Алматыда гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы акция жұмысы қорытындыланды

Алматыда гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы акция жұмысы қорытындыланды Сурет: Қайрат Қонысбаев

Алматының Наурызбай ауданындағы Оқушылардың инновациялық шығармашылық орталығында «Гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күндік белсенді іс-қимыл» науқанын қорытындылаған конференция өтті.

Білім басқармасының Психологиялық қолдау орталығы (ПҚО) ұйымдастырған конференцияның мақсаты – атқарылған жұмыстың қорытындысын шығару, қоғам назарын отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселесіне аудару және кез келген агрессияға төзуге болмайтын ұстанымды көрсету.

Конференцияда 16 күн ішінде атқарылған іс-шаралар топтастырылған бейнеролик көрсетілді. Ол – тек 16 күннің нәтижесі емес, жыл бойы жасалған еңбектің көрінісі. Әр іс-шара – бір адамның өмірін өзгерте алатын қадам. Атқарылған жұмыстар мен профилактикалық іс-шаралар туралы Алматы қаласы әкімі жанындағы Әйелдер істері және отбасы-демографиялық саясат жөніндегі комиссия хатшысы-бас инспектор Амангүл Алжикеева баяндама жасады. Ал Полиция департаментінің Қоғамдық қауіпсіздік басқармасы бастығының орынбасары Айтан Елеусізов әріптестерін бұдан әрі де бірігіп, қоян-қолтық әрекет етуге, әсіресе жасөспірімдермен жұмысты күшейтуге шақырды.  

«Статистикаға сүйенер болсам, жыл басынан бері қалада қылмысқа ұрынған екі жүз алпыс оқушы тіркелді. Олардың біреуі – кісі өлтіру, жетпіс екісі – тонау, төрт оқиға – қарақшылық және үшеуі бопсалау әрекеті бойынша. Суицидке баратын жасөспірімдер қатары да аз емес.  Бұл көрсеткіштер, әрине, қуанатын жағдай емес. Бізге бұл қағаз бетіндегі жай ғана сан болып көрінуі мүмкін. Ал шын мәнінде әр көрсеткіштің артында бала тағдыры, бір отбасының қасіреті жатыр. Сондықтан мұндай акциялардың он алты күнмен шектелмей, ұдайы көрініс тауып отырғаны оң болары сөзсіз», – деді Айтан Елеусізов.

Құқық қорғау органдарының дерегінше, кейінгі жылдары тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілерін жасырмай, құқық қорғау органдарына жүгінетін азаматтардың саны артқан. Бұл қоғамның құқықтық сауаттылығының өскенін көрсетеді. Алайда сарапшылар әлі де көптеген жағдай тіркеусіз қалатынын, сондықтан ақпараттық жұмысты күшейту қажет екенін айтып отыр.
«Жан-Сая» дағдарыс орталығы директорының орынбасары Татьяна Мидо тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбаны болып, барар жері, басар тауы қалмаған әйел-аналарды құшағындағы, жетегіндегі балаларымен паналатып, жөн, жол сілтеп жүрген орталықтың жұмысы туралы баяндап берді.

«Жан-Сая» 52 орынға шақталған. Бізге арқа сүйеп келген жандар жарты жылға дейін тұра алады. Биылғы он бір айда біздің орталықтың қызметін 445 адам алды, олардың 150-і – әйел, 295-і – бала. 1001 адам психологтің алдынан өтті, кеңесін алды. 53 әйелге жұмыс табуына қолдау көрсеттік. Ал 67 отбасы татуласып, қайта қосылды», – дейді Т.Мидо. 

Осы орталықтың заңгері Гүлшара Сапарова құқықтық алгоритмдер және заңның қазіргі қорғаныс механизмдері туралы сөз қозғады. Ал «Оtbasy academy» психологы Ержан Мырзабаев «Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың балаға әсері» туралы әңгіме өрбітті. 

«Бала үйде болып жатқан жанжал туралы дауыстап айтпайды, үнсіз қалады. Сондықтан біз ол ештеңе білмейді деп ойлаймыз. Ал шын мәнінде тереңіне үңіліп қарар болсақ, ондай отбасындағы кез келген баланың жаны жаралы», – дейді психолог Ержан Мырзабаев.

Конференция жұмысына Алматы лингвистикалық колледжінің студенттері де белсене қатысып, жасөспірімдер арасындағы буллингтің алдын алу, қауіпсіз интернет, отбасындағы қарым-қатынас мәдениеті секілді тақырыптарды қаузайтын әсерлі сахналық қойылым қойды.
Отбасы құндылығын дәріптейін суреттер көрмесі де ойға көпшілікті ойға жетелегені анық.

Алқалы жиын қолданыстағы заңнамадағы, әлеуметтік қызметтер жүйесіндегі, жәбірленушілерді қорғау және қолдау саласындағы, сонымен қатар онлайн және офлайн ортада гендерлік зорлық-зомбылықтың жаңа түрлері мен көріністерін, дағдарыс орталықтары мен ҮЕҰ-ның, мемлекеттік қызметтердің рөліне қатысты мәселелерді талқылауға арналған диалог алаңына айналды.

Жалпы, «Гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күн белсенді іс-қимыл» кампаниясы – БҰҰ-ның бастамасымен жыл сайын 25 қараша мен 10 желтоқсан аралығында ұйымдастырылатын жаһандық науқан. Бұл – тек ақпараттық акция ғана емес, қоғамды тәрбиелеу мен бақылауды күшейтуге бағытталған маңызды бастама.

Мамандардың айтуынша, зорлық-зомбылық – бұл тек физикалық күш қолдану емес. Психологиялық қысым, экономикалық шектеу, құқықты таптау, кемсіту, бала мен әйелге көрсетілетін моральдық қысым да зорлыққа жатады. Сондықтан акция қоғам мүшелерін тек қылмыстың алдын алуға ғана емес, кез келген құқық бұзушылыққа бей-жай қарамауға, бір-біріне қолдау көрсетуге шақырады.

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
1
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

11:40

11:30

11:16

11:07

11:05

11:02

10:50

10:47

10:35

10:35

10:08

09:56

09:44

09:37

09:14

08:56

08:42

17:49

17:45

17:31

17:07

16:31

16:29

16:28

16:27