1 шілдеде, Қазақстан Республикасының жаңартылған конституциясы күшіне енген күні Алматыда ауқымды патриоттық акция өтті, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Іле Алатауының аясында әскери қызметшілер, танымал спортшылар мен студент жастар Қазақстан Республикасының мемлекеттік әнұранын бірге шырқады.
Салтанатты рәсім қаланың ең көрікті орнының бірі – «Сұңқар» шаңғы трамплиндері кешенінің жанында өтті. Мемлекеттің басты рәмізі жүздеген адамның басын қосып, азаматтық бірліктің, патриотизм мен елдің негізгі заңына деген құрметтің айқын көрінісіне айналды.
Бұл акция конституцияның тәуелсіз Қазақстанның берік негізі, азаматтардың құқығы мен бостандығының кепілі, қоғамдық келісім мен тұрақты дамудың тірегі ретіндегі маңызын еске салуға бағытталыпты.
«Конституция – біздің мемлекеттілігіміздің іргетасы, әділетті қоғам мен заң алдындағы теңдіктің қағидаттарын айқындайтын құжат. Мемлекеттік Әнұранды орындау арқылы біз елімізге, оның тарихына, бүгінгі күні мен болашағына құрмет білдіреміз», – дейді іс-шараға қатысқандар.
Патриоттық акцияны Алматы қаласы әкімдігі Жастар саясаты басқармасы ұйымдастырды. Мекеме мұндай іс-шаралар жастардың азаматтық жауапкершілігін нығайтуға, Отанға деген мақтаныш сезімін қалыптастырып, ұлттық құндылықты сақтауға сеп болатынын атап өтті.
Бұл патриоттық акция жаңартылған конституциясының күшіне енуіне арналған маңызды іс-шараның бірі болып, халыты тәуелсіздік, бірлік пен заңның үстемдігі сияқты ортақ құндылықтың төңірегінде ұйыстырды.