Алатау ауданында «Абай Әлемі»музыкалық-поэтикалық мерекелік кеші ұйымдастырылды, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Абай күні қарсаңында «Алатау» театрының алаңында, ашық аспан астындағы сахнада «Абай Әлемі» атты мерекелік кеш өттң. Кеш барысында Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы» қолдауымен түсірілген «Алғашқы кітап» атты деректі фильмінің алғашқы көрсетілімі болды.
- Деректі фильм жазбаша қазақ әдебиетінің жаңа белесі болған - 1909 жылы Петербор қаласында Ильяс Бораганский баспасынан жарық көрген Абайдың тұңғыш кітабының қилы тағдырын баян етеді. Абай шәкірттерінің, оның ішінде Кәкітайдың кітапты басып шығару жолындағы еңбегі көрсетіледі. Абай мұрасының маңызы дәріптеледі, - деді жазушы-журналист Қанат Тілеухан.
«Алғашқы кітап» атты деректі фильмінің қойылымынан соң, кеш Абай мұрасын насихаттауға бағытталған концерттік бағдарламаға ұласты. Абай күні қарсаңында ұлы ақынның әндері шырқалып, қара сөздері оқылды. Кейін «Almaty summer fest» фестивалі аясында дәл осы сахнада Мақпал Жүнісова, Жанар Дұғалова, Асхат Тарғын, Нұрлан Бердібаев, Серік Исахан, Ayarai, BirzhanDemeuuly, Nurtore, Magsoul, «Kesh you»,«6ellucci», «IL Canto» өнер көрсетті.

- Алматы қаласында Абай күні әрдайым ауқымды аталып өтеді. Бүгін концерттік бағдарлама мен мәдени маңызы бар іс-шара бір алаңда өтіп жатыр. Мұнда келген балалар, жастар тек ән тыңдап қана қоймай, Абай мұрасымен танысып жатыр, - деді кеш режиссері, “Алатау” театрының көркемдік жетекшісі Фархад Молдағали
Мерекелік кеш соңында алаңға жиналған жұрт ашық аспан астында Абай әндерін бірге шырқады.

Еске салайық, 10 тамыз сағат 08:30-да Абай алаңында қала әкімдігі өкілдерінің, қоғам қайраткерлері мен зиялы қауым өкілдерінің қатысуымен ақын ескерткішіне гүл қою рәсімі өтеді