Алматыда 18 мыңнан астам түлек ҰБТ-ға қатысады, – деп хабарлайды aqshamnews.kz тілшісі.
Алматыда негізгі Ұлттық бірыңғай тестілеу жалғасып жатыр. Биыл 18 960 түлек ҰБТ тапсыруды жоспарлап отыр, тестілеудің орташа нәтижесі қазірдің өзінде 73,5 балды құрады. Өңірлік коммуникациялар қызметінде ұлттық тестілеу орталығының Алматыдағы бөлімшесі мен Қалалық білім берудегі жаңа технологияның ғылыми-әдістемелік орталығының өкілдері осылай деді.
Биыл Алматыда 20 911 оқушы мектеп бітіреді. Олардың 56%-ы тестілеуді қазақ тілінде, 44%-ы орыс тілінде тапсырмақшы. Сонымен қатар, түлектердің шамамен 9,5%-ы ҰБТ-ға қатыспайды. Бұған шетелдік жоғары оқу орындарына, соның ішінде Германия, Чехия мен Түркияның университеттеріне түскені, колледждерге барғаны себеп болып отыр екен.
«ҰБТ білім сапасын бағалау мен мектеп оқушысын әрі қарай оқуға даярлаудың маңызды құралының бірі болып қала бермек. Түлектер қазір тестілеуге барынша жауапты қарайды. Бұл бағытта мектептер мен қаланың әдістемелік қызметтері үлкен жұмыс істеп жатыр. Тестілеуден өтетін оқушыларға барынша қолайлы жағдай жасауымыз керек», — дейді Ұлттық тестілеу орталығының Алматыдағы жетекшісі Жұмабике Сұлтанова.
Білім басқармасында ҰБТ-ға даярлық қалада бүкіл оқу жылы бойы жүйелі түрде жүргізілетінін айтады. Мектептер үшін әдістемелік сүйемелдеу, нәтижесін бақылау мене оқушыға қосымша кеңес беру де ұйымдастырылған.
Қаңтар, наурыз бен мамыр айында өткен тестілеу қорытындысы бойынша Алматыдағы 227 мектептің 177-сі 120 балдан жоғары нәтиже көрсетті. Сонымен қатар, 80-нен астам мектепте 130 бен одан жоғары балл жинағандар бар. Мамандардың айтуынша, жоғары балл жинағандардың саны артыпты.
«Жоғары нәтиже көрсеткен оқушылардың көбеюі мектептердегі дайындық жүйесінің тиімді құрылғанын көрсетеді. Ең бастысы, оқушылар тестілеудің әр кезеңінде тұрақты нәтиже көрсетіп жатыр. Маусым мен шілде айындағы көрсеткіштер бұдан да жоғары болады деп отырмыз. Бұл түлектердің ынтасы жоғары екенін, педагогтердің сапалы жұмыс істеп жатқанын білдіреді», — деп түсіндірді Алматы қалалық білім берудегі жаңа технологиялардың ғылыми-әдістемелік орталығы оқу бөлімінің жетекшісі Жазира Қырбаева.
10–16 мамыр аралығындағы ҰБТ-ның орташа көрсеткіші 73,5 балл болды. Білім беру ұйымдарының мәліметінше, тестілеу нәтижесі күшейтілген дайындық пен сынақты тұрақты талдаудың арқасында жақсарып келеді.
Мамандар сондай-ақ Алматы түлектері арасында қазақ тілінде білім алуға қызығушылық артқанын да атап өтті. Биыл да мемлекеттік тілде ҰБТ тапсыратындардың саны орыс тілін таңдағандардан көп болып шыққан.