Биыл 747 орындық жаңа 13 балабақша ашылды.
Алматының Медеу ауданында оқушы орындарының тапшылығын төмендетуге көп көңіл бөлінуде. Бұл туралы қала әкімі Ерболат Досаев аудан халқымен кездесу барысында айтты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.
« №48 мектепті реконструкциялау жағдайын түсіндіріп өтейін. Осы жылдың қазан айында мектеп пайдалануға берілуі керек еді, алайда сметада қосымша жұмыстардың есебі болмағандықтан, жоба қайта түзетуге жіберілді (жобада шатырға арналған материалдар қарастырылмаған, суағар жоқ, сыртқы жылу трассасын тарту, жылу мен ыстық су беретін қазандықты реконструкциялау көзделмеген. Сондай-ақ құрылыс материалдары қымбаттаған). Осы қазан айынан бері құрылыс-монтаждау жұмыстары жүріп жатыр, 2023 жылдың сәуір айында пайдалануға беру жоспарланған»,- деді Ерболат Досаев.
Сонымен қатар, 300 орындық №131 мектептің және 220 орындық №35 мектептің қосымша құрылыстарын салуға жобалау-сметалық құжаттама әзірленуде. Жобалау-сметалық құжаттама 2023 жылдың II-ші тоқсанында аяқталады.
«Сондай-ақ, №131 мектепте сейсмикалық күшейте отырып, күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл жұмыстарды 2023 жылдың III тоқсанында аяқтау жоспарлануда. Келесі жылы «Жанұя» арнайы кешені, №33 мектеп-лицей және Ж. Жабаев атындағы №161 мектеп-лицей секілді үш нысанның ғимараттарын сейсмикалық күшейте отырып, жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеуді аяқтау жоспарлануда. Жобалау-сметалық құжаттама 2023 жылы аяқталады. Қазіргі уақытта №99 мектептің 375 орындық қосымша құрылысын реконструкциялауға жобалау-сметалық құжаттама әзірленуде. Жобалау-сметалық құжаттама 2023 жылдың маусым айында аяқталады»,- деді Досаев.
Қала басшысының айтуынша, биыл Медеу ауданында 747 орындық жаңа 13 балабақша ашылды, оның көбісі - жеке меншік.
«Осы жылы 400 орындық 2 жеке меншік балабақшаны коммуналдық меншікке қайтару жұмыстары жүргізілді. Оның бірі - «Ақмарал» балабақшасы (120 орын) биылғы қараша айынан бері жұмыс істеуде. Екіншісі - «Әйгерім» балабақшасы (280 орын) бойынша күрделі жөндеуге жобалау-сметалық құжаттама әзірленуде, жұмыстар 2023 жылдың сәуір айында аяқталады», - деді Ерболат Досаев.
Сонымен қатар әкімнің айтуынша, №112 балабақшаны сейсмикалық күшейте отырып, күрделі жөндеуге сараптаманың қорындысы бар. Құрылыс-монтаждау жұмыстары 2023 жылдың І тоқсанында басталады.