Биыл алматылықтардың сайлауға қатысу белсенділігі түскі сағат екіге дейін-ақ 25 пайыздан жоғары болған, деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Алматы қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшесі Рафаэль Гасановтың айтуынша, сағат 14:00-дегі жағдай бойынша сайлаушылардың дауыс беруге қатысу көрсеткіші 2023 жылғы мәслихат сайлауында партиялық тізімдер бойынша тіркелген жалпы нәтижеден асып түскен.
Оның мәліметінше, биыл алматылықтардың сайлауға қатысу белсенділігі түскі сағат екіге дейін-ақ 25 пайыздан жоғары болған.
«Орталық сайлау комиссиясының алдын ала мәліметіне сәйкес, сағат 14:00-дегі жағдай бойынша Алматыда сайлаушылардың 25,72 пайызы дауыс берді. 2023 жылы қалалық мәслихат сайлауында партиялық тізімдер бойынша дауыс беруге қатысу көрсеткіші бүкіл күннің қорытындысында 25 пайыздан сәл ғана асқан еді. Ал бүгін Алматы бұл межеден күндізгі сағат екіге дейін-ақ асып түсті. Менің ойымша, бұл алматылықтар үшін мәслихатта өз мүдделерін кім қорғайтыны маңызды екенін көрсетеді», – деді Рафаэль Гасанов.
Алматыдағы сайлаушылар белсенділігі өткен жылдармен салыстырғанда қандай?
Салыстыру үшін айта кетсек, 2021 жылы қалалық мәслихат сайлауында бір күн ішінде сайлаушылардың шамамен 30 пайызы дауыс берген.
Айта кетейік, 2021 және 2023 жылдары мәслихат депутаттарының сайлауы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің сайлауымен қатар өткізілген.
Рафаэль Гасановтың айтуынша, сайлау күні таңертең кейбір учаскелерде кезек пайда болған. Сонымен қатар ол қозғалысы шектеулі азаматтар үшін сайлау учаскелерінде жасалған жағдайларға да назар аударды.
Алматыдағы сайлау учаскелерінің басым бөлігінде дауыс беру сағат 20:00-ге дейін жалғасады.