Осы кезеңде бақылау бекеттерінде 6833 автокөлік тексерілді, деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Алматыда автокөліктерден бөлінетін зиянды шығарындыларды азайтуға және ауа сапасын жақсартуға бағытталған Low Emission Zone (LEZ) жобасын енгізу бойынша пилоттық жұмыс жалғасып жатыр. Қыркүйек айындағы мониторингтің аралық нәтижелері автокөліктердің техникалық жай-күйін және қабылданып жатқан шаралардың тиімділігін бағалауға мүмкіндік береді.
Осы кезеңде бақылау бекеттерінде 6833 автокөлік тексерілді. Оның 922-сінде (13,5%) зиянды шығарындылар деңгейінің белгіленген нормадан асқаны анықталды.
Жанармай жүйесін реттегеннен кейін 561 автокөлік қайта өлшеуден сәтті өтті. Бұл уақытылы техникалық қызмет көрсету мен автокөлік жүйелерін дұрыс реттеу зиянды шығарындылар көлемін азайтуға ықпал ететінін көрсетеді.
Пилоттық жоба автокөліктердің техникалық жай-күйі туралы деректер жинауға, мәселенің ауқымын бағалауға және зиянды шығарындыларды азайтудың алдағы тәсілдерін айқындауға мүмкіндік береді.
Мамандардың мәліметінше, Алматыдағы ауа ластануының шамамен 70%-ы автокөліктерден шығатын зиянды заттарға байланысты. Осыған орай көлік шығарындыларын бақылау және жүргізушілердің экологиялық жауапкершілігін арттыру қаладағы ауа сапасын жақсартудың негізгі бағыттарының бірі саналады.
Қазіргі кезеңде жоба пилоттық режимде жұмысын жалғастырып жатыр. Жиналған деректер алдағы талдау жұмыстары мен тиісті шешімдер әзірлеу үшін пайдаланылады. Жоба аясында қалаға кіруге шектеу енгізу, айыппұл салу немесе жол жүру ақысын алу көзделмеген. Пилоттық жоба биылғы жылдың соңына дейін жалғасады.