Жұмыс беруші міндетті сақтандыру шартын тиісті лицензиясы бар сақтандыру компаниясымен жасайды, деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Егер адам жұмыс орнында жарақат алып қалса, оның қорғалып, сақтандыру төлемін алуға құқығы бар. Бірақ жарақат алды екен деп, ақшалай төлем өздігінен автоматты түрде тағайындалмайды. Оқиғаны дер кезінде хабарлап, алдымен оқыс жағдайды тергеп-тексеруді дұрыс жүргізу керек. Өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде Алматы қаласы бойынша Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитеті департаментінің өкілдері осылай деп мәлімдеді.
Департамент басшысының міндетін атқарушы орынбасары Талғат Үмбетияровтың айтуынша, жұмыс беруші қызметкерлерін еңбек міндетін орындау кезінде болатын оқыс жағдайдан міндетті түрде сақтандыруы тиіс. Бұл ретте сақтандыру компанияны адамдардың қауіпсіздігі үшін жауапкершіліктен босатпайды. Жұмыс беруші еңбек жағдайын бақылап, қызметкерлерге қауіпсіздік ережесін оқытып, қажетті медициналық тексеруден өткізіп, өндірістік жарақаттың алдын алуды жалғастыруы керек.
«Жұмыскер өзінің қандай жағдайда сақтандырылғанын біліп, оқыс оқиғаны тергеп-тексеруге қатысуға, өзі келіспейтін шешімге шағымдануға құқылы. Егер дау туындаса, ол сақтандыру ұйымына, мемлекеттік органға немесе сотқа жүгіне алады. Адам өз проблемасымен оқшауланып, ешкімге керексіз болып қалмауы керек», – деп түсіндіріп өтті Талғат Үмбетияров.
Жұмыс беруші міндетті сақтандыру шартын тиісті лицензиясы бар сақтандыру компаниясымен жасайды. Мұны кәсіпорын жұмысын бастаған айдан кейінгі айдың алғашқы он күндігі ішінде жүзеге асыру қажет. Егер кәсіпорында осындай оқыс оқиға болып қалса, ол туралы сақтандыру ұйымына мүмкіндігінше тез арада, бірақ жұмыс беруші оқиға туралы білген сәттен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмей хабарлауы керек.
Алайда жұмыс орнында жарақат алу сақтандыру төлемінің міндетті түрде тағайындалатынына кепілдік бермейді. Алматы қаласы бойынша Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитеті департаменті бөлімінің басшысы Ануар Төлеуғали түсіндіргендей, алдымен ол оқиғаның қалай болғанын және оның адамның еңбек міндетін орындауымен байланысты-байлaнысты еместігін анықтап алу қажет.
Сондықтан мұндай оқиғаны тергеп-тексерудің маңызы зор. Оған зардап шеккен жұмыскердің өзі немесе оның өкілі қатыса алады. Егер оқыс оқиға жасырылса, ол туралы кеш хабарланса немесе құжаттар дұрыс рәсімделмесе, адам өзіне тиесілі төлемдерді алуда қиындыққа тап болуы мүмкін.
«Оқиғаның себептері мен мән-жайы қаншалықты толық әрі объективті анықталса, жұмыскердің құқығын одан әрі қорғау да соған байланысты болады. Сондықтан өндірістегі осындай оқиғаларды жасыруға немесе оларды формалды түрде рәсімдеуге болмайды», – деді Ануар Төлеуғали.
Спикер сондай-ақ сақтандыру полисі жұмыс беруші үшін жай ғана формальды талап болмауы керектігіне назар аударды. Сақтандыру оқыс жағдай болған кезде қажет. Алайда кәсіпорынның басты міндеті – мұндайдың алдын алып, оқыс оқиғаның болмауына барынша жағдай жасау.
«Еңбекті қорғауға жұмсалатын шығындарды артық шығын ретінде емес, адамдардың өмірі мен денсаулығына салынған инвестиция ретінде қабылдау қажет. Өндірістік көрсеткіштер немесе белгіленген мерзімдер адам қауіпсіздігінен маңызды болмауы тиіс. Бүкіл жүйенің басты мақсаты – оқиғадан кейін өтемақы төлеу емес, оқыс оқиғаның алдын алу», – деді Ануар Төлеуғали.
Жұмыскерлердің өздері де қауіпсіздік ережесін сақтауға, нұсқамадан өтуге, жеке қорғаныс құралдарын пайдалануға және қауіпті жағдайды немесе жабдықтың ақауын байқаса, бұл туралы басшылыққа хабарлауы тиіс.
Осылайша, міндетті сақтандыру – жұмыскерді қорғау жүйесінің бір бөлігі ғана. Еңбектің қауіпсіз болуын қамтамасыз ету, жарақаттың алдын алу, оқыс оқиға туралы дер кезінде хабарлау мен әр оқиғаны әділ әрі жан-жақты тергеп-тексеру де маңызды.