Алматыда Экология департаментінің 2025 жылғы жұмысының қорытындысы шықты. Осы кезеңде 125 тексеріс жасалып, 109 рет экологиялық заңнама талабы бұзылғаны анықталып, ондаған нұсқама берілді. Зияндылықты азайтып, қалдықтарды бақылау мен ауа сапасын бақылау бағыты әлі де негізгі басымдық болып қалып отыр. Алматы қаласы Экология департаментінің басшысы Дінмұхамед Лесбеков Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз конференциясында осылай деп мәлімдеді.
Оның айтуынша, 2025 жылы экологиялық реттеу бөлімі «Е-лицензиялау» порталы арқылы мемлекеттік қызметтің бес түрін көрсеткен. Барлығы 210 өтініш түскен, олардың басым бөлігі (174) қоршаған ортаға әсерді бағалау (ҚОӘБ) қажеттілігін айқындауға қатысты болды. Осы өтініштер бойынша 24 қорытынды берілді, өтініштің біразын иелері кері қайтарып алып, кейбірінен бас тартты, бірнешеуі әлі қаралып жатыр. Қоршаған ортаға әсерді бағалау нәтижесі бойынша 21 өтініш түсіп, оның 15-і бойынша қорытынды берілді. Мемлекеттік экологиялық сараптамаға 10 өтініш тапсырылып, соның бірі қорытынды шығарумен аяқталды. I санаттағы нысандарға экологиялық рұқсат алу үшін 5 өтініш түсті, олардың үшеуі бойынша рұқсат берілді. Жыл ішінде кешенді экологиялық рұқсаттар алу бойынша өтініштер тіркелмеді.
«Алматыда қоршаған ортаға ең көп әсер ететін I санаттағы 18 нысан жұмыс істейді. Ауаны қорғау, су ресурстарын, жер мен жер қойнауын сақтау, флора мен фаунаны қорғау, қалдықтарды басқару, осы заманғы экологиялық технологияларды енгізу мен экологиялық ағарту секілді негізгі бағыттар бойынша олармен үнемі жұмыс жүргіземіз», – дейді Дінмұхамед Лесбеков.
Алматы қаласының экологиялық мәселелерін шешу жөніндегі Жол картасы аясында тоғыз іс-шара қарастырылған. Олардың бір бөлігі орындалып, қалғаны кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатыр. Жол картасының негізгі бағыты жылу энергетикасы кәсіпорындары мен көліктен шығатын шығарындыларды азайтып, ауаның табиғи айналымын сақтауға, сапалы көгалдандыруға, ластануды бақылау мен қалдықтарды басқару жүйесін жетілдіруге бағытталған. Жол картасын іске асырудың нәтижесі 2026 жылғы 9 қаңтарда өткен есептік кездесуде халыққа ұсынылған болатын.
2025 жылы экологиялық бақылауға ерекше назар аударылды. Департамент мамандары жоспарлы профилактикалық жұмыс пен азаматтардың өтініші бойынша, сондай-ақ бұрын берілген нұсқамалардың орындалуын бақылау мақсатында 125 тексеру жүргізді. Нәтижесінде 109 заңбұзушылық анықталып, оларды жою туралы 36 нұсқама берілді.
Жұмыстың едәуір бөлігін құрамында аккредиттелген сынақ зертханасы бар зертханалық-талдамалық бақылау бөлімі атқарды. 2025 жылдың 1–3 тоқсандары аралығында I және II санаттағы нысандардан өндірістік экологиялық бақылау бойынша 549 есеп қабылданды. Мемлекеттік экологиялық бақылау инспекторларымен бірлесіп, атмосфералық ауаның, стационарлық және жылжымалы көздердің, су нысандарының, топырақтың және радиациялық жағдайдың ластануын бақылау мақсатында 79 тексеру жұмыстары жүргізілді. Жыл ішінде 101 зертханалық тексеру жүргізіліп, 332 сынама алынып, 1 413 зертханалық анықтама жасалды.
Департаментте Алматы қаласында экологиялық заңнаманың сақталуын бақылау жұмыстары тұрақты негізде жалғасатынын, қаланың экологиялық жағдайын жақсарту мен қоршаған ортаға түсетін жүктемені азайту негізгі міндет ретінде болып қала беретінін атап өтті.