Қазір базада шамамен 3 мың түрлі жалқы атау мен жалпы көлемі 15 миллионға жуық сөз қолданыстан тұратын мәтін бар, деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Қазақстанда елдегі географиялық атаулардың шығу тегі мен ерекшелігін зерттеуге мүмкіндік беретін цифрлық платформа құрылады. Платформада Қазақстандағы жер-су атауларының тарихы туралы ақпарат ұсынбақшы.
Платформаның негізі Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының Қазақ тілінің ұлттық корпусы құрамындағы Ономастикалық ішкорпус болады. Қазірдің өзінде онда мыңдаған жалқы есім мен миллиондаған сөз қолданыс жинақталған. Жобаның дамуы туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының кіші ғылыми қызметкері Әрлен Сейітбатқал айтты.
Ономастикалық ішкорпус — жалқы есімнің цифрлық базасы. Онда қаланың, ауылдардың, өзеннің, көлдің, таулардың атауы, адам есімі мен басқа да жалқы атаулар жинақталып, жүйеленеді. Сонымен қатар олардың шығу тегі, мағынасы мен қолданысына қатысты ақпаратпен толығады.
Қазір базада шамамен 3 мың түрлі жалқы атау мен жалпы көлемі 15 миллионға жуық сөз қолданыстан тұратын мәтін бар. Әрлен Сейітбатқалдың айтуынша, жобаның мақсаты — атауларды бір жерге жинақтап қана қою емес, олардың әрқайсысының артында белгілі бір тарих тұрғанын көрсету.
«Әр атаудың бойында тек тілдік емес, мәдени ақпарат та бар. Біз атаудың дұрыс жазылуын, қалай жасалғанын және тарихи тұрғыдан нені білдіргенін көрсетуге тырысамыз. Кейбір атауларда қазіргі адамға түсінікті бола бермейтін көне ақпарат қоса берілген», — дейді Әрлен Сейітбатқал.
Зерттеуші Жетісу атауын мысалға алды. Бұл өңірдің географиясымен ғана емес, тарихымен, мәдениетімен, дәстүрімен де байланысты атау. Жетісу Орталық Азиядағы маңызды тарихи өңірдің бірі болған. Мұнда көшпелі және отырықшы мәдениет дамып, аймақ Моғолстан құрамына кірген. Ал XV ғасырда Қозыбасы өңірінде Қазақ хандығының қалыптасуы басталды.
Жетісу атауы дәстүрлі түрде Жетісу Алатауынан бастау алып, Балқаш пен Алакөл алаптарына жататын жеті өзенмен байланыстырылады. Бұл атаудың этнографиялық мәні де бар. Қазақ дәстүрінде «жеті өзеннен өтіп, құда болу» деген ұғым сақталған. Ол алыс рулар мен тайпалар арасында туыстық байланыс орнатуға деген ұмтылысты білдіреді.
«Жетісу мысалынан бір ғана географиялық атаудың өзінде қаншама ақпарат сақталуы мүмкін екенін көруге болады. Бұл — өңірдің тарихы, табиғатының ерекшеліктері, сөздің шығу тегі, тіпті халықтық дәстүрлер. Біз мұндай ақпараттың тек мамандарға ғана емес, қарапайым пайдаланушыларға да қолжетімді болғанын қалаймыз», — деп толықтырды өз сөзін спикер.
Жобаны дамытудың келесі кезеңі Қазақстанның интерактивті картасын жасау болмақ. Егер жоба қолдау тапса, Ономастикалық ішкорпустың деректерін геоақпараттық жүйемен біріктіру жоспарланып отыр. Қарапайым тілмен айтқанда, пайдаланушы атаулардың өзіне қызықты түрін таңдап, олардың картадағы орналасуын бірден көре алады.
Мысалы, құрамында «тау» сөзі кездесетін барлық топонимді — Қаратау, Алатау, Ақтау, Мұзтау, Келіншектау атауларын табуға болады. Сондай-ақ «су» сөзі бар атауларды — Ақсу, Қарасу, Көксу, Атасу мен басқа да атауларды жеке қарауға мүмкіндік жасалады.
Сондай-ақ «кент» компоненті арқылы жасалған Жаркент, Шымкент пен Мырзакент сияқты атауларды көруге және Қазақстанның қай өңірінде мұндай атаулар жиі кездесетінін анықтай алады.
Іздеу жүйесін одан әрі жетілдірмек. Пайдаланушы өзен мен көлдің, таудың, елді мекеннің атауларын картадан жеке-жеке көрсете алады. Сонымен қатар топонимдерді олардың жасалу ерекшелігіне қарай іздеуге мүмкіндік беріледі.
«Біз қолданыстағы базаны толыққанды лингво-географиялық платформаға айналдырғымыз келеді. Адам қажетті атауды тауып қана қоймай, оның картадағы орнын бірден көріп, атауға қатысты тілдік, тарихи және мәдени ақпарат ала алады. Мұндай платформа зерттеушілерге, тарихшыларға, географтарға, туризм саласының мамандары мен Қазақстан тарихына қызығатын кез келген адамға пайдалы болуы мүмкін», — деді спикер.
Жобаны әзірлеушілер тілдік деректер мен интерактивті картаны біріктіру елдегі географиялық атауларды жаңа қырынан зерттеуге сеп болады деп отыр. Пайдаланушылар жекелеген сөзді ғана емес, атаулардың белгілі бір түрі қай өңірде жиі кездеседі, олар қалай қалыптасқан және бүгінгі күнге дейін қандай тарихи әрі мәдени мәліметті сақтап қалғанын да көре алады.