Алматы әкімі Дархан Сатыбалды көші-қон үдерісін реттеу мен олардың қала инфрақұрылымының дамуына әсері бойынша кеңес өткізді, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Жиында халық көші-қонының негізгі үрдістері және Алматыға тұрғындар легінің бағыттары талқыланды. Күнделікті маятниктік көші-қон және оның қаланың әлеуметтік, көлік және коммуналдық инфрақұрылымға түсіретін жүктемесіне назар аударылды.
Алматы әкімі көші-қонды демографиялық көрсеткіш ретінде ғана емес, қала мен агломерацияда болып жатқан өзгерістердің индикаторы ретінде де қарастыру маңызды екенін атап өтті.
«Біз үшін халықтың қай бағытта қозғалып жатқанын ғана емес, көші-қонның себебін, адамдардың қай жерде тұрып, қай жерде жұмыс істейтінін және Алматыға күнделікті келіп-кету ерекшеліктерін терең зерттеу маңызды. Бұл неғұрлым негізді әрі тиімді шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді», – деді Дархан Сатыбалды.
Талдау деректеріне сәйкес, 2020-2025 жылдары Алматыдағы көші-қон сальдосы 224 мыңнан астам адам болды. Өсімнің негізгі бөлігі елдің басқа өңірлерінен келген ішкі көші-қон есебінен қалыптасты. Бұл ретте қалада күн сайын нақты болатын адамдар саны тіркелген халық санынан едәуір жоғары. Ұялы байланыс операторларының дерегінше, Алматыға күн сайын қала сыртынан шамамен 800 мың адам келеді, олардың басым бөлігі – Алматы облысынан.
Әкімнің пікірінше, бұл деректерді қазіргі жүктемені бағалау үшін ғана емес, көші-қонның себебі мен тетіктерін айқындау үшін де пайдалану қажет.
Кейбір аудандардағы халық санының өсуін тұрғын үй құрылысы, жұмыс орындарының саны, әлеуметтік нысандар және көлік қолжетімділігімен бірге кешенді түрде қарастыру маңызды. Мұндай тәсіл халықтың нақты орналасуы мен күнделікті қозғалысын ескере отырып, қаланың дамуын неғұрлым тиімді жоспарлауға мүмкіндік береді.
«Егер қарбалас уақытта жолға шамадан тыс жүктеме түссе, бұл оны міндетті түрде кеңейту керек дегенді білдірмейді. Ең алдымен көлік легінің қайдан қалыптасатынын және оған қандай фактор әсер ететінін анықтау қажет. Кей жағдайда жолдағы жүктемені адамдардың тұрғылықты жеріне жақын маңда жұмыс орындарын, әлеуметтік нысандарды және басқа да тартылыс орталықтарын дамыту арқылы азайтуға болады», – деді Дархан Сатыбалды.
Кеңесте Алматы агломерациясын дамыту мәселесіне де ерекше көңіл бөлінді. Атап айтқанда, Алматыға іргелес аумақтарда жаңа жұмыс орындарын ашу, білім беру және әлеуметтік нысандар салу, жаңа экономикалық орталықтарды құру ұсынылды. Бұл тұрғындардың қалаға күнделікті қатынауын азайтып, Алматы инфрақұрылымына түсетін жүктемені төмендетуге мүмкіндік береді.
Қала инфрақұрылымын дамыту барысында халық саны мен оның орналасуындағы өзгерістер де ескерілуге тиіс. Халық саны қарқынды өсіп жатқан аудандарда мектеп, емхана, жол салуды, қоғамдық көлікті және басқа да қалалық сервистерді дамытуды алдын ала жоспарлау қажет.
Кеңес қорытындысы бойынша тиісті басқармаларға көші-қон үдерісін, оның ішінде мемлекеттік статистика, ұялы байланыс операторлары және қалалық ақпараттық жүйелер деректерін пайдалана отырып, кешенді талдауды жалғастыру тапсырылды.
Сондай-ақ, тұрғын үй құрылысын, әлеуметтік және көлік инфрақұрылымын жоспарлау кезінде, сондай-ақ Алматы мен Алматы агломерациясын одан әрі дамыту барысында көші-қон үрдісін ескеру жұмысы күшейтіледі.