Жетісу ауданындағы №2 жалпы білім беретін мектеп оқушылары әр аптаның дүйсенбі, сәрсенбі және жұмасында ұлттық киім киюді дәстүрге айналдырған.
Былтыр аптаның екі күнінде ғана киетін. Биылдан бастап оқушылар сабақта үш күн ұлттық киіммен, ал екі күн мектеп формасымен отырады. Көрген адамның көзі тоятын ұлттық нақыштағы киімдерді кию бастамасын мектеп директоры Сәуле Алтыбаева былтыр елімізде Ұлттық киім күні 18 наурыз деп жарияланған күннен бастап көтерген екен. Мұғалімдер де солай, аптаның үш күнінде қазақы ою-өрнекпен көмкерілген, заманауи үлгіде тігілген қамзол, кәжекейлерін киіп сабақ береді. Тақта алдында тұрған ұстаз мен әр сыныптағы отызшақты бала осылай ұлттық киіммен үндестік құрып тұратыны қандай ғажап!
Ұлттық нақыштағы киімдерді көпке дәріптеп жүрген №2 жалпы білім беретін мектепте 468 бала бар, олардың 152-сі бастауыш сыныптардың оқушысы.
– Былтыр мектеп директоры Сәуле Мелдешқызы осы ұлттық форманы реттеу үшін сыныптар арасында «Үздік сынып» байқауын жариялап, форма сақтаған, сабақтан қалмаған сыныпқа өз қалтасынан ақшалай сый бергені бар. Содан бері ұлттық киім киіп келу бір ізге түсті. «Тәрбие мен білім – егіз» демекші, әрине, бізге ата-аналар үлкен қолдау көрсетті. Киімдерді тіктіру, оюлы киімдерді таңдау кезінде ата-аналардың да талғамын ескердік. Біз Отанын сүйетін, ұлтын, оның салт-дәстүрін қадірлейтін, әдепті, тәрбиелі шәкірт тәрбиелеп жатқанымызды мақтан етеміз, – дейді қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Жанат Үмбетова.
Шәкірт лебізі
Динара Айбек, 5-сынып оқушысы:
– Маған ұлттық киім киіп жүрген ұнайды. Сыныпта бәріміз бірдей киінеміз. Қолайлы. Бізді өзгелерден ерекшелендіріп тұратын да осы өзіміздің ұлттық киіміміз.
Аслан Абдулла, 7-сынып оқушысы:
– Наурыз мейрамын тойлатуға Кеңес өкіметі тыйым салынғанын естіп қатты таңқалғаным бар. Наурыз – үлкен-кішіні бір-біріне жақындастыратын, бір-біріне жақсы тілегін жеткізуге дәнекер бола алатын ұлық мереке деп білемін. Бұл күні адамдар бір-бірімен ренжіспеуге, үйлеріне қонаққа шақырып, барлық дәмдісін мейманының алдына қоюға тырысады деп ойлаймын.
Шұғыла Қадыр, 10-сынып оқушысы:
– Бұл мейрамда аталар батасын беріп, жастар қолын жайып, құрмет білдіреді. Наурызда адамгершілік пен қайырымдылық басты орын алады. Мұқтаж жандарға көмек көрсетіліп, жетім-жесірлерге қамқорлық жасалады. Демек Наурыз – тек табиғаттың ғана емес, рухани құндылықтардың да жаңғыру мерекесі.