Алматыда қарбыз бен қауындағы нитраттың мөлшері анықталды, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Жаз басталғалы бері Алматыда қарбыз бен қауын жеп уланған бірде-бір адам тіркелген жоқ. Зертханадағы тексеріс кезінде де бақша өніміндегі нитраттың рұқсат етілген деңгейден асып кетпегені анықталды. Өңірлік коммуникациялар қызметінде қалалық Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әсел Қалықова осылай деді.
Жаз мезгілінде тағамнан улану мен жіті ішек инфекциясының қаупі үнемі артады. Себебі жоғары температурада азық-түліктегі микроорганизмдер, әсіресе сақтау, тасымалдау мен сату талабы бұзылған кезде тез көбейеді.
«Қалада әзірге тағамнан жаппай уланғандар тіркеле қойған жоқ. Биылғы алғашқы алты айда бактериялық тағамнан уланған 32 адам анықталды, бұл былтырғы уақытпен салыстырғанда 13,7%-ға аз», – дейді Әсел Қалықова.
Тіркелген 32 адамның 21-і немесе 65,6%-ы – 14 жасқа дейінгі балалар болып шыққан. Жалпы сырқаттану көрсеткіші 100 мың тұрғынға шаққанда 1,32 адам болса, балалар арасында осындай 3,69 оқиға тіркеліпті.
Азық-түлікті сақтау кезінде температуралық режимнің сақталмауы, дайындау мен сатар кезде санитариялық талаптың бұзылуы, сондай-ақ мерзімі өткен немесе бүлінген өнімді тұтыну тағамнан уланудың негізгі себебі екен. Жол бойынан азық-түлік сатып алып, көкөніс, жеміс-жидек пен жидекті дұрыс жумай пайдалану мен тазалықты сақтамау да қауіп-қатерді арттырады.
Жазда мамандар қарбыз бен қауынның сапасына ерекше көңіл бөледі. Бақша өнімдері жаппай сатылатын орындарда өнім үлгілері алынып, оларды тексеру үшін зертханаларға зерттеуге жіберіп отырады.
Ең алдымен мамандар нитраттың мөлшерін тексереді. Қажет болған жағдайда өнімдегі пестицид қалдықтары, улы элементтер, микробиологиялық және радиологиялық көрсеткіші де зерттеледі. Зерттеулер Еуразиялық экономикалық одақтың техникалық регламенттері мен Қазақстан Республикасының санитариялық нормаларына сәйкес жүргізіледі.
«Биыл жүргізілген зертханалық зерттеудің нәтижесінде қарбыз бен қауын үлгілерінен нитраттардың рұқсат етілген деңгейден асып кеткені анықталған жоқ. Сондай-ақ қауіпсіздік талабына сәйкес келмейтін өзге де көрсеткіштер тіркелмеді. Биыл Алматыда бақша өнімдерін тұтынуға байланысты тағамнан уланып қалғандар да болған жоқ», – деп атап өтті спикер.
Департаменттің аудандық басқармалары Алматы қалалық Ұлттық сараптама орталығы филиалының мамандарымен бірлесіп, базарлар мен бақша өнімдері сатылатын өзге де орындарда профилактикалық акциялар өткізіп жатыр. Мұндай іс-шаралар кезінде сатып алушылар сатып алған қарбызы бен қауындағы нитрат мөлшерін HiLight экспресс-әдісі арқылы тексере алады. Сонымен қатар толыққанды зертханалық зерттеу үшін өнім үлгілері де алынады.
Мамандардың айтуынша, нитрат мөлшерінің жоғары екенін жемістің түсіне, иісіне, дәмі мен сыртқы түріне қарап анықтау мүмкін емес. Тұрмыстық нитрат өлшегіш құралдардың көрсеткіштері де өнімнің қауіпсіздігін ресми түрде дәлелдей алмайды. Себебі олардың нәтижесі температураға, өлшеу орнына, өлшеу тәсілі мен басқа да жағдайға байланысты өзгеруі мүмкін.
«Нитраттардың нақты мөлшерін тек аккредиттелген зертханада бекітілген зерттеу әдістері арқылы ғана анықтауға болады. Тұрмыстық құрал мқлшерін нақты анықтай алмайды, сондықтан оны түпкілікті қорытынды ретінде қабылдауға болмайды. Сол себепті сатып алушылар ең алдымен өнімнің қай жерде сатылып жатқанына, жемістің сыртқы жағдайына, құжаттарының болуына назар аударуы қажет», – деп түсіндірді Әсел Қалықова.
