Алматы тұрғындары жексенбі, 11 қазанда пластик қақпақтар мен басқа да қалдықтардың қайта өңдеуге жарамды шикізатқа қалай айналатынын іс жүзінде көре алады, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Қайталама шикізат – қоқыс емес, қайта пайдалануға болатын ресурс. Экологиялық акция Алмалы ауданындағы Lake Town тұрғын үй кешенінің аумағында өтеді. Бұл туралы «Eco Almaty» ЖШС өкілдері хабарлады.
Акцияны Алматыда қалдықтарды бөлек жинауды насихаттап, экологиялық білімді арттыру бағытында жұмыс істеп жүрген ECO Network экологиялық қауымдастығы ұйымдастырады.
Қатысушылар үшін мобильді экологиялық алаң жұмыс істейді. Мұнда алдын ала сұрыпталған қайталама шикізат қабылданып, түрлі интерактивті іс-шаралар ұйымдастырылады. Көпшіліктің ерекше қызығушылығын тудырған құрылғылардың бірі велошреддер. Оның көмегімен кез келген адам пластик қақпақтарды өзі ұсақтап, оларды қайта өңдеу үдерісінің бір кезеңін көре алады.
Акция аясында пластик қақпақтар мен бөтелкелер, макулатура, пакеттер және басқа да полиэтилен бұйымдары, шыны банкалар мен бөтелкелер, батарейкалар, электр шамдары және алюминий банкалар қабылданады.
Қалдықтарды бөлек жинау қарапайым әдеттен басталады. Ол үшін қалдықтарды дұрыс сұрыптап, қайта өңдеуге тапсыру жеткілікті.
Ұйымдастырушылар қайта өңдеуге тапсырылатын барлық шикізат таза әрі құрғақ болуы керектігін еске салады.