23 тамызда Алматы еліміздегі саяси оқиғаға белсене қатысты. Таңғы сағат алтыда алғашқы мамандандырылған учаскелер есігін ашса, жетіден бастап мегаполистегі жүздеген сайлау учаскесіне тұрғындар ағыла бастады. Ұзын-сонар кезек, алғаш рет дауыс берген жастар, ғасыр жасаған қариялар, спорт және өнер жұлдыздары, ұлттық ойындар мен жәрмеңкелер – Алматыда Құрылтай депутаттарын сайлау осындай көріністермен есте қалды. Aqshamnews.kz сайлау күнінің жарқын сәттерін топтады.
Алматыда сайлау таңы ерте басталды
Алматыда сайлау күні әдеттегіден ерте басталды. Сағат 06:00-де азаматтар уақытша болатын орындарда орналасқан 11 мамандандырылған сайлау учаскесі жұмысқа кірісті. Олардың қатарында әскери бөлімдерде, шипажайларда және өзге де мекемелерде ұйымдастырылған учаскелер болды. Ал сағат 07:00-де қала бойынша дауыс беру басталды.
Мегаполисте 670 сайлау учаскесі жұмыс істеді. Оның 597-сі азаматтардың тіркелген жері бойынша, тағы 73-і азаматтар уақытша болатын орындарда құрылды. Алматының сайлаушылар тізіміне 1 329 251 адам енгізілді. Сайлау процесін ұйымдастыруға учаскелік және аумақтық комиссиялардың жалпы 4 721 мүшесі жұмылдырылды.





Таңғы жетіден-ақ кезек пайда болды
Учаскелер ашылғаннан кейін көп ұзамай Алматының бірқатар ауданында дауыс беруге келген тұрғындардың кезегі қалыптасты. Мектептер, колледждер мен өзге де нысандарда орналасқан учаскелердің кіреберісінде адамдар таңғы уақыттан жиналды.
Сайлаушылар арасында учаскеге отбасымен, достарымен және әріптестерімен бірге келгендер де көп болды. Кей тұрғындар демалыс күнінің қалған бөлігін жақындарына арнау үшін таңдауын таңертең ерте жасаған. Адам санының көптігіне қарамастан, дауыс беру қалыпты әрі ұйымдасқан жағдайда жүргені хабарланды.





Бұл көріністер мегаполистегі сайлау күнінің негізгі белгілерінің біріне айналды. Таңғы уақыттан басталған белсенділік түске дейін жалғасып, учаскелерге әр буын өкілдері келді.
Қала әкімі де өз таңдауын жасады
Алматы әкімі Дархан Сатыбалды да Құрылтай депутаттарын сайлауға қатысып, өз таңдауын жасады. Қала басшысы сайлау учаскесіне келіп, дауыс беру рәсімінен өтті.


Сайлау – барлық буынға ортақ
Алматыдағы сайлау учаскелерінде жастар мен егде жастағы тұрғындарды, көпбалалы отбасыларды, еңбек ұжымдарының өкілдерін қатар кездестіруге болды.
Бірі өмірінде алғаш рет бюллетень алып жатса, енді бірі бұған дейінгі талай саяси науқанға қатысқан тәжірибелі сайлаушы ретінде өз таңдауын жасады.
Сайлау күні тек жекелеген азаматтар ғана емес, тұтас әулеттердің азаматтық белсенділігімен де ерекшеленді. Мәселен, «Мерейлі отбасы – 2025» ұлттық байқауының жеңімпазы атанған алматылық Дүйсебаевтар әулеті №200 мектеп-гимназияда орналасқан №562 сайлау учаскесінде дауыс берді. Төрт буын ұстаздарының басын қосқан әулеттің жалпы педагогикалық еңбек өтілі 501 жылға жетеді. Ұлбосын Дүйсебаева тоғыз бала тәрбиелеп өсірген, ал оның тоғыз баласы да педагог мамандығын таңдаған. Ұстаздық жолды үш немересі де жалғастырып келеді.

