Жоба аясында 375 инженерлік желі қайта орналастырылады, деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Алматыда LRT бірінші желісінің құрылысына дайындық жұмыстары жалғасып жатыр. Қазіргі кезеңде негізгі жұмыстар Б. Момышұлы және Төле би көшелерінде жүргізілуде. Мұнда желі өтетін аумақты дайындау және құрылыс аймағына кіретін инженерлік коммуникацияларды қайта орналастыру жұмыстары қолға алынған.
Жоба аясында барлығы 375 инженерлік желіні, оның ішінде жылу, байланыс, сумен жабдықтау және кәріз, нөсер кәрізі, газбен және электрмен жабдықтау желілерін қайта орналастыру көзделген.
Б. Момышұлы көшесінде, оның ішінде болашақ депо орналасатын аумақта 39 инженерлік коммуникация қайта орналастырылады. Қазір оның 4-еуі бойынша жұмыс аяқталған. Төле би көшесінде 269 желіні қайта орналастыру қажет болса, оның 34-і бойынша жұмыстар аяқталды. Абылай хан даңғылында тағы 67 инженерлік желіні қайта орналастыру көзделген.
Сонымен қатар ескі трамвай рельстері алынып, жолдың ортаңғы екі жолағында топырақ қазу жұмыстары жүргізілді. Жұмысты ұйымдастырудың негізгі қағидаты – шеткі жолақтарда көлік қозғалысын сақтау. Инженерлік желілерді қайта орналастыру қажет болған жағдайда жол қозғалысы қарсы бағыттағы бір жолақ арқылы ұйымдастырылады. Мұндай жұмыстарға байланысты кейбір учаскелердегі шектеулер, әдетте, бір-екі күннен аспайды.
Инженерлік желілерді қайта орналастыру – LRT желісі өтетін аумақты дайындаудың қажетті кезеңі. Кейбір учаскелер босатылған сайын желі құрылымдарын орнату, шпал мен рельс төсеу және басқа да жұмыстар басталады.
Құрылыс-монтаж жұмыстары қыс мезгілінде де жалғасады. Температура төмендеген кезде топырақты қорғау, қысқы жағдайда бетон құю, құрылымдарды жылылау және бетонның қажетті беріктікке жетуін қамтамасыз етуге бағытталған арнайы технологиялық шаралар қолданылады.
Жобалық шешімге сәйкес, LRT бірінші желісінің бірінші кезеңі Алатау ауданындағы индустриялық аймақта, Мөңке би және Б. Момышұлы көшелерінің маңында орналасатын деподан басталады. Одан әрі желі Б. Момышұлы көшесімен Төле биге, Төле би көшесі арқылы шығыс бағытта Абылай хан даңғылына, одан әрі «Алматы-2» теміржол вокзалына дейін жалғасады. Соңғы станция ретінде «Райымбек батыр» көлік-ауысу торабы қарастырылған.
LRT желісінің бірінші кезеңі толығымен жерүсті бағытта болады. Жоба аясында эстакада салу жоспарланбаған, ал қолданыстағы көпір құрылымдарын күшейту қарастырылған. LRT іске қосылғаннан кейін Б. Момышұлы және Төле би көшелеріндегі жолдың ортаңғы екі жолағы тек жеңіл рельсті пойыздардың қозғалысына беріледі. Олар жиектастар арқылы оқшауланады. Бұл қоғамдық көлік қозғалысына басымдық беріп, оның жылдамдығы мен тұрақтылығын арттыруға және жол-көлік оқиғаларының қаупін азайтуға мүмкіндік береді.
LRT пойыздарының ең жоғары техникалық жылдамдығы 65-70 км/сағ болады. Алайда аялдамалар арасындағы орташа қашықтық шамамен 700 метр болғандықтан, пойыздардың орташа қозғалыс жылдамдығы 30-35 км/сағ деңгейінде болады. Арнайы бөлінген жол қоғамдық көліктің қауіпсіз әрі тұрақты қозғалысын қамтамасыз етеді.
LRT бірінші желісін 2027 жылдың соңында іске қосу жоспарланып отыр. Бұл мерзім қажетті көлемдегі жылжымалы құрамды дайындау және жеткізу кестесіне байланысты өзгеруі мүмкін.