Алматыда қала әкімі кубогы үшін робот техникасы, бағдарламалау және инновациялық технология бойынша XII ашық Almaty TechCup XII чемпионаты басталды, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Биыл өңірдегі ең ірі технологиялық дода Age of AI («Жасанды интеллект дәуірі») атауымен өтіп жатыр. Бұл туралы Алматы қаласы Білім басқармасының өкілдері хабарлады.
Чемпионатқа Орталық Азияның бес елінен 3 мыңнан астам мектеп оқушысы, студент және жас инженер, яғни 400-ге жуық команда қатысып отыр. Екі күн бойы қатысушылар робот техникасы, бағдарламалау, киберқауіпсіздік, автономды жүйелерді әзірлеу және өзге де инженерлік бағыттар бойынша бақ сынайды.
Чемпионаттың ашылу рәсіміне Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің орынбасары Дархан Ахмедиев, Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі Орта білім комитеті басқармасының басшысы Асыл Түймебаев, goBILDA робототехникалық платформасының зерттеуші-инженері әрі стратегиялық серіктестік жөніндегі директоры Итан Доуг (АҚШ), сондай-ақ Алматы қаласы Білім басқармасының басшысы Сәкен Аралбаев қатысты.
Биылғы бағдарлама 14 бағытты қамтиды, оның төртеуі алғаш рет енгізіліп отыр. Атап айтқанда, адам тәрізді роботтарға арналған шешімдерді әзірлеу бойынша хакатон, автономды көліктер жарысы, аэроғарыш технологиясы саласындағы инженерлік жобалар, робот техникасы турнирлері, дрондар жарысы, киберқауіпсіздік сайыстары және жасанды интеллектке арналған интерактивті алаңдар ұйымдастырылады.
Ресми ашылу рәсімінен кейін қонақтарға чемпионаттың жарыс және көрме алаңдары таныстырылды.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер Алматы қаласы әкімінің кубогын, білім грантын, ақшалай сыйлығын иеленіп, Қазақстан атынан АҚШ, Қытай және Гонконгта өтетін халықаралық инженерлік жарыстар мен чемпионаттарға қатысу мүмкіндігіне ие болады.