Алматыда эпидемиологиялық маусым басталғалы бері кене шаққан 2023 адам көмекке жүгінген, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Бұл былтырғы осы уақытпен салыстырғанда 11%-ға көп. Зардап шеккендердің жартысына жуығы 14 жасқа дейінгі балалар. Қалада осындай екі оқиға тіркелген, науқастың екеуі де вакцина алмағандар екен. Өңірлік коммуникациялар қызметінде Алматыдағы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әсел Қалыкова осы эпидемиологиялық жағдай туралы кеңірек баяндады.
Спикердің айтуынша, көктеммен бірге биыл кене де ерте шыққан. Кене шаққан адам алғаш рет наурыз айының басында тіркеліпті. Алматының маңы иксод кенесі кең тараған эндемиялық аумаққа жатады, олар кене энцефалиті мен кене боррелиозын тасымалдайтындықтан қауіпті болып саналады.
«Биыл кене шаққандарды былтырғы эпидемиологиялық маусыммен салыстырғанда ертерек тіркей бастадық. Бұл күннің ерте жылынып, кенелердің белсенді бола бастауымен байланысты. Дәрігерге жүгінгендердің саны артқанына қарамастан, жалпы көрсеткіш көпжылдық орташа деңгейден аспайды. Жағдайды қазір үзбей бақылап отырмыз», — дейді Әсел Қалыкова.
1 наурыздан бастап қалада кене инфекциясы мен халықтың медициналық мекемеге жүгінгендерге апта сайын бақылау жасалады. Зардап шеккеннің барлығына көмек көрсетіліп, қажет еткендеріне кене энцефалитіне қарсы иммуноглобулин егіледі. Қазір медициналық ұйымдар мен Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының қоймасында 7400 мл препарат бар.
Алматыда кенеге қарсы өңдеу жұмысы жалғасып жатыр. Дезинсекцияның бірінші кезеңі 26 наурыз бен 30 сәуір аралығында өтіп, 2366 гектардан астам аумақты қамтыған. Оған орман алқабы, қалалық саябақтар мен алаңқайлар кірді. Екінші кезең 6 мамырда басталды. 17 мамырға дейін 661 гектардан астам аумақ өңделген, бұл жалпы жоспардың шамамен 28%-ын құрайды.
Ең үлкен аумақ Медеу ауданында. Мұнда шамамен 1469 гектар жерді қамту жоспарланған, оның ішінде Медеу, Бутаковка, Көлсай, Сұлусай шатқалы мен басқа да табиғи аймақтар бар. Бостандық ауданында Алма-Арасан шатқалы мен қалалық саябақтардың аумағында кенеге қарсы жұмыс жүргізіліп жатыр. Алатау, Алмалы, Әуезов, Бостандық, Медеу, Наурызбай мен Түрксіб ауданындағы саябақтар мен алаңқайларды өңдеуді толық аяқтап бітіпті.
«Орман алқаптарын күн райына қарап өңдеп, жұмысты жауын-шашын жоқ күндері істейміз. Өңдеуден кейін мамандар аумақтарды ішінара тексеріп шығады. Өңделген жерлерден әзірге кене табыла қойған жоқ. Бұл қолға алынған жұмыстың тиімді екенін көрсетеді», — дейді Алматы қаласы бойынша дезинфекция орталығының директоры Айнұр Ақкошқарова.
Маусым бойы мамандар төрт бағытта — Бутаковка, Медеу, Алма-Арасан мен Қарағайлы шатқалында энтомологиялық бақылау жүргізеді. Маусым басталғалы бері 41 кене ұсталыпты. Біреуі Бірінші Президент саябағының аумағынан табылған. Ұлттық сараптама орталығының бөлімшесінің зертханасы да 187 кенені зерттеген, оның ішінде адамдардан алынғандары да бар екен. Солардың ішіндегі төрт кене ауру тарататындар болып шықты.
Департамент мамандары кене шаққан жағдайда төрт күннен асырмай медициналық көмекке жүгіну қажет екенін еске салды. Алматыда шұғыл көмек көрсететін бес травматологиялық пункт жұмыс істейді, олардың қатарында Балалар шұғыл медициналық көмек орталығы да бар.
Вкцинацияны мамандар алдын алудың ең тиімді жолы деп отыр. 18 мамырдағы мәлімет бойынша, кене энцефалитіне қарсы 2381 адам вакцина алған. Қаладағы медициналық ұйымдарда бельгиялық өндірістегі «ТикоВак» вакцинасының 8 мыңнан астам дозасы бар.
«Вакцинация — кене энцефалитінен қорғанудың ең сенімді тәсілі. Әсіресе тауға жиі шығатын, табиғи ошақтарда жұмыс істейтін немесе тұратын адамдарға өте керек ол. Қыс мезгілінде вакцина алуға үлгермегендерге жедел иммундау схемасы қарастырылған. Ең бастысы — табиғи аймақтарға шығардан кемінде екі апта бұрын екпе курсын аяқтау керек», — деді Алматы қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бөлім басшысы Алмаш Ахметова.
Мамандар сондай-ақ тауда, орманда, саябақтар мен алаңқайларда серуендеп жүргенде сақтық шараларын ұстануға кеңес береді. Жұртшылыққа жабық әрі ашық түсті киім киіп, репелленттер қолданып, серуендеп қайтқаннан кейін киім мен денені мұқият тексеруді ұсынды.