Алматыда 12 мыңнан астам қыз жатыр мойны обырынан сақтанды

Алматыда 12 мыңнан астам қыз жатыр мойны обырынан сақтанды  Сурет: arainfo.kz

Қаңтар айында көп елде жатыр мойны обыры туралы ақпараттандырумен айналысады.

Алматыда да қазір бұл ауруды ерте анықтау мен алдын алуға бағытталған ақпараттық-түсіндіру жұмысы қолға алынып жатыр, - деп хабарлайды aqshamnews.kz.

Өңірлік коммуникациялар қызметінде Алматы онкологиялық орталығы директорының орынбасары Райхан Болатбекова осы жөнінде баяндады.

Оның айтуынша, жатыр мойны обыры әйелдер арасындағы ең көп тараған онкологиялық аурудың бірі болып қалып отыр. Дерттің дамуына негізгі себеп — жоғары онкогендік қауіп тобына жататын адам папилломасы вирусы (АПВ), ауырғандардың 97%-ы осымен байланысты. Дәрігердің айтуынша, жатыр мойны обыры бастапқыда байқалмауы мүмкін, сондықтан ПАП-тест пен АПВ-ға тестілеуден үнемі өтіп тұру керек екен.  

«Бұл көбіне бала көтеретін жастағы әйелдерде ұшырасады, аурудың шарықтау шегі 40–44 жас аралығы. Дегенмен оны ауыздықтауға болады. Дамыған елдерде алдын алуды қолға алып, ол осы аурудың ауыртпалығын екі еседен астам төмендетуге мүмкіндік берген», — деді Райхан Болатбекова.

Қазақстанда 30-дан 74 жасқа дейінгі әйелдерді қамтитын жатыр мойны обырын скринингтен өткізу жөніндегі Ұлттық бағдарлама жұмыс істейді. Бұл бағдарлама  ауруды ертерек анықтауға мүмкіндік беріп отыр.

Сонымен қатар елімізде адам папилломасы вирусына қарсы салынатын вакцинация бағдарламасы да бар. 2024 жылғы қыркүйектен бастап мектептерде ата-аналардың келісімімен жасөспірім қыздарға екі дозалы вакцинация (4 валентті «Гардасил» вакцинасы) салына бастады. 2025 жылғы қыркүйек пен желтоқсан айының аралығында Алматыда 12 мыңнан астам қыз бала егілді. Қолданылатын вакцина жатыр мойны обыры мен басқа да онкологиялық ауруларды тудыратын АПВ-ның ең қауіпті түрінен қорғайды.

«АПВ-ға қарсы вакцина жатыр мойны обырына түрткі болатын вирустың ең кең таралған типтеріне бағытталған. Сонымен қатар ол вульва, қынап, анальды өзек пен ауыз-жұтқыншақ аймағының онкологиялық ауруларының дамуына әкелуі мүмкін АПВ түрлерінен, сондай-ақ үшкір кондиломаларды тудыратын типтерден қорғайды. Вакцинация АПВ-мен байланысты аурудың алдын алуда тиімді болып шықты. Бірақ бұрын АПВ-ның бір немесе бірнеше түрін жұқтырғандарға вакцина тиімдіздеу болуы да мүмкін», - дейді дәрігер.

Зерттеулер көрсеткендей, вакцина салынғаннан кейін 10 жыл бойы оның иммуногендігі төмендемеген. АПВ-ға қарсы вакцина АҚШ-тың Азық-түлік пен дәрі-дәрмек сапасын бақылау басқармасынан (FDA) лицензия алып, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы оны қауіпсіз әрі тиімді деп тапқан.

Сөз соңында Райхан Болатбекова 31 қаңтар күні Алматы онкологиялық орталығында жатыр мойны патологиясының алдын алу мен ерте анықтауға арналған Ашық есік күні өтетінін хабарлады. Бұл күні онкогинеколог мамандардан кеңес алып, қажетті тексерістен өтуіңізге әбден болады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

14:01

13:50

13:40

13:16

13:04

12:56

12:42

12:39

12:06

11:49

11:41

11:37

11:31

11:25

11:11

11:06

10:49

10:38

10:28

10:23

10:14

10:11

08:48

20:13

17:56