Өңірлік коммуникациялар қызметінде «FABRIQA» жобасының авторы Денис Лекомцев осы туралы жан-жақты айтып берді, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Алматыда жеке «FABRIQA» жобасы 2025 жылы шамамен 700 тонна тоқыма жинады. Қалада киімді бөлек жинауға деген сұраныстың күшті болғаны соншалық, көктемде кейбір арнаулы контейнерлер небәрі төрт-бес сағаттың ішінде толып қалған.
«FABRIQA» жобасы Алматыда тоқыма бұйымын жинау, сұрыптау мен қайта өңдеумен айналысады. Өндіріс 2025 жылдың ақпан айында грантсыз, жеке инвестицияның есебінен іске қосылған. Қалада киім жинауға арналған жеке контейнерлер желісі, қойма, сұрыптау мен өндіріс орындары жұмыс істейді. Денис Лекомцевтің айтуынша, соңғы бір жарым жылдағы тәжірибе Алматы тұрғындарының қажетсіз киімді қайта өңдеуге тапсыруға дайын екенін көрсетіпті. Биылғы көктемде сұраныстың артқаны сонша, кейбір контейнер босай салысымен бірнеше сағаттың ішінде қайта толып кетіп отырған.
«Кейбір контейнерлер босағаннан кейін үш-жеті сағатта қайта толып қалатын. Біз киімдерді алып үлгермей жаттық. Бір жарым жыл ішінде тұрғындар киім әкелуді тоқтатқан жоқ. Керісінше, бокстар туралы көбірек білген сайын, олар соғұрлым тез тола бастады. Менің ойымша, бұл Алматыдағы қалдық мәселесіне қатысты ең жақсы жаңалықтың бірі: қалада саналы тұтыну мәдениеті қалыптасқан, оларға тек қалдықты қайда апарып тапсыру керектігін көрсетіп, жол нұсқау керек», – дейді Денис Лекомцев.
Жоба авторының пікірінше, қазір тоқыма қалдығының едәуір бөлігі қолданыстағы жүйеде іс жүзінде есепке алынбайды. Киім кәдімгі қоқыс контейнеріне түскеннен кейін қайта пайдаланып, қайтара өңдеуге жарамсыз болып қалады. Тоқыма суланып, ластанады, қоқыс таситын көлікке түскеннен кейін оны қайта қалпына келтіру тіптен мүмкін емес екен.
Сұрыптау кешендерінде қалдықтың жалпы ағынынан әдетте қағаз, шыны, металл мен пластикты бөліп алады да, тоқыма бұйымдары сұрыпталмайды. Сондықтан Денис Лекомцевтің пікірінше, ең тиімді тәсіл – киімді тұрғын үйлердің маңында бірден бөлек жинау. Сонымен бірге, спикердің айтуынша, қайта өңдеу заттың өмірлік цикліндегі ең соңғы кезең болуы тиіс. Ең алдымен киімді басқа адамдарға беріп, секонд-хендтер мен ресейлді платформалар арқылы сатып, айырбастап, жөндеп, қайта пайдаланған жөн.
«Негізгі міндет – затты қайта өңдеу емес, оны қайта пайдалану мен мүмкіндігінше ұзақ қолдану. Қайта өңдеу – басқа жолы қалмағанда істейтін ең соңғы амал. Екінші иесі тағы да пайдаланған бір зат сол затты талшыққа қайта өңдегеннен гөрі көбірек ресурсты үнемдеуге мүмкіндік береді. Сондықтан секонд-хендтерді, ресейлді, айырбастау мен жөндеуді дамыту қазіргі уақытта жаңа қайта өңдеу қуатын құрумен бірдей», – дейді спикер.
Бүгінде «FABRIQA» жинайтын тоқыма бұйымдарының шамамен 70%-ы зауыттар, автосервис пен құрылыс алаңында сүртуге арналған материал болып қайта өңделеді. Тағы шамамен 10%-ы қайырымдылыққа беріледі, ал заттардың 1-1,5%-ы секонд-хенд арқылы қайта пайдалануға қайтарылады.
