Өңірлік коммуникациялар қызметінде аталғаноқу құралы таныстырылып, бұл іс-шара 15 наурызда өтетін республикалық референдумға орайластырылды., – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Авторлар жаңа Конституция әр азаматтың құқықтары мен бостандығына, өмір сапасына тікелей қатысты екенін атап өтіп, оның ережелерін мамандар ғана емес, бүкіл қоғам түсінуі керектігін айтты.
Оқу құралын университеттің ғалымдар ұжымы даярлап, жаңа Конституция жобасын жан-жақты талдауға арналған. Басылымда қолданыстағы Негізгі заң нормалары мен ұсынылып отырған өзгерістер егжей-тегжейлі салыстырылып, әр түзетудің себебіне үңілген, олардың құқықтық және әлеуметтік мәнін ашып, сондай-ақ жаңа ережелерді іске асырудың нәтижесі қалай боларын болжайды. Азаматтардың конституциялық сауаттылығын арттыруға бағытталған жобадағы тың идеялар мен құндылықтарға да ерекше назар аударған.
Авторлық ұжымды әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Басқарма төрағасы, ректоры, филология ғылымдарының докторы, профессор, Конституциялық комиссия мүшесі Жансейіт Түймебаев басқарды. Басылымды дайындауға басқарма төрағасының орынбасары, университеттің бірінші проректоры, заң ғылымдарының докторы, профессор, Конституциялық комиссия мүшесі Еркін Дүйсенов пен университеттің тағы 28 профессор-оқытушысы қатысты. Қоғамдық талқылау барысында он мыңнан астам азаматы өз ұсынысын енгізіп, ҚазҰУ ғалымдарының идеясы жаңа жобада тікелей көрініс тапқаны атап өтілді.
Авторлардың айтуынша, жаңа Конституцияны қабылдау қажеттілігі цифрландыру, экологиялық қауіптер, инновациялардың дамуы, меншіктің жаңа нысандарының пайда болуы мен әлемдік саяси-экономикалық жағдайдың өзгеруі сияқты қазіргі заманғы сын-қатерлермен байланысты туған. Жоба адам құқықтары мен бостандықтарын күшейтуге, демократия мен әлеуметтік қорғаудың жаңа стандарттарын енгізуге, сондай-ақ билік тармақтары арасындағы өкілеттіктердің нақты теңгерімі мен мемлекеттік институттардың ашықтығын қамтамасыз ету арқылы басқару жүйесін жетілдіруге бағытталған.
«Жаңа Конституция жобасында мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы әрі егемендіктің иесі – Қазақстан халқы екені бекітілген, ал мемлекеттің ең жоғары құндылықтары ретінде адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары танылады. Жаңа преамбулада халық бірлігі, Ұлы Даланың мыңжылдық тарихының сабақтастығы, мемлекеттің унитарлық сипаты, аумақтық тұтастығы мен шекарасының мызғымастығы айқын көрсетілген. Сонымен қатар мәдениет, білім, ғылым мен инновацияны дамыту, табиғатқа ұқыпты қарау, өзге мемлекеттермен достыққа ұмтылу сияқты құндылықтар көрініс тапқан», – деді әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Басқарма төрағасының орынбасары, Бірінші проректор Еркін Дүйсенов.
Жоба 11 бөлімге біріктірілген 96 баптан тұрады. Бірінші бөлім «Конституциялық құрылыстың негіздері» деп аталады және онда мемлекеттің негізгі қағидаттары – егемендік пен тәуелсіздік, заң үстемдігі, адам құқықтарын қорғау және жалпыұлттық бірлікті нығайту бекітілген. Құқықтар мен бостандықтар туралы бөлімде жеке өмірге қол сұқпаушылыққа, дербес деректерді қорғауға кепілдіктер егжей-тегжейлі жазылған, сондай-ақ бір адамның құқықтарын жүзеге асыруы басқа адамдардың құқықтарын бұзбауы тиіс деген қағида айқындалған.
«Меншік құқығын қорғау мен меншік иелерінің жауапкершілігіне, сондай-ақ қоршаған ортаны қорғауға ерекше мән берілген. Алғаш рет конституциялық деңгейде әркімнің еңбек етуге және кәсіпті еркін таңдауға құқығы бекітіледі. Адами капиталды, білімді, ғылым мен инновацияларды дамыту мемлекеттің стратегиялық бағыты ретінде танылады. Құжатта ер мен әйелдің ерікті одағы ретіндегі неке мен отбасын қорғау нормалары да бекітілген», – деп атап өтті әл-Фараби атындағы ҚазҰУ заң факультетінің деканы, заң ғылымдарының кандидаты, профессор Уалихан Ахатов.
Сонымен қатар жоба жаңа мемлекеттік институттарды құруды көздейді. Атап айтқанда, бір палаталы Парламент – Құрылтайды енгізу, вице-президент институтын қалыптастыру мен болашақта жоғары консультативтік орган ретінде Қазақстан Халық кеңесін құру ұсынылады.
Әзірлеушілердің айтуынша, бұл өзгерістер азаматтардың құқықтарын қорғап, мемлекеттілікті нығайтып, елдің одан әрі дамуына бағытталған осы заманғы орнықты құқықтық негіз қалайды.