Іс-шараға 300-ден астам қытайлық және 200-ден астам қазақстандық компания қатысты, деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
25 қыркүйекте Алматыда Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен «Қазақстан – Қытай» инвестициялық форумы болып өтті. Іс-шараға екі елдің мемлекеттік секторының, ірі компаниялары мен қаржы институттарының өкілдері қатысып, жаңа бірлескен жобалар, өнеркәсіптік кооперация, көлік-логистикалық өзара байланыс пен технологиялық ынтымақтастыққа қатысты мәселелер талқыланды.
Форумда сөз сөйлеген Мемлекет басшысы Қазақстан-Қытай ынтымақтастығы жан-жақты сипатқа ие болып, тату көршілік пен өзара сенім негізінде дамып келе жатқанын атап өтті. Президенттің айтуынша, Қытай Қазақстанның негізгі сауда серіктесі болып қала береді. Өткен жылдың қорытындысы бойынша тауар айналымы 50 млрд долларға жуықтаған. Бұл ретте екі елдің үкіметі аталған көрсеткішті 100 млрд долларға дейін жеткізуді көздеп отыр. Келтірілген мәліметтерге қарағанда, Қытайдың Қазақстан экономикасына салған инвестициясының жиынтық көлемі 29 млрд доллардан асқан, елімізде қытайлықтардың қатысуымен 9 мыңнан астам кәсіпорын жұмыс істейді.
«Қазақстан қазір инвестиция тарту мен ірі жобаларды жүзеге асыруға барынша қолайлы жағдай жасап отыр», – деді Мемлекет басшысы.
Форумның іскерлік бағдарламасы бизнес өкілдерінің өзара байланысына бағытталды. Іс-шараға 600-ден астам делегат, оның ішінде 300-ден астам қытайлық және 200-ден астам қазақстандық компания қатысты. Форум аясында салалық панельдік сессиялар, жобалар көрмесі мен екіжақты B2B кездесулер өтті.
Негізгі тақырыптардың қатарында көлік-логистикалық дәліздерді дамыту, өнеркәсіптік кооперация мен терең өңдеу, цифрлық экономика және қаржылық инфрақұрылымды дамыту мәселелері болды.
«KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Сұлтанғали Кенжеқұлов форумның негізгі міндеттерінің бірі екі елдің бизнес өкілдері арасында тікелей диалог орнату екенін атап өтті.
«Бұл іс-шараның маңыздылығы – екі елдің кәсіпкерлері бас қосып, жобаларды, проблемалар мен болашақ жоспарларды талқылайтын алаңға айналуында. Бұл маңызды диалог алаңы болады», – деді ол.
Сұлтанғали Кенжеқұловтың айтуынша, форумға жеке және мемлекеттік компаниялар, соның ішінде бірлескен жобаларды жүзеге асырып жатқан кәсіпорындар да қатысып жатыр. Негізгі бағыттардың қатарында инфрақұрылым, IT, энергетика, ауыл шаруашылығы, көлік және транзит бар.
Көрнекті технологиялық жобалардың бірі қазақстандық NERO Group пен қытайлық UBTECH Robotics компаниясының ынтымақтастығы болды. NERO Group компаниясының құрылтайшысы әрі басшысы Ерлан Набиевтің айтуынша, тараптар Алматыда гуманоидты және білім беру роботтарын шығаратын зауыт салуды жоспарлап отыр.
Жобаға салынатын инвестиция көлемі 450 млн долларды құрайды. Өндірісті жергіліктендіру, зерттеу жүргізу мен бағдарламалау, сондай-ақ жаңа жұмыс орындарын ашу көзделген. «Almaty Innovation & Financial Zone» арнайы экономикалық аймағының аумағында жылына 50 мыңға дейін робототехника жиынтығын шығару жоспарланып отыр.
«Біздің мақсатымыз – роботтардың адамды алмастыруы емес, оған көмекші болуы. Сондықтан біз ойын-сауық контентіне емес, робототехниканы білім беру, қызмет көрсету, өндіріс пен логистика салаларында практикалық қолдануға басымдық береміз», – деді Ерлан Набиев.
Форумның жеке бір бөлігі автомобиль өнеркәсібіне арналды.
Astana Group холдингінің негізін қалаушы Нұрлан Смағұлов компанияның қытайлық автомобиль өндірушілерімен ынтымақтастығын кеңейтуді жалғастырып жатқанын айтты. Портфельде Chery, Changan, GWM мен BYD брендтері бар. Сонымен қатар компания Қазақстан нарығында әзірге кеңінен ұсынылмаған қытайлық жоғары технологиялық стартаппен келіссөз жүргізіп жатыр.
Смағұловтың айтуынша, компания өзінің қазақстандық жеңіл автокөлігін шығаруды да қарастырып отыр. Алайда ол мұндай жоба елеулі технологиялық дайындықты талап ететіндіктен, жұмыстың бастапқы кезеңде тұрғанын айтты.
Автомобиль өнеркәсібіндегі ынтымақтастықтың практикалық нәтижесін Astana Motors компаниясының бас директоры Бекнұр Несіпбаев таныстырды. Компания мен Chery Holding Group арасында Omoda мен Jaecoo автомобильдерін өндіру бойынша техникалық-лицензиялық келісімге қол қойылды. Қыркүйек айында алғашқы 60 автомобиль шығарылды. Компания жыл соңына дейін шамамен 2 мың Omoda мен Jaecoo автокөлігін, келер жылы шамамен 10 мың автомобиль өндіруді жоспарлап отыр.
Бекнұр Несіпбаевтың айтуынша, Қазақстан-Қытай әріптестігінің дамуы ішкі нарық үшін ғана емес, қазақстандық бизнестің шетелдік нарықтарға шығуына да мүмкіндік береді. Атап айтқанда, Astana Motors бүгінде Чехия мен Словакияда Chery, ал Польшада GWM брендінің ресми дистрибьюторы.
Форум қорытындысы бойынша жалпы сомасы 8,2 млрд доллар болатын 50 келісімге қол қойылды. Құжаттар Қазақстан мен Қытай арасындағы инвестициялық және сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға бағытталған.