Бүгін Алматының Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында вейп айналымына қарсы күрес шараларына арналған брифинг өтті. Спикер болып Алматы қаласы Полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасы басшысының орынбасары Айтан Жанаманұлы Елеусізов қатысты, деп хабарлайды aqshamnews.kz
Брифинг барысында шегілмейтін темекі өнімдерінің және электрондық тұтыну жүйелерінің (вейптердің) заңсыз айналымының жолын кесу үшін мемлекет қабылдаған негізгі қадамдар айтылды.
Елеусізов жаңа шаралар қабылдау халықтың, әсіресе жастардың денсаулығын темекі өнімдері мен электрондық темекіні тұтынудың жағымсыз салдарларынан қорғауда маңызды қадам болып табылатынын атап өтті. Ол полиция қызметкерлері вейптің заңсыз айналымына байланысты қылмыстарды анықтауда және тергеуде шешуші рөл атқаратынын және бұл үшін оларға арнайы білім мен дағдылар қажет екенін атап өтті.
“2024 жылдың 20 маусымынан бастап Алматыда вейптердің заңсыз айналымы фактілері бойынша 23 қылмыстық іс қозғалды, оның 4-уі сотта қаралып, шешімдер күшіне енді. Осы істер аясында вейпингке арналған 24 300-ден астам құрылғы тәркіленіп, жойылды", - деді Айтан Елеусізов.
Спикер вейп айналымына байланысты бұзушылықтардың құқықтық салдарын егжей-тегжейлі түсіндірді. Осы бұйымдарды сатқаны, таратқаны, әкелгені және өндіргені үшін елеулі айыппұлдар мен қылмыстық жауаптылық көзделген.
"Вейптерді сату және тарату 738 мың теңгеге дейін айыппұлмен немесе түзету жұмыстарымен жазаланады. Оларды өндіру мен әкелу 7,4 млн теңгеге дейін айыппұл салуға, түзеу жұмыстарына немесе екі жылға дейін бас бостандығынан айыруға әкеп соғуы мүмкін. Топтасып жасаған іс – әрекеттер немесе аса ірі табыс табу сияқты аса ауыр қылмыстарға 18,4 млн теңгеге дейін айыппұл салынады немесе мүлкі тәркіленіп, бес жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін", - деп түсіндірді Елеусізов.
Сондай-ақ, вейптердің қоғамдық қауіптілігі және олардың денсаулыққа әсері тақырыбы көтерілді. Темекі шегудің зиянсыщ баламасы деген пікір кең тараған. Дейтұрғанмен, спикер вейптердің өкпе мен жүректің ауыр ауруларын тудыруы мүмкін екенін және никотинге тәуелділікке ықпал ететінін атап өтті. Сонымен қатар, бір құрылғыны бірнеше мәрте қолдану гепатит және туберкулез сияқты инфекциялардың таралуына әкелуі мүмкін.
Брифинг соңында Елеусізов вейптердің заңсыз айналымына қарсы күрес полицияның қатаң бақылауында екенін және бұл жұмыс Алматы тұрғындарының денсаулығы мен қауіпсіздігін қорғау үшін жүйелі түрде жалғасатынын мәлімдеді.