Спорт саңлақтары да таңдау жасады
Алматыдағы Құрылтай сайлауына қазақстандық спорттың танымал өкілдері де белсенді қатысты.
Олардың қатарында мәнерлеп сырғанаудан 2026 жылғы қысқы Олимпиада ойындарының чемпионы Михаил Шайдоров, Олимпиада жүлдегерлері Назым Қызайбай, Ғұсман Қырғызбаев, Нариман Құрбанов, Ислам Сәтпаев және Александра Ле болды.





Михаил Шайдоров Алматыдағы №382 сайлау учаскесінде дауыс берді. Ал спорттық гимнастикадан Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері Нариман Құрбанов №229 учаскеге келді. Бұл жердің спортшы үшін өзіндік мәні де бар: сайлау учаскесі ол бала кезінде барған №80 балабақшада орналасқан.
Бокстан үш дүркін әлем чемпионы, Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Назым Қызайбай сайлау күні оқу-жаттығу жиынында жүрген. Соған қарамастан, спортшы алдын ала есептен шығару куәлігін алып, Алматы облысындағы Жаңашар ауылында орналасқан сайлау учаскесінде өз таңдауын жасады.
Дауыс бергендер қатарында спорттық гимнастика шебері Милад Карими, еркін күрестен Азияның үш дүркін чемпионы Нұрқожа Қайпанов, таеквондодан әлем чемпионатының қола жүлдегері Айдана Құмартаева, WKF каратэден әлем чемпионатының екі дүркін қола жүлдегері Дидар Әмірәлі де болды. Қысқы спорт түрлерінен Данил Васильев, Илья Мизерных және Ростислав Хохлов та сайлауға қатысты.
1300 шақырым жүгіріп келіп, дауыс берді
Сайлау күніндегі ең ерекше оқиғалардың бірі ультрамарафоншы Меңдібай Әлімғазиновтың Алматыға келуі болды.
58 жастағы спортшы 10 тамызда Астанадан жолға шығып, 23 тамызда Алматыға жетті. Ол осы аралықта шамамен 1300 шақырымды жүгіріп өтіп, қалаға келген соң №545 сайлау учаскесіне барып, дауыс берді.

Спортшы үшін ұзақ сапардың мәресі Алматыға жетумен ғана аяқталған жоқ. Ол ел өміріндегі маңызды күні азаматтық таңдауын жасауды да мақсатының бір бөлігі ретінде атады.

Өнер иелері сайлаудан шет қалған жоқ
Сайлау күні Алматының мәдениет және өнер қауымдастығының өкілдері де учаскелерге келіп, өз таңдауын жасады.
Қазақстанның халық артисі, актер әрі режиссер Тұңғышбай Жаманқұлов Құрылтай депутаттарын сайлауға қатысып, дауыс берді. Өнер майталманы сайлауға қатысуды азаматтық жауапкершілікпен байланыстырып, Құрылтайда елдің болашағын ойлайтын, халықтың мұң-мұқтажын жеткізетін азаматтар болады деген сенімін білдірді.

Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, театр және кино актрисасы Гүлжамал Қазақбаева да Алматыдағы №64 сайлау учаскесінде таңдау жасады. Актриса азаматтардың қоғамдық-саяси өмірге белсенді қатысуының маңызын атап өтті.
Ал Алатау ауданындағы №487 сайлау учаскесіне белгілі эстрада әншісі Абай Бегей келді. Өнер иесі әр азаматтың дауысы елдің ертеңіне қосылған үлес екенін атап өтті.


Сайлау күні қазақ өнерінің абызы, Қазақстанның халық әртісі Бибігүл Төлегенова да таңдау жасады. 96 жастағы опера әншісінің денсаулық жағдайы мен жас ерекшелігі ескеріліп, Алматыдағы үйінде дауыс беруіне жағдай жасалды. Өнер иесі бұл Құрылтайға өтіп жатқан алғашқы сайлау екенін атап өтті.

