Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды мемлекеттік қажеттілік үшін жер телімдерін сатып алу мәселесіне арналған кеңес өткізді.
Кеңесте қаланы полиорталықты дамыту аясында әрбір ауданның әлеуметтік, инженерлік және демалыс инфрақұрылымын сапалы дамыту мәселелері қаралды. Қала басшысы тұрғындар үшін қолайлы қалалық орта қалыптастырудың маңызды бағыттарының бірі – мемлекеттік қажеттілікке жер телімдерін уақтылы сатып алу екенін атап өтті.
Әкімнің айтуынша, бұл мәселе дер кезінде шешілмесе, бірқатар стратегиялық инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру мүмкін болмайды. Атап айтқанда, жол құрылысы мен қайта жаңғырту, метроның жаңа станцияларын салу, инженерлік желілерді тарту, сондай-ақ білім беру, денсаулық сақтау, спорт нысандары мен қоғамдық кеңістіктерді дамыту жұмыстары тікелей жер телімдерін сатып алу процесіне байланысты.
Кеңес барысында мемлекеттік қажеттілік үшін жер телімдерін сатып алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстардың барысы қаралып, негізгі жобалар бойынша рәсімдердің орындалу мерзімдері талқыланды.
Жиын қорытындысында Дархан Сатыбалды жауапты басқармалар мен ұйымдарға басым жобалар бойынша барлық рәсімдерді белгіленген мерзімде аяқтап, бұл жұмыстарды құрылыс кестесімен толық үйлестіруді тапсырды. Оның айтуынша, бұл қаланың тұрақты дамуы мен маңызды инфрақұрылымдық жобаларды уақытылы іске асыруға мүмкіндік береді.