Алматы қаласында ұлттық спорт пен мәдени дәстүрді ұлықтайтын «Ұлы дала ойындары» әдеттегідей сән-салтанатпен өтті. Қазақ халқының тарихынан бастау алатын бұл мерекелік фестиваль бүгінде қала жұртшылығы мен қонақтары асыға күтетін мәдени дәстүрге айналғалы біраз жыл.
Алматы ипподромына жиналған ойыншылар Ұлы даланың күш-қуатын, ептілігі мен рухын көрсетті десек артық емес. Фестивальдің мақсаты – ұлттық спорт түрлерін дәріптеу, халыққа кеңінен насихаттау, жастарды ата-бабамыздан қалған асыл мұраға баулу және қадірлей білуге баулу. Фестиваль туының астына жиналған спортшылар мен өнерпаздар Алматының ипподромын ұлттық мәдениет алаңына айналдырды.
Фестиваль шеңберінде халыққа кеңінен танымал көкпар, аударыспақ, теңге ілу, қыз қуу, жамбы ату сынды ат үстіндегі ойындар өте қызықты өтті. Бұл ойындар жігіттің денесін шынықтырып, ептілік, төзімділік, шапшаңдық секілді қасиеттерін жетілдіруге жетелейді. Мәселен, аударыспақ – салт атпен күресетін ойын, ол күш пен ептілікті талап етеді. Әуелде ортаға осы фестивальдің жоғары деңгейде өтуіне атсалысып, көрерменге жамбы ату, теңге ілу, тазы салу, қыранмен аң аулау сынды әдемі қойылымдар ұсынып жүрген «Сұлтан сері» этно-орталығының жігіттері шыққан болатын. Қызды-қыздымен көрермендер арасынан да күшін сынауға ер азаматтар атойлап шыға бастады.
Әсіресе Орталық спорт клубының қызметкері Бауыржан Әбдіқайым деген жігіт шыға келгенде жұрт ду қол соқты. Иә, ол осыдан екі жыл бұрын Алматыда өткен Наурыз мейрамында 50 келі тартатын қошқарды екі сағат ішінде 2040 рет көтеріп, жаңа рекорд орнатқан болатын. Елдің оған бөлек ықылас білдіруі сондықтан. Біздің елдің жігіттері – жігіттердің төресі ғой, қошқар көтерген қара күштің иесі екен деп одан қаймыққан ешкім жоқ, ортаға тағы үш жігіт шықты. Олардың біреуі – Нұрәли деген 19 жасар алматылық бозбала. Беріспеді. Ұзақ белдесті. Әрине, қара күштің иесі, тәжірибелі Бауыржан жеңді. Бірақ батылдығы, оңай аударыла салмаған шымырлығы үшін Нұрәлиге де бір сыйлық бұйырды.
– Немеремді ұйықтап жатқан жерінен оятып алып келдім осы ойындарды көруге. Ат үстіндегі сайыстарды тамашалау ерекше әсер сыйлады маған. Біздің қазақ қыздарының ат үстінде отырғаны қандай керемет! Жебе тартқан сәттері де сұлу ғой! Бұл – нағыз қазақ рухының тойы! – дейді фестиваль көрермені Сайлаукүл Қазбекқызы.
Көкпар да өз деңгейінде өтті. Онда Алматы мен Алматы облысынан құралған команда тартысты. 45 келілік «серкені» ат үстінде асқан ептілікпен іліп алып қазандыққа салу оңай емес. Білектің күші, жүректің рухы сыналатын сайыста екі команда тең түсіп, достық жеңді.
Ат үстіндегі ойындардан бөлек, фестивальде қазақ күресі, асық ату, қол күресі, салмақ көтеру, садақ ату, тоғызқұмалақ секілді ұлттық сайыстар да фестивальге әр берді. Бұл сайыстарға жасөспірімдерден бастап әуесқой спортшыларға дейін қатысты. Әсіресе, балалар арасында ұйымдастырылған асық ату, қазақ күрес жарысы ерекше қызығушылық тудырды. Баласының шашбауын көтере келген ата-аналар да жеңімпаз болып, мойнына медаль таққан жеткіншегінің жеңісіне мәз болып жүр.
Фестиваль тек спортпен шектелмеген. Қала тұрғындары мен меймандары үшін этно-жәрмеңке ұйымдастырылған. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген шеберлер теріден, ағаштан, металдан және киізден жасалған бұйымдарын ұсынды. Сондай-ақ, дәстүрлі қолөнер бойынша шеберлік сабақтары да қызығушылық тудырды.
