Бүгін Алматы әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен кеңейтілген аппараттық кеңес өтті, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе Алматы қаласының креативті экономикасын дамыту шараларына арналды. Бұл бағыт бойынша Алматы қаласы Туризм басқармасының басшысы Ғалия Тоқсейітова баяндама жасады.
2025 жылдың қорытындысы бойынша Алматыда креативті индустрия саласында 21,5 мың кәсіпкерлік субъектісі жұмыс істейді. Саладан түскен салық түсімі 8,5%-ға өсіп, 49,4 млрд теңгеге жетті. Ал негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 4,5 есеге артып, 65 млрд теңге болды.
2024 жылдың қорытындысы бойынша креативті индустрияның жалпы қосылған құны 670 млрд теңгені немесе қаланың жалпы өңірлік өнімінің 2,1%-ы болды. 2025 жылы бұл көрсеткіш 2,3%-ға дейін өседі деп болжанып отыр.
Салық түсімі бойынша ақпараттық технология және геймдевелопмент (26,4 млрд теңге), сәулет саласы (6,2 млрд теңге), сондай-ақ мәдени-демалыс ұйымдары (5,3 млрд теңге) көш бастап тұр. 2026 жылғы 1 тамыздан бастап креативті индустрия бағыттарының тізбесі ЭҚЖЖ-нің 10 жаңа коды есебінен кеңейтілді. Олардың қатарында веб-порталдар, кітап шығару, кино көрсету және кинодистрибуция қызметтері бар.
Алматыда ақпараттық технология, сәулет, кино, сән индустриясы және халықтық қолөнер салаларын біріктіретін креативті хабтар желісі қалыптасып келеді. Олардың қатарында Markova 44, Kyzyl Tan, DEPO ALMATY, Music Almaty, Ololo Kazgasa және өзге де алаңдар бар. Сондай-ақ, креативті индустрия резиденттеріне салықтық жеңілдіктер беру және шетелдік киножобаларды тартуға арналған кинорибейт жүйесін дамыту мәселесі пысықталуда.
Қала әкімі креативті экономиканы дамыту жаңа жұмыс орындарын ашуға, инвестиция тартуға және Алматының еліміздегі жетекші креативті орталық ретіндегі мәртебесін нығайтуға ықпал етуі тиіс екенін атап өтті.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе қала аудандарында жүзеге асырылып жатқан құрылыс-монтаж жұмыстарының барысына арналды. Аудан әкімдері баяндама жасап, нысандардың қазіргі жай-күйі мен өзекті мәселелер туралы ақпарат берді.
Кеңес қорытындысы бойынша Дархан Сатыбалды құрылыс жобаларының жүзеге асырылуын тұрақты бақылауда ұстауды, анықталған кемшіліктерді жедел жоюды және жұмыстардың белгіленген мерзімде аяқталуын қамтамасыз етуді тапсырды.