Оған ертерек басталып, ұзаққа созылған гүлдеу маусымы да кәдімгідей әсер етіп отыр, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Алматы мен бүкіл елде әсіресе балалардың арасында маусымдық аллергиямен ауырғандардың саны күрт өсті. Өңірлік коммуникациялар қызметінде кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институты жанындағы Республикалық аллергологиялық орталықтың жетекшісі, дәрігер-аллерголог Арай Батырбаева осылай деп мәлімдеді.
Былтыр 14 жасқа дейінгі балалар арасында шамамен 4,7 мың аллергиялық ринит пен 3 мыңнан астам бронх демікпесі тіркеліпті. Жасөспірімдерде көрсеткіш төменірек болса, ересектерде керісінше (11 мыңнан астам адам, ринитпен шамамен 7,5 мың адам тіркелген) демікпе жиі кездеседі. Мамандар аллергияны бақылаусыз жіберсе, уақыт өте келе асқынып кететінін айтады.
«Қазіргі таңда аллергиялық аурулар өсіп бара жатыр, әсіресе балалардың арасында. Ересектерден көбінесе бронх демікпесі табылады, бұл аурудың уақыт өте келе асқынатынын білдіреді. Оның бір себебі - Алматыда тозаңның шектен тыс көп болуы, сондай-ақ ауруды кеш байқап, өзін-өзі емдеп, уақыт өткізіп алып жатады кейбірі. Сондықтан аллергия ерте жастан бастап назар аудару қажет ететін созылмалы ауру», — дейді маман.
Алматыда көктемде ағаш тозаңынан (қайың, қандыағаш, терек), жаздың басында — астық тұқымдас шөптерден, жаздың соңы мен күзде — арамшөп, әсіресе жусан мен амброзия қауіпті. Ең күрделі кезең сәуір–мамыр, маусым–шілде мен әсіресе тамыз–қыркүйек айы, бұл кезде ауру барынша асқынады.
«Соңғы жылдары тозаңдану маусымы ертерек басталып, ұзаққа созылып жатыр. Бұл климаттың өзгеруімен байланысты. Ең ауыр кезең — жаздың соңы мен күздің басы, жусан мен амброзия гүлдейтін уақыт. Дәл осы кезде көбінде аурудың белгілері күшейеді», — деп түсіндірді дәрігер.
Қазіргі заманғы диагностикаға теріге жасалатын прик-тесттер, қандағы арнайы IgE талдауы, сондай-ақ аллергеннің жеке ақуызына реакцияны анықтайтын компоненттік диагностика жатады. Кей жағдайда қосымша зерттеу, соның ішінде спирометрия жүргізіледі.
«Қазіргі диагностика аллергияның нақты себебін анықтай алады. Біз тері тесттерін, қан талдауын, молекулалық диагностиканы қолданамыз. Бұл емді дұрыс таңдап, қауіпті бағалауға көмектеседі. Кей жағдайда тыныс алу жүйесіне қатысты қосымша зерттеу жүргізіледі», — деді Арай Батырбаева.
Мамандар гүлдеу кезеңінде аллергендермен байланысты азайтуды ұсынады: құрғақ әрі желді күндері, әсіресе таңертең сыртта аз болып, үйге келген соң жуынып, киім ауыстырып, мұрынды шаю керек. Үй ішінде терезені жауып, бөлмені ылғалдап, ауа тазартқыштарды қолдану қажет.
«Алдын алудың басты мақсаты — тозаңмен байланысты азайту. Тозаң деңгейін бақылап, сыртқа шығу уақытын дұрыс жоспарлап, аурудың алдын алған дұрыс. Сондай-ақ өзін-өзі емдеуге болмайды: антигистаминдер белгілерді жеңілдеткенімен, аурудың себебін жоймайды. Белгілер қайталанса, міндетті түрде дәрігерге қаралу керек», — деп атап өтті ол.
Сарапшылар маусымдық аллергияны жиі суық тигенмен шатастыратынын да айтады. Аллергия кезінде дене қызуы болмайды, бірақ қышынып, түшкіріп, көзден жас ағады, әрі белгілер ұзақ сақталып, жыл сайын қайталанады. Емсіз бұл ауру өздігінен кетпейді, керісінше асқынып, демікпеге әкелуі мүмкін.
Қазіргі таңда ең тиімді емдеу әдісі — аллерген-спецификалық иммунотерапия. Ол 3–5 жылдық курс түрінде жүргізіліп, белгілерді азайтып, аурудың өршуін баяулатады. Дегенмен мамандар ауруды ерте анықтап, «өзі кетеді» деп жүре бермей, уақытылы емдеу керектігін ескертіп отыр.