Метроның «Сарыарқа» және «Бауыржан Момышұлы» бекеттері іске қосылды.
Бекеттерді іске қосудың салтанатты рәсімінде қала әкімі Ерболат Досаев метрополитен құрылысшылары мен қызметкерлеріне ерен еңбектері мен қаланың қоғамдық көлігін дамытуға қосқан үлестері үшін алғыс айтты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz
«Баршаңызды осы мерекемен құттықтаймын! Бұл - біздің мегаполис үшін көптен күткен қуанышты оқиға. Сіздер жергілікті жердің күрделі тау-геологиялық және сейсмикалық жағдайларын ескере отырып, өте күрделі әрі көлемді жұмысты атқарып шықтыңыздар. Сіздердің еңбектеріңіз бен жоғары кәсібиліктеріңіздің арқасында Алматыда тағы жаңа екі метро станциясы пайда болды.
Мен бұны біздің қаламыз бен тұрғындарымыз үшін өте маңызды оқиға деп санаймын. Мәселе 50 мыңнан 85 мыңға дейін ұлғаятын жолаушылар легінде ғана емес, қаланың әлдеқайда жайлы болатындығында, бәрімізді алаңдатып отырған трафиктің дұрыс шешім табатындығында.
Қалада метро желісін кеңейту бойынша ауқымды жұмыстар жалғасады. 2025 жылы «Қалқаман» станциясының құрылысын аяқтау жоспарлануда, метро желісін дамыту батыс бағытта «Барлық» базарына дейін ұлғаяды. Бұл аталған аудандардың тұрғындары үшін ыңғайлы жолаушылар тасымалын ұйымдастыруға мүмкіндік береді.
Өткен жылы Алматы метрополитені өзінің алғашқы үлкен және маңызды мерейтойын – он жылдығын атап өтті. Осы уақыт ішінде білікті еңбек ұжымы құрылып, жас мамандар оқытылып, дайындалды. Екі станцияның іске қосылуымен қосымша 200 жұмыс орны құрылды. Алматы метрополитені біздің қаламыздың маңызды және ажырамас бөлігіне, ыңғайлы және жайлы қоғамдық көлік түріне айналды.
Бүгінгідей ерекше күні жеке өзімнің және қаламыздың тұрғындары атынан Сіздерге мегаполистің жолаушылар көлігін дамытуға қосқан үлестеріңіз үшін алғыс білдіремін және жұмыста табыс, зор денсаулық әрі бірлік пен береке тілеймін!» - деді қала әкімі.
Еске сала кетейік, бұған дейін қала әкімі Ерболат Досаев «Сарыарқа» және «Бауыржан Момышұлы» станцияларының іске қосылуы осы жылдың мамыр айында орындалатынын хабарлаған болатын. Осылайша, станциялар уақытылы қосылды.
Қазақтың батыр ұлының есімін иеленген жаңа метро станциясының ашылу салтанатында Бауыржан Момышұлының келіні Зейнеп Ахметова сөз сөйледі.
«Атам марқұм бір кезде "Мен о дүниелік болсам да, бұл дүниеде өтсем де, тірілердің арасында жүремін" дейтін. Сол кезде ол сөз біртүрлі болып естілген. Қазір қарап тұрсаңыздар, әулиенің сөзі сияқты. Енді қараңыздар, бүгін қанша адамдардың көңілінде, тіл ұшында атаның аты айтылып жатыр. Атамыз өмірден кеткеніне 40 жыл болды, бірақ әлі күнге дейін халық әлі ардақтап, құрметтеп, аспандатып, көшелердің атын, мектептердің атын беріп жатыр. Бүгінгі шара да - атамыз әлі тірілердің арасында жүргенінің бір белгісі. Мен бір нәрсеге таңғалып тұрмын. Алматыда метро ашылғалы бері бір де бір рет қадам баспаған екенмін. Атамның атына бергенде ғана келдім», - деді Зейнеп Ахметова.
ПАСПОРТ
«Сары-Арқа» метро станциясы
Орналасуы |
-
|
Алматы қаласы, Әуезов ауданы, Абай даңғылы, Алтынсарин даңғылының батысы |
Бас мердігер |
- |
«Алматыметроқұрылыс» АҚ
|
Қызметкерлер саны |
- |
250 адам |
Техникалық сипаттамалары |
- |
Терең төсеу станциясы, пилон түрі. 1 вестибюльден, 2 кіру тобынан тұрады (2 Лифт, 8 эскалатор) |
Үй-жайлардың ауданы |
- |
9 726 ш. м. |
- №1, №2 кіреберістер |
- |
1 923 ш. м. |
- фойе |
- |
2 078 ш. м. |
- платформа |
- |
5 723 ш. м. |
Негізгі қызмет түрі |
- |
Жолаушылар тасымалы |
Болжамды жолаушылар ағыны |
- |
Тәулігіне 86 мың адам |
ПАСПОРТ
«Бауыржан Момышұлы» метро станциясы
Орналасуы |
-
|
Алматы қаласы, Әуезов ауданы, Абай даңғылы мен Б. Момышұлы көшесінің қиылысында |
Бас мердігер |
- |
«Алматыметроқұрылыс» АҚ |
Қызметкерлер саны |
- |
250 адам (мердігер және қосалқы мердігерлер) |
Техникалық сипаттамалары |
- |
Шағын құрылыс станциясы, колонна түрі. 2 вестибюльден, 6 кіру тобынан тұрады (6 лифт, 15 эскалатор) |
Үй-жайлардың ауданы |
- |
5 420 ш. м. |
- №1-№4 кіреберістер |
- |
3570 ш. м. |
- вестибюль 1 |
- |
1676 ш. м. |
- вестибюль 2 |
- |
4742 ш. м. |
- платформа |
- |
4315 ш. м. |
- СТП |
- |
1117 ш. м. |
Негізгі қызмет түрі |
- |
Жолаушылар тасымалы |
Болжамды жолаушылар ағыны |
- |
Тәулігіне 86 мың адам |