Ұлы дала ойындарының ең тартымды бөлігі бәйге жарысы болды. Көпшіліктің ықыласын аударған Аламан және Құнан бәйгелері тартысты өтті. Атбегілер баптаған сұлу тұлпарлар жанкешті шабандоздарымен бірге желмен жарыса шапқанда қалың көрерменнің де делебесі қозып, қиқулап дем беріп отырды.
Көз ұшында кеудесін керіп, тұяғын жерге түйіп алған барлық тұлпар бар күшін салып келеді. Даланың тынысы – еркін, даланың үні – дүбір. Сол дүбірдің арасынан жал-құйрығы желмен жарысқан тұлпардың тұяқ үні өзгеше естіледі екен-ау! Тұяғы қара жерге тиген сайын даланың жүрегі дүрсілдейтіндей.
Мәреге таяп қалған балаң шабандозды да байқап тұрмыз. Көзінде жалын, жүзінде сенім бар. Қолындағы тізгіні нық. Денесі иіліп, жел екпініне қарсы еңкейген бір сәтінде тұлпары екеуі біртұтас жаратылыстай көрінеді. Міне, мәре сызығын да кесіп өтті.
Бұл сәт – жігер мен ерліктің, рух пен намыстың жарасқан, тоғысқан шағы. Шабандоз бала сұлу тұлпарының мойнына асылып, оған рахмет айтып жатқанын алыстан-ақ байқадық.
Бәйге жеңімпаздарына ұйымдастырушылар тарапынан қомақты сыйлықтар табысталды. Аламан бәйгенің (18 км) 1-орнын – Тұрсынбек Әлинұр (Жамбыл облысы), 2-орнын – Абзал Тұрғанбек (Батыс Қазақстан облысы), 3-орнын – Айсұлтан Саматұлы (Алматы облысы), 4-орнын – Болат Әбдікәрім (Алматы облысы), ал 5-орнын Исламбек Әуезхан иеленді.
– «Ұлы дала ойындарын» жібермей көремін. Әсіресе, ат спортын жаным сүйеді. Бала күнімнен жылқы малына өте жақын болып өстім. Әкем малсақты кісі еді. Тұлпар баптап, ат әбзелдерін жасаған ұста болған. Атымды Әбзел деп қойғаны да бекер емес. Бес жасымнан атқа отырғызды. Жайлауда желмен жарысып өскен қызбын. Ат бәйгесі десе делебем қозып тұрады. Осыдан төрт-бес жыл бұрын осы ипподромда аттан жығылып, жүре алмай қалып, біраз қиналғаным бар-ды. Балаларым әрең жіберді осы фестивальге. «Қызды-қыздымен алдыңғы жаққа шығып кетіп жүрмеңіз. Тып-тыныш үйде отырсаңыз болар еді» деп мені айнытқысы келді. Қалай отырамын үйде мынадай дүбірдің ішінде жүруім керек қой (күледі). Бұл – үлкен-кішіні біріктіріп, ұрпақ сабақтастығын көрсететін мереке. Бұл ойындарда тек аттың жүйріктігі ғана емес, шабандоздың шеберлігі де сыналады. Осындай жарыстар бізді шынықтырып, ұлттық спорттың қадірін арттырады, – дейді алматылық зейнеткер Әбзелхан Әжімолдаева.
Фестивальді ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай іс-шаралар ұлттық спортты ғана емес, ұлттық мәдениетті де кеңінен насихаттауға жол ашады.
– Біз жастарымызды тарихын, дәстүрін ұмытпауға, атқа міну мәдениетін қайта игеруге шақырамыз. Мұндай іс-шаралар жастардың бойында ата-баба дәстүріне деген құрметті қалыптастырып, ұлттық сананың өсуіне ықпал етеді. Сонымен бірге, бұл фестиваль елдің этно-туризмін дамытуға, Қазақстанды шетелдік қонақтарға таныстыруға септігін тигізіп келеді, – дейді «Алматы жаттықтырушыларының ассоциациясы» ЖШС-нің өкілі Бауыржан Талғатұлы.
Иә, Алматыда өткен «Ұлы дала ойындары» – қазақ халқының ғасырлар қойнауынан жеткен асыл қазынасының бүгінгі ұрпақпен қайта қауышуы. Ол – өткен мен бүгінді, дәстүр мен заманауилықты жалғайтын рухани көпір.
Ұлы даланың асқақ рухын дәріптеген осындай мерекелік іс-шаралар ұлттық мәдениеттің жандануына серпін беріп, елдің болашағына бағыт сілтер игілікті бастама болып қала бермек.
«Ұлы дала ойындары» фестивалін «Арқайым» нео-этно-фолк тобы мен «Алатау серілері» ән-жырымен қолдады.