Алматы қаласында қала әкімінің орынбасары Нұрлан Абдрахимнің, Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Пашимовтың және медициналық ұйымдар өкілдерінің қатысуымен денсаулық сақтау жүйесінің алқа отырысы өтті, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Отырыс барысында 2026 жылдың I тоқсанының қорытындылары шығарылып, саланы одан әрі дамытудың басым бағыттары айқындалды.
Алматы қаласының денсаулық сақтау жүйесі негізгі көрсеткіштер бойынша тұрақты оң динамика көрсетіп отыр. 2026 жылдың I тоқсанының қорытындысы бойынша жалпы өлім-жітім 17,2%-ға төмендеді. Қан айналымы жүйесі ауруларынан болатын өлім-жітім 40,8%-ға, онкологиялық аурулардан — 19%-ға, туберкулезден — 30,8%-ға айтарлықтай азайды.
Халық денсаулығы көрсеткіштерінің жақсаруы және медициналық көмектің тиімділігінің артуы байқалады.
Қалада денсаулық сақтау жүйесін жаңғырту жұмыстары белсенді түрде жалғасуда. Алғашқы медициналық-санитариялық көмек кезең-кезеңімен нығайтылып, жоғары технологиялық медициналық көмектің түрлері дамытылуда, цифрлық шешімдер мен заманауи сервистер енгізілуде, жастар денсаулық орталықтарының желісі кеңейтілуде. Кадр саясатына ерекше көңіл бөлінуде: мамандар даярлау жүргізіліп, медицина қызметкерлерінің біліктілігі арттырылуда және кадр тапшылығын азайтуға бағытталған жүйелі шаралар іске асырылуда.
Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету кеңейтіліп, медициналық жабдықтарды жаңарту жалғасуда. Қалада жаңа медициналық нысандар пайдалануға беріліп, жұмыс істеп тұрған ұйымдар жаңғыртылуда, бұл медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Цифрландыру белсенді түрде дамуда: рецепттердің 92%-ы электрондық форматта рәсімделуде, телемедицина мен бірыңғай call-орталықтың мүмкіндіктері кеңейтіліп, жүйенің ашықтығы мен басқарылуы артуда.
Алқа қорытындысы бойынша Алматы қаласының денсаулық сақтау жүйесі тұрақты даму мен негізгі көрсеткіштер бойынша оң динамиканы көрсетіп отырғаны атап өтілді. Медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін одан әрі арттыру жұмыстары қала әкімдігінің тұрақты бақылауында жалғасатын болады.