Алматыда жол-құрылыс жұмыстарының маусымы басталды, оның барысында 224 көшеде жол жабынына орташа жөндеу жүргізу жоспарлануда. Жөнделетін жолдардың жалпы ұзындығы 200 км құрайды, деп хабарлайды Аlmaty-akshamy.kz.
Ағымдағы жылы "Қайрат", "Әлмерек", "Алғабас", "Ақжар" және "Шаңырақ-1" шағынаудандарында 70 км жаңа жол салу жоспарлануда. Бұл жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы қала жолдарының үлесін 86%-ға дейін жеткізуге мүмкіндік береді.
Бүгінде мердігер ұйымдар мен техникалық қадағалау анықталып, аудандық маңыздағы көшелерде жол жөндеу бойынша дайындық жұмыстары жүргізілуде. Аудандық маңызы бар 6 көшеде – Абай даңғылы, "Ақсай-2" шағынауданындағы Алданов, Ақтөбе, Семятов көшелеріндегі өтпелі жолдар, Айриха көшесі - жолдардың ұзындығы 5,9 км, бұларда жөндеу жұмыстары басталды. Қала әкімінің тапсырмасы бойынша әл-Фараби даңғылын жөндеудің орнына "Шаңырақ-1", "Ақбұлақ" және "Тастыбұлақ" шағынаудандарындағы көшелер жөнделетін болады.
ШААЖ, Саин, Рысқұлов, Райымбек, Сейфуллин даңғылдары және басқа да қаланың күретамырлары болып табылатын магистралды көшелерді жөндеу жұмыстары оқу жылы аяқталғаннан кейін басталады деп жоспарлануда. Жөндеу жұмыстарын ағымдағы жылдың 30 тамызына дейін аяқтау жоспарлануда.
Vision Zero тұжырымдамасына сәйкес орташа жөндеуді жүргізу аясында көлік пен жаяу жүргіншілер қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін көшелерде трапеция тәрізді жасанды кедергілерді, қауіпсіздік қақпақтарын, қауіпсіздік аралдарын орнату бойынша жұмыстар жүргізілетін болады.
Сонымен қатар, қаланың көше-жол желісінде ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жұмыстарға 12 бригада, арнайы техниканың 28 бірлігі, 96 қызметкер жұмылдырылды. Магистралды көшелер мен апатты учаскелерде жалпы ауданы 15 мың шаршы метрден астам шұңқырларды жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жөндеу барысында 257 люк көтеріліп, 421 метр жиек тегістелді.
Еске салсақ, Ерболат Досаевтың тапсырмасы бойынша қалада жол-құрылыс жұмыстарының сапасын бақылау күшейтілді. Алматы әкімі мердігер ұйымдарға жол инфрақұрылымының қызмет ету мерзімін ұзарту үшін жаңа технологиялар мен берік материалдарды қолдануды тапсырды. Жол активтері сапасының ұлттық орталығына магистральдық көшелердегі ғана емес, аудандық маңызы бар көшелердегі жұмыстарға да бақылауды күшейту тапсырылды.