Бұл бағаға жасыл желекті сатып алу, отырғызу және сапалы күтімді қамтамасыз ету, 3 жыл бойы суару кіреді
Қалалық экология және қоршаған орта басқармасының басшысы Серік Әділбаев Алматының көгалдандыруына қатысты сапалы өзгерістерді айтып берді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz
«Жасыл желектерді қорғаудың бұрынғы ережесіне сәйкес, 2021-2022 жылдары бір жасыл желекке 500-ден 6000 теңгеге дейін қаражат бөлінді. Бұл сомаға екі жыл ішінде жасыл желекті сатып алу, отырғызу және күту кірді. Осы сомаға сатып алынған жасыл желектер тамырланып өсіп кетпеді, 30%-ы қурап қалды. Осыған байланысты қала әкімі Ерболат Досаевтың тапсырмасымен бір жасыл желекке арналған бюджет 16 мың теңгеге дейін көбейді. Бұл бағаға жасыл желекті сатып алу, отырғызу және сапалы күтімді қамтамасыз ету, 3 жыл бойы суару кіреді», - деді Серік Әділбаев.
Жаңа ережеде көшеттердің сапасы, биіктігі кемінде 2,5-3 метр болуы керек, сонымен қатар, егілген ағаштарды жақсылап суару сынды талаптар күшейді. Бұрын мұндай талаптар болған емес.
2022-2023 жж. күзгі-көктемгі маусымда саябақтарда, скверлерде және Алматы көшелерінің бойында 973 мың көшет отырғызылды, олардың 50%-ы 29 ұңғыманы және жер астындағы су бұру жүйесін салу есебінен суарумен қамтамасыз етілді. Өсімдіктерді суару үшін қазіргі кезде арықтар арқылы өзен ағынын бағыттайтын ескі су жинағыш қалпына келтіріліп жатыр.
Дәстүрлі түрде көшеттер Алматы облысының тәлімбақтарынан сатып алынды. Бұрынғы тәлімбақтар қала қажеттілігінің 60%-ын ғана қамтамасыз ететінін ескеріп, биыл көшеттер климаттық жағдайы Алматы қаласына ұқсас Түркістан облысының тәлімбақтарынан сатып алынады. Болашақта Алматы облысының тәлімбақтарынан көшет тапшылығы жоспарлы жұмыс есебінен шешіледі, бұл тәлімбақтардың жүктемесі мен өндірістік қуатын арттыруға, сонымен қатар, ауылдағы жұмыссыздық мәселесін шешуге мүмкіндік береді.
Естеріңізге сала кетейік, 20 қыркүйектен бастап Алматыда күзгі ағаш отырғызу басталады. Қалада 298 мың көшет егіледі. Күзгі отырғызу қаланың барлық ауданын қамтиды. Атап айтсақ, Медеу ауданында 22 мың, Жетісу ауданында 16 мың, Түрксіб ауданында 28 мың, Наурызбай ауданында 10 мың, Алмалы, Әуезов және Бостандық аудандарында 5 мың, Алатау ауданында 207 мың ағаш.