Гонконгта өткен жеңіл атлетикадан жастар арасындағы Азия чемпионатында (U20) Шығыс Қазақстан облысының спортшылары жоғары нәтиже көрсетіп, ел қоржынына жүлде салды, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
28-31 мамыр аралығында өткен Азия чемпионатына ең мықты жас жеңіл атлеттер қатысып, жүлделер үшін тартысты бәсеке өрбіді. Қазақстан құрамасы сапында өнер көрсеткен шығысқазақстандық спортшылар өз шеберліктерін дәлелдеп, жүлделі орындардан көрінді.
Қазақстан жастар құрамасының мүшесі, спорт шеберлігіне кандидат Асқар Өмірзақ онсайыс бағдарламасында қола медаль жеңіп алды. Оның айтуынша, жарыс барысында спортшыларға ең алдымен өңірдің климаттық ерекшеліктері сынақ болған.
– Гонконгтағы ауа райына бейімделу оңайға түскен жоқ. Ылғалдылық жоғары болды. Соған қарамастан бар күшімізді салып, әр кезеңде үздік нәтиже көрсетуге тырыстық. Жанкүйерлердің сенімі мен қолдауы маған ерекше мотивация берді, – дейді спортшы.
Ал Қазақстан Республикасының спорт шебері Софья Киденко ұлттық құрама сапында 4×400 метрлік эстафетада күміс медаль иеленді. Оның айтуынша, жарыс жоғары деңгейде ұйымдастырылып, қатысушылар арасында тартыс өте күшті болған
– Жарыс ұмытылмас әсер қалдырды. Теңіз жағалауындағы жоғары ылғалдылыққа қарамастан, біз тез бейімделіп, өз мүмкіндігімізді толық көрсетуге тырыстық. Финалда бірінші орынды Үндістан құрамасына бердік. Дегенмен, күміс жүлде де – үлкен еңбектің нәтижесі. Бұл Азия чемпионаттарындағы кезекті табысымыз, – дейді Софья Киденко.
Жүлдегер спортшылардың бапкері Тамара Бучацкая халықаралық деңгейдегі жарыстардың жас атлеттер үшін маңызы зор екенін атап өтті.
– Азия чемпионаты спортшылардың тәжірибесін арттырып, кәсіби тұрғыда өсуіне мүмкіндік береді. Олар жарысқа тыңғылықты дайындалып, алдымызға қойған міндеттерді толық орындады. Нәтижелеріне көңілім толады. Алдағы уақытта бұдан да биік белестерді бағындыруға жұмыс істейміз, – деді бапкер.
Азия чемпионатындағы бұл жетістік – спортшылардың табанды еңбегі мен жүйелі дайындықтың нәтижесі. Жас атлеттердің халықаралық аренадағы табысы Шығыс Қазақстан облысында жеңіл атлетиканың қарқынды дамып келе жатқанын көрсетіп, отандық спорттың беделін арттыра түсті.