Алматыда Ерменсай шағынауданы мен Бостандық ауданындағы тұрғын үй кешендерін үздіксіз таза сумен қамтамасыз ететін су құбыры салынып жатыр, - деп хабарлайды aqshamnews.kz.
Бостандық ауданына қарасты Ерменсай шағынауданында ауызсу тапшылығы мәселесін шешу мақсатында реверсивті су құбырының құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Жоба жүзеге асса, Ерменсай мен іргелес ірі тұрғын үй кешендерінің тұрғындары тәулік бойы үздіксіз сумен қамтылады. Бұл жөнінде қалалық Энергетика және сумен жабдықтау басқармасы мәлімдеді.
Жобаны «SGGroup Сапа Строй» ЖШС Алматы қаласының Энергетика және сумен жабдықтау басқармасымен бірлесіп, техногендік сипаттағы төтенше жағдайдың алдын алу және апаттық-қалпына келтіру жұмыстары аясында жүзеге асырып отыр.
Құрылыс жұмыстары екі негізгі бағытқа бөлінген. Бірінші бағыт – әл-Фараби даңғылынан «Sakura», «Silver Hills» және «Verona» ТҮК-не дейінгі аралықта сорғы станциясы салынып, су құбыры мен электр желілері тартылады, жол төсемесінің негізі дайындалады. Бұл жұмысты 2025 жылдың 1 қыркүйегіне дейін аяқтау жоспарланып отыр.
Екінші бағыт – «Sakura» тұрғын үй кешенінен «Нұрлытау» су дайындау станциясына дейінгі аралықта да осыған ұқсас құрылыс жұмыстары 2025 жылы 25 желтоқсанына дейін жалғасады. Ал жолдың үстіңгі қабатын асфальттау және көріктендіру жұмыстары 2026 жылы наурыз-сәуір айларына жоспарланған.
Сонымен қатар әл-Фараби даңғылының оңтүстік жағында жаңадан су бұру жүйесін орнату көзделген, ол бойынша қосу жұмыстары биылғы жылдың төртінші тоқсанында жүргізіледі.
Қазіргі уақытта инженерлік-геологиялық және топографиялық зерттеу жұмыстары аяқталып, жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде, сорғы станциялары салынатын орындар нақтыланды. Бүгінге дейін 3,3 шақырымнан астам су құбыры тартылып, тұрғын үйлерді уақытша сумен қамту үшін сорғы станциясы мен құбыр желісі орнатылып жатыр.
«Бұл жоба – Бостандық ауданы тұрғындарының тіршілігі үшін аса маңызды. Бас мердігер құрылыс жұмыстарын жеделдетілген кесте бойынша жүргізіп, ықтимал қауіп-қатерлерді азайтып, халықты үздіксіз таза сумен қамтамасыз етуге бар күшін салып отыр», – деді жобаның директоры Сергей Ковалев.