Тұрғындарға қарбыз бен қауынды базардан, дүкен мен басқа да ресми сауда орындарынан сатып алу ұсынып отыр. Сатушыларда өнімнің шығу тегі мен қауіпсіздігін растайтын құжаттар болуы тиіс.
Жолдың бойынан немесе заңсыз сауда орындарынан бақша өнімін сатып алмаған дұрыс. Мұндай өнімдер ілеспе құжаттарсыз сатылып, шаң-тозаң мен автокөліктің зиянды қалдықтарымен ластануы мүмкін.
Қарбыз немесе қауын таңдағанда оның бүтін, жарылмаған, езілмеген, шірімеген және бүліну белгілері жоқ екеніне көз жеткізу керек. Кесілген жемісті сатып алу қауіпті, өйткені кесілген жері арқылы микроорганизмдер тез енеді.
Қарбыз бен қауынды ағын сумен мұқият жуу қажет. Кесілгеннен кейін жемісті тек тоңазытқышта сақтап, мүмкіндігінше тезірек тұтынған жөн.
«Қарбыздың піскенін тексеру үшін сатушыдан кесіп беруін сұрамаңыз, кесіп қойған жемісті сатып алмаңыз. Күн ыстықта кесілген жердегі микроорганизм өте жылдам көбейеді. Тіпті сапалы өнімнің өзі дұрыс тасымалданбаса, дұрыс сақталмаса, бөлме температурасында ұзақ уақыт қалдырылса, улануға себеп болуы мүмкін», – деп ескертті Алматыдағы Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің тамақтану объектілерін бақылау және қадағалау бөлімінің басшысы Кенжегүл Қонысбаева.
Сауда және қоғамдық тамақтану нысандары температуралық режимді сақтауға, тоңазытқыш және технологиялық жабдықтардың жарамды күйін қамтамасыз етуге, үй-жайлар мен құрал-жабдықтарды уақытылы санитариялық өңдеуден өткізуге міндетті. Қызметкерлерге жеке бас гигиенасын сақтау үшін қажетті жағдай жасалуы тиіс. Сонымен қатар кәсіпкерлер өндірістік бақылауды жүргізуге, өнімдерді дұрыс тасымалдап, сақтауға және жарамдылық мерзімі өткен немесе бүлінген өнімдерді сатуға жол бермеуге міндетті.
Бақша өнімдерін сатушылар сауда орындарын санитариялық талаптарға сай ұстап сақтау шарттарын сақтап, бүлінген немесе кесілген жемістерді сатпауы тиіс. Қауіпсіздік талаптарына сәйкес келмейтін өнім анықталған жағдайда кәсіпкерлерге заңнамаға сәйкес шаралар қолданылады.
Департаментте қарбыз немесе қауын жегеннен кейін адамның өзін жайсыз сезінуі әрдайым осы өнімдердің улануға себеп болғанын білдірмейтінін атап өтті. Аурудың нақты себебін анықтау үшін эпидемиологиялық тексеру жүргізіліп, өнімдер мен клиникалық материалдар зерттеледі, сондай-ақ оқиғаның барлық мән-жайы талданады. Тек осыдан кейін ғана мамандар себеп-салдарлық байланысты анықтай алады.
Нитрат мөлшерден тыс көп болса адам денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін. Ағзада нитраттар нитриттерге айналып, қанның оттегін тасымалдау қабілетін төмендетеді. Бұған әсіресе кішкентай балалар, жүкті әйелдер, қарт адамдар мен созылмалы ауруы бар азаматтар сезімтал келеді.
Жүрек айну, құсу, іш өту, іштің ауыруы, әлсіздік, бас ауруы, бас айналу мен қызудың көтерілуі уланудың белгісіне жатады. Ауыр жағдайда тыныс алу қиындап, ерін немесе тері көгеруі мүмкін. Мұндай белгілер пайда болған жағдайда дереу медициналық көмекке жүгініп, өздігінен емделмеу қажет.
Тағамнан уланудың алдын алу үшін тұрғындарға өнімдердің жарамдылық мерзімі мен қаптамасының бүтіндігін тексеріп, тез бұзылатын азық-түлікті сақтау талаптарын сақтап, тамақ әзірлер алдында және тамақтанар кезде қолды жуып, көкөністі, жеміс пен жидекті мұқият жууды ұсынды.