Акция талабы бойынша, балалар 3 келі, ал ересектер 7 келі жаңғақ жинаулары тиіс.
Яғни, осынша мөлшерде емен жаңғағын жинаған адамға тегін билет беріледі, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz «Хабар 24» cайтына сілтеме жасап.
Биыл іс-шараның тұрақты түрде өтіп келе жатқанына - 8 жыл. Қазан айында басталып, бір айға жалғасады. Оған қаланың қарапайым тұрғындарынан бастап, мекемелер мен оқу орындары да қатысады.
«Осыдан 3-4 жыл бұрын қаладағы бір балабақша 160 келі жаңғақ жинап алып келді. Кішкентай бүлдіршіндер саябаққа серуендеуге шыққанда өз қолдарымен жинаған. Жоғары оқу орындарының студенттері жақсы атсалысады. Олар тегін билеттерді балалар үйлеріне немесе қарттар үйіндегі кісілерге беруімізді өтінеді», - дейді Алматы хайуанаттар бағының ресми өкілі Ақжәми Рахимова.
Хайуанаттар бағының қызметкерлері 2019 жылы мұндағы жануарлардың қыс бойы жаңғақ жеп шыққандығын айтады. Себебі сол кезде 4 тоннадан астам өнім жиналған. Әзірге мұндай көрсеткіш әлі қайталанбапты. Былтыр 3 тоннадан асыпты.
«Бұл емен жаңғағы негізгі тамақтың үстінен қосымша ретінде беріліп отырады. Емен жаңғағын қазақта шошқа жаңғағы деп те атайды. Атауы айтып тұрғандай, біздегі 2014 жылдан бастап өмір сүріп жатқан жабайы қабандар, бұғы тұқымдастар, ақбөкендер де жаңғақ жеуді үйрене бастады. Біз малдарды қысқы уақытқа күйлерін жақсарту үшін осындай іс-шараларды жүргізіп отырмыз», - дейді Алматы хайуанаттар бағының бөлім меңгерушісі Балабек Мақатов.
Одан өзге керік, марал, ешкі мен қой да жаңғақты сүйсініп жейді. Мамандардың айтуынша, оның құрамы пайдалы заттарға бай. Сондықтан қыс кезінде ешқандай артық болмайды. Акция 7 қарашада аяқталады. Дәл сол күн – хайуанаттар бағының құрылған күні. Биыл зообаққа – 85 жыл. Ал, шараға белсене атсалысқандарға алғыс хатпен қоса бағалы сыйлықтар да табысталады.