптастыруға, жоғары азаматтық жауапкершілік пен экологиялық мәдениетті тәрбиелеуге бағытталған.
Алматыда осы акция аясында екінші жыл қатарынан «Алматы – ортақ үйіміз» атты экологиялық науқан өткізілуде. Қаланың тұрғындары тазалау, қаланы көркейту және көгалдандыру жұмыстарына белсенді қатысуда. Биыл эконауқан 1 наурыз бен 1 сәуір аралығында өтті, оның барысында 4 мыңнан астам аула аумақтары, 445 қала саябағы пен скверлер, 2 мыңнан астам көше тазартылды, 600-ден астам заңсыз сауда нысаны алынып тасталды, 3 мыңнан астам көшедегі қоқыс жәшігі орнатылды, сондай-ақ, 20 мыңға жуық ағаш пен бұта отырғызылды.
Бұған қоса, «Алматы – ортақ үйіміз» науқаны аясында әртүрлі байқаулар мен бастамалар ұйымдастырылды. Олардың ішінде: «Таза ауа» акциясы, «Қоршауыңды боя», «Жақыныңа жәрдемдес», «Мерзімі өткен дәрілерді тапсырып, табиғатты сақта» акциялары, «Үздік коммуналдық қызметкер» байқауы, сондай-ақ, 50 мыңнан астам адам қатысқан және 8 мың текше метрден астам қоқыс жиналып, шығарылған Almaty Clean & Green жалпықалалық сенбілігі бар.