Алматыда жеңіс рухына арналған мерекелік кеш өтті

Алматыда жеңіс рухына арналған мерекелік кеш өтті Сурет: Қайрат Қонысбаев

Оқушылар сарайының Үлкен концерт залында Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына арналған «Ұлы Жеңіс: Ерлікке тағзым – ұрпаққа үлгі» атты тағылымы терең мерекелік концерт өтті.

К.Байсейітова атындағы дарынды балаларға арналған республикалық мамандандырылған музыкалық орта мектеп-интернатының басшылығы мен оқушылары әзірлеген мәдени іс-шара Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылды.  

Кеш қонақтарының қатарында Алматы қаласы әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова, қалалық мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңес мүшелері, еңбек ардагерлері болды. Көрермен қатарын оқытушы-оқушылар, сондай-ақ әлеуметтік осал топтың балалары толықтырды. 

Концерт шымылдығын халықаралық байқаулардың лауреаты Береке Енкебаева ашты. Ол Жұмақан Сейіловтың жүрек тебірентер «Ана туралы баллада» әнін орындап, көрерменді бірден ерекше әсерге бөледі. Сахнада ән шырқаған өнерпаздарды Василий Иванов пен Никита Беляковтың дирижерлік етуімен музыкалық орта мектеп-интернатының үрмелі аспаптар оркестрі сүйемелдеді.  

Мерекелік кеште соғыс және соғыстан кейінгі кезеңнің елге кеңінен танылған «Катюша», «Смуглянка», «Темная ночь», «Журавли», «Синий платочек» сынды әндері балалар хоры мен кәсіби әртістердің орындауында шырқалды. Концерт барысында үлкен экраннан соғыс жылдарындағы өмірді бейнелеген көріністер көрсетіліп кеш мазмұнын кеңейтті. 

Қазақстанның халық әртісі, қазақ өнерінің примасы Роза Рымбаеваның сахнаға шығуы - кештің ең әсерлі сәттерінің бірі болды. Қарапайым да жүрекке жетер сөздерімен көпшіліктің көңілін толқытқан әнші сахнадағы жарты ғасырлық өнер жолына шолу жасады:


– Бұл кешке ерекше көңіл-күймен келдім. Мен сахнада 50 жыл бойы ән салып келемін. Осы уақыт ішінде мені әрдайым Әлия апамның рухы қолдап келе жатқандай сезінемін. Ал ән өнеріндегі алғашқы қадамым байқауларға қатысудан басталды. 1975 жылы Алматыда өткен Жеңістің 30 жылдығына арналған патриоттық әндер байқауында «Снег седины» әнін орындап, лауреат атандым. Сол сәт менің үлкен сахнаға жол ашқан алғашқы жеңісім болды. Міне, арада жарты ғасыр өтсе де, сол ән мені осы күнге дейін жетелеп келеді. Бүгінгі күн – ардагерлерге тағзым ететін, бейбіт күннің қадірін сезінетін сәт. Мен елімнің ертеңіне, жас ұрпақтың жарқын болашағына сенемін, - деді халық сүйіктісі.

Осы сөздерден кейін Роза Қуанышқызы «Әлия», «Қазақ елі», «Ертеңіме сенемін», «Снег седины» сынды тыңдармандардың жүрегінен орын алған әсем әндерін орындады. Өнер иесінің әрбір әні – жүректің үні, халықтың сағынышы, уақытпен үндескен әуен секілді әсер қалдырды.

Концерт соңында Александр Пахмутова мен Михаил Львовтың «Поклонимся великим тем годам» және Давид Тухмановтың «Жеңіс күні» әндері орындалып, барлық қатысушылар сахнада бас қосып, бұл кештің рухын бір арнаға тоғыстырды. Одан кейін Алматы қаласы әкімінің атынан ықылас гүлі табысталды. Өнерпаздарға көрермендер орындарынан тұрып, ұзақ қол шапалақтап құрмет көрсетті.
 
 

Қайрат БЕГАЛИН,
Алматы қаласы Мәслихатының депутаты:
 
Жеңістің мәңгілік мәні

– К.Бәйсейітова атындағы дарынды балалар мектебі оқушыларының Жеңістің 80 жылдығына арналған мазмұнды, мағыналы концертін тамашаладық. Ұлы Жеңіс – ата-бабаларымыздың қаны мен жаны арқылы келген қасиетті ұғым. Осындай кештер жас ұрпақтың жүрегіне елге деген сүйіспеншілік пен бейбіт өмірдің бағасын ұялатады. Бұл – өткенге тағзым ғана емес, келешекке сеніммен қарауға жетелейтін тағылымды сәт. Бүгінгі кеш – тек өнер мерекесі ғана емес, тарихпен тілдескен, жүректерді біріктірген, өткенге тағзым мен болашаққа аманат жүктеген рухани кеш болды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

17:46

17:07

14:23

14:17

14:15

14:07

13:17

12:23

11:09

10:40

10:12

08:43

21:19

20:24

18:18

17:43

17:37

17:27

17:15

17:04

16:49

16:28

16:23

15:45

15:19