Жиналған тоқыма көлемінің шамамен 18-19%-ын қайта өңдеу мүмкін емес. Оған қатты зақымдалған заттар, жағдайы нашар аяқ киімдер, сондай-ақ тұрғындар контейнерлерге қалдырып кететін бөтен заттар жатады.
Денис Лекомцевтің пікірінше, заттарды қайта пайдаланудың үлесі айтарлықтай жоғары болуы керек. Алайда бүгінде киімді сапасына қарай сұрыптап, кейін оны ел ішінде өткізу көбіне материалды техникалық өнімге қайта өңдеуге қарағанда экономикалық тұрғыдан күрделірек болып отыр.
Сонымен бірге ескі тоқыма бұйымы қаншама өнімді өндіруге арналған шикізат та бола алады. Қайта өңделген талшықтан тоқыма емес материалдар, көлік өнеркәсібіне арналған дыбыс оқшаулағыш пен жылу оқшаулағыш, құрылыс материалын, геотекстиль, матрац пен жастыққа арналған толтырғыш өндіріледі. Спикер Қазақстан үшін болашағы бар бағыттың бірі ретінде термовойлок пен басқа да тоқыма емес материал өндірісін атады. Оның айтуынша, бүгінде ел мұндай өнімді шетелден сатып алады, дегенмен оларды өндіруге қажетті шикізат Қазақстанның өзінде де жеткілікті екен.
«Біз жылына 700 тоннадай жиналатыен өз шикізатымызды әзірге мұндай өнімге айналдыра алмай отырмыз. Өткізетін нарық өзімізде де бар. Бұл жерде экологиялық мәселені шешуге, импортты алмастыруды дамыту мен жұмыс орнын бір уақытта құруға мүмкіндік бар. Яғни тоқыма қалдығы қоқыс қана емес, жаңа өндіріске шикізат та бола алады», – деп айтты Денис Лекомцев.
«FABRIQA» жобасының авторының айтуынша, саладағы негізгі мәселенің бірі киім жинауға арналған контейнерлердің нақты бекітілген мәртебесінің болмауы екен. Жоба қалалық әкімдікпен меморандум жасасқанымен, әр контейнерді орналастыру көбіне нақты нысанмен, ауданмен жасалған келісімге байланысты. 2026 жылдың мамыр айының ортасынан бастап қаладағы «FABRIQA» контейнерлерінің саны 40-тан 25-ке дейін қысқарған. Соның нәтижесінде жинау көлемі айына 15-20 тоннаға дейін төмендепті.
Бұл ретте спикер тұрғындар тарапынан сұраныстың азаймағанын атап өтті. Тек киім тапсыруға болатын қолжетімді орындардың саны қысқарған.
Саланы дамыту үшін Денис Лекомцев тоқыма бұйымдарын өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелері жүйесінде жеке санат ретінде бөлуді, абаттандыру қағидаларында киім жинауға арналған контейнерлер орналасатын орындардың ресми мәртебесін бекітуді және қайта өңделген тоқыма бұйымдарынан өнім өндіруді жергіліктендіруді қолдауды ұсынды.
Спикер заттарды қайта пайдаланып, қайта өңдеуге жарамды күйде сақтауға мүмкіндік беретін қарапайым ережелерді де еске салды. Киімді құрғақ күйде және пакетке салып тапсыру керек. Егер контейнер толып тұрса, пакетті оның жанына қалдырмай, бұл туралы операторға хабарлаған жөн. Алайда Денис Лекомцевтің айтуынша, саналы тұтынудың басты қағидаты зат қажетсіз болып қалған сәттен емес, оны сатып алған кезден басталады.
«Саналы тұтыну заттан арылатын сәттен емес, оны сатып алған кезден басталады. Қайта өңдеу – соңғы шек, ол бүкіл мәселенің шешімі емес. Мәселенің шешімі – аз сатып алып, заттарды ұзақ пайдалану. Ал бизнес пен қаланың міндеті – тұрғындарға дұрыс әрекет етуге мүмкіндік беретін инфрақұрылым қалыптастыру», – деп қорытындылады Денис Лекомцев.