Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ заңгерлері жаңа Конституцияның жобасын түсіндіруге арналған оқу құралын таныстырды.
Басқарма төрағасының орынбасары, университеттің бірінші проректоры, заң ғылымдарының докторы, профессор, конституциялық комиссияның мүшесі Еркін Дүйсенов қоғамда қызу талқыланып жатқан құжаттың ережелері туралы баяндады, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Оның айтуынша, жаңа Конституция жобасында азаматтарға кәсіби әрі түсінікті түрде түсіндіруді қажет ететін жаңа нормалар көп екен.
«Әлеуметтік желі мен бұқаралық ақпарат құралындағы талқылауға жасалған бақылауға сүйенсек, ең көп қызығушылық тудырған - конституцияның кіріспесі (преамбуласы) болып шыққан. Онда Ұлы Даланың мыңжылдық тарихына басымдық берілген. Бұл Қазақстанның мемлекеттілігінің тамыры тереңде жатқанына дәлел. Оның символдық қана емес, құқықтық маңызы да бар. Кіріспе конституцияның мәнін ашып, қоғам дамуының алдағы ондаған жылдарға арналған бағытын айқындап берді», – дейді Еркін Дүйсенов.
Ол дәл осы кіріспеде елдің болашақ дамуының негізгі құндылықтық бағдарлары бекітілгенін атап өтті.
«Әңгіме ғылым мен инновациялар, мәдениет пен дәстүр, жаңа зияткерлік қоғамның негізі ретінде білім туралы болып отыр. Бұлар мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық дамуын ұзақ мерзімге айқындайды. Сондықтан кіріспенің неге өзгертілгені туралы сұрақ орынды. Біз жаңа, әділетті Қазақстан құрып жатырмыз, кіріспе соны көрсетеді», – деп түсіндірді ол.
Сондай-ақ Конституцияның бірінші бөлімінің атауын өзгерту мәселесі де қызу талқыланып жатыр.
«Бұрын ол “Жалпы ережелер” деп аталатын. Алайда Ата заң үшін мұндай атау оның мазмұнын толық ашпайды. Бірінші бөлімде басқару нысаны, мемлекеттік құрылым нысаны, билік тармақтарының бөліну қағидаты мен халықтың билік көзі ретіндегі мәртебесі бекітілген. Сондықтан бұл бөлімнің енді “Конституциялық құрылыстың негіздері” деп аталуы қисынды», – дейді Конституциялық комиссия мүшесі.
Еркін Дүйсеновтің айтуынша, егемендік туралы нақтыланған тұжырым да ерекше назар аудартып отыр.
«Жобада халық мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы ғана емес, сонымен қатар егемендіктің иесі екені тікелей көрсетілген. Бұл да маңызды нәрсе. Өйткені егемендікке халықтан бөлектеп қарауға болмайды. Мұндай тұжырым қазіргі заманғы және дұрыс конституциялық ұстанымды білдіреді. Ел тағдырын шешетін – халықтың өзі», – деді ол.
Маңызды жаңалықтардың қатарында Еркін Дүйсенов меншік, отбасы және әлеуметтік-экономикалық құқықтарға қатысты өзгерістерді де атады.
«Жобада жер, оның қойнауы, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі халыққа тиесілі екені, ал мемлекет меншіктің барлық нысандарын қорғауды қамтамасыз ететіні бекітілген. Сондай-ақ неке ұғымы ер мен әйелдің ерікті одағы ретінде нақты айқындалған, бұл дәстүрлі отбасылық және рухани-адамгершілік құндылықтарды қорғауға бағытталған. Бұдан бөлек, “еңбек ету бостандығы” деген тұжырымның орнына “еңбек ету құқығы” енгізілген. Бұл мемлекеттің азаматтарды жұмыспен қамту үшін жағдай жасау міндетін білдіреді», – деп атап өтті Еркін Дүйсенов.
Оның айтуынша, жаңа Конституция жобасындағы мұндай өзгерістер аз емес, сондықтан оны түсіндіру іүшін жүйелі жұмыс істеу қажет. Баспасөз мәслихатында таныстырылған ҚазҰУ ғалымдарының жаңа оқу құралы азаматтарға ұсынылып отырған нормалардың мәнін тереңірек түсініп, референдумға саналы түрде қатысуға мүмкіндік береді.