Осылайша, сахна мен спорт аренасында ел намысын қорғап, қоғамға танылған тұлғалардың сайлауға қатысуы күннің есте қаларлық кадрларының біріне айналды.
Жұмыс үстінде жүргендер де дауыс берді
23 тамызда жұмыс бабымен өз учаскесінен алыста жүрген азаматтарға да таңдау жасауға мүмкіндік берілді.
Мәселен, «Алматы-2» теміржол вокзалында пойыз жолсеріктері №336 сайлау учаскесіне есептен шығару куәлігімен келіп, дауыс берді. Вокзалдағы учаске азаматтардың уақытша болатын жерлерінде ұйымдастырылған дауыс беру орындарының бірі болды.

Қаланың коммуналдық кәсіпорындарының қызметкерлері де сайлау науқанына қатысты. «Алматыжылужайэнерго» қызметкерлері мен олардың кәмелетке толған отбасы мүшелері қаладағы тиісті учаскелерде дауыс берді. Кәсіпорын ұсынған мәлімет бойынша, оның қызметкерлері мен отбасы мүшелерінің 1 414-і Алматыдағы сайлау учаскелеріне тіркелген.
Сайлау учаскелері мерекелік алаңға айналды
Бұл күннің ерекшелігі – дауыс беру процесі бірқатар ауданда мерекелік іс-шаралармен қатар жүруі.
Сайлау учаскелерінің жанында тұрғындарға арналған жәрмеңкелер, сауда алаңдары, фотоаймақтар ұйымдастырылды. Балалар мен ересектер ұлттық ойындарға қатысып, асық атып, арқан тартып, ләңгі тепті.
Кей учаскелерде музыка ойнап, тұрғындар бір-бірімен суретке түсіп, сайлау күні отбасылық демалыспен ұштасты.





Сайлауға футболдың «жұлдыздары» да келді
Алматыдағы сайлау күні әзіл мен креативтен де кенде болған жоқ.
Бостандық ауданындағы сайлау учаскелерінің бірінде Месси мен Роналду кейпіндегі тұрғындар пайда болып, футбол добымен шағын шоу көрсетті. Ерекше образбен келген сайлаушылар тұрғындармен суретке түсіп, учаскедегі жұрттың көңіл күйін көтерді.
Мұндай тосын сәттер саяси науқанның ресми сипатын жеңілдетіп, Алматыдағы сайлау күнінің өзіндік атмосферасын көрсетті.

Әлеуметтік желілер да сайлауға қатысты
Сайлау учаскелерінен әлеуметтік желіде танымал желі киімін кигендерді де кездестіруге болды. Олар өз таңдауларын жасап қана қоймай, сайлау күніндегі сәттерді оқырмандарымен бөлісіп, азаматтық белсенділік танытты.

Бір қала – мыңдаған тағдыр, бір таңдау күні
Алматыдағы Құрылтай сайлауы бір күннің ішінде қаланың сан қырлы келбетін көрсетті.
Таңғы сағат алтыда жұмысын бастаған мамандандырылған учаскелер, жетіден бастап қалыптасқан кезек, баласын ертіп келген жас отбасылар, алғаш рет дауыс берген жастар, өмірлік тәжірибесі мол қариялар, спортшылар, өнер майталмандары, дәрігерлер, мұғалімдер, коммуналдық сала мен теміржол қызметкерлері – бәрін бір күн, бір оқиға біріктірді.
Біреу сайлау учаскесіне үйінен бірнеше жүз метр жүріп келді. Біреу оқу-жаттығу жиынында жүріп есептен шығару куәлігін алдын ала рәсімдеді. Ал Меңдібай Әлімғазинов елордадан Алматыға дейін 1300 шақырымға жуық жолды жүгіріп өтіп барып дауыс берді.
Бір жерде адамдар кезекте тұрды, енді бір жерде музыка ойнады. Бір учаскеде үлкендер таңдау жасап жатса, аулада балалар асық ойнады. Қаланың бір бұрышында спорт чемпиондары дауыс берсе, екінші жағында сахна саңлақтары сайлау жәшігіне бюллетень салды.



23 тамыздағы Алматының бір күні осындай кадрлардан құралды.
Ал бұл фотосуреттер – Құрылтай депутаттарын алғашқы сайлауда Алматының қалай таңдау жасағанын көрсететін бір күндік